Судья мінбері | Судебная система

Білім беру сапасын жаңа сатыға көтеру басты мақсатымыз!

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кеше халыққа арнап жолдаған Жолдауы еліміздің ертеңіне сеніммен қарауға жол ашып, халқымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға оң ықпалын тигізетіні байқалады. Әсіресе Жолдауда білім мен ғылым саласының айқын көрініс табуы, білімнің сапасын көтеруге қатысты нақты ұсыныстар айтылуы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстаздарының ойынан шықты. Өйткені мемлекеттің жарқын болашағы үшін мамандар даярлап жатқан университетіміз ел дамуы жолында жақсы кадрлар мен білім, ғылым саласындағы мәселелердің дер кезінде шешілуінің маңызы зор екенін айқын сезінеді.

Жаңа Президентіміздің жаңа Жолдауының Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың стратегиялық бағыттарының негізінде жалғасып отыруы еліміздің дамуы жолында атқарылып жатқан іс-шаралардың жүйелі жүзеге асып жатқанын байқатады. Жолдауда айтылып өткендей оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшу қажеттігі бүгінгі күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің негізгі ұстанған бағыты болып отыр. «Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек» деді мемлекет басшысы. Сондықтан еліміздегі маман дайындайтын іргелі оқу орны ретінде алдағы уақытта маман даярлау кезінде техника саласына мән беруді мақсат етіп отырмыз.

Айта кетер жайт маман даярлап қана қоймай, олардың жұмыспен дер кезінде қамтылуы да өзекті мәселе. Жолдауда бұл мәселені де ұмыт қалдырмаған Қасым-Жомарт Кемелұлы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд. теңгеге жеткізуді тапсырамын. Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын» деп атап өтті. Демек осынау жүйеленген жұмыстар негізінде еліміздегі білім беру ісінің жаңа бір сатыға көтерілетіні байқалады. Бұл үлкен жетістік. Өйткені шетелдік мамандардан бас тартып, өзіміздің мамандарымыз барлық салада негізгі тетікті өз қолдарына алған уақытта ғана еліміздің дамыған елдердің қатарында иық тірестіріп қатар тұруына мүмкіндік тумақ.

Еліміздегі алдыңғы оқу орындарының бірі саналатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сапалы маман даярлау мақсатында соңғы жылдары көптеген заманауи жаңалықтарға мән беріп, шетелдік оқу орындарымен тәжірибе алмасып, білім сапасын арттыруға көңіл бөлуде. Алдағы уақытта университетіміз осы бағытта әлі де болса жұмыс істеп, мемлекеттің ұстанымына сай қатар дами бермек!

Айтжанова Гульнара Досхожақызы, Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының доценті

 

Комментарий