Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Неге екені белгісіз: Мәжіліс депутаты отставкаға кету туралы өтініш берді

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Гүлнар Иксанова мерзімінен бұрын өкілеттігін тоқтатуға өтініш берді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының құжатында айтылған.

«Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты Гүлнар Мұстахымқызы Иксанованың орнынан түсуі туралы өтініш беруіне байланысты өкілеттігін тоқтатуға әкелетін негіз туындады деп белгіленсін. Г.М. Иксанованың парламент мәжілісі депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсынымы Қазақстан Республикасы парламентінің мәжілісіне енгізілсін», — делінген құжатта.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған Гүлнар Иксанова 1980 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономикалық факультетін бітіріп, саяси экономия кафедрасының ізденушісі болды.

1986 жылы аспирантураны бітіріп, сол кафедрада кандидаттық диссертациясын қорғады. Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бар.

Әр жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің, Қазақ ауыл шаруашылық институтының оқытушысы болды, «Қазақстан теледидар және радиосы» телерадиокешенінде, «ТАҢ» телекомпаниясында, «Хабар» агенттігінде қызмет етті.

2012 жылдың қаңтар айынан бастап бесінші сайланымдағы Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы.

2014 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы болып сайланды.

Сондай-ақ ол — Nur Otan партиясы cаяси кеңесінің мүшесі, ҚР президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі.

«Кұрмет», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған, БАҚ саласындағы ҚР президенті сыйлығының лауреаты.

Комментарий