ДетективЖаңалықтар | Новости

Алаяқтың ажалы

Көлігін құйындатып келіп дәл есіктің алдына тоқтатуды Есіркеп қашаннан дағдысына айналдырған. Көп қабатты үйдің алақандай ауласын темір тұлпарының сынақ алаңына айналдырған оған көршілері неше рет ескерту де жасады. «Әй, қалқам, бала емессің, шаға емессің, дап-дардай ақыл тоқтатқан жігіт басыңмен сонша қатты жүретінің не? Мына кішкентайларды қағып кетсең қайтесің» деген көршілер сөзін елең қылған Есіркеп жоқ. Жын қуғандай жүйткіп жүрген қалпы. Қайта ерегісе түскендей көліктен кердеңдей шығып, кекжие қарап, жұрттың жынына тигенді жақсы көретіндей. Жүйткіген автокөлікті көрісімен кішкентайларды шетке шығарып, жанталасып жататын үлкендерге менсінбей көз тастайтын жігіттің ешкімді тыңдауға да, ешкіммен сөйлесуге де құлқы жоқ. Қайтсін бұларды.
Аяқ астында қалған айғақ
Сол күні де Есіркеп баяғыша ағызып келіп ауланың дәл ортасына көлігін тежеді. Тоқтап жатып кеңседе біраз құжаттарын қалдырып кеткені есіне түсті. «Ешкім тиісе қоймас… Буманы кім аша қояр дейсің?» деп өзін-өзі жұбатқанымен, дегбірі кетіп, жүрегі атқақтай соқты. Мұндайы жоқ еді ғой. Соңғы кездері көңілшек болып бара жатқандай ма, қалай? Бұрын ешкімнің сөзіне мән бермейтін, қарғапсілеп қарсы алдында тұрған адамға да тіке қарап, өтірік айтудан тайсалмайтын. Қазір жұрттан қашқақтайды. Елдің назасының жібермейтінін енді түсініп келеді. Әсіресе, баласы мектепке барғалы бері алаңы көбейді. Бұған шамасы келмегендердің баласына қастандық жасамасына кім кепіл? Сондықтан, қауіпсіздік шараларын қолға алған дұрыс-ау. Осындай ойлармен үйіне беттеген Есіркеп темір тұлпардан түсіп үлгермеді. Қайдан сап ете қалғанын кім білсін, қара кепкалы жігіт пайда болды да, есіктен енді шықпақ болған Есіркепке қаратып бірнеше рет оқ атты. Мына тосын көріністі не ойынға, не шынға баларын білмей жұрт тосылып тұрғанда аяқ астынан сап ете қалған жігіт дәл сол елеусіз қалпында көзден ғайып болып үлгерді. Бәрінің жадында жатталып қалғаны бейтаныстың сарт еткізіп жол шетіне лақтырып кеткен тапаншасы ғана. Шағын аула у да шу. Жедел топ жетем дегенше айналадағы іздің бәрі тапталып, айғақтың бәрі аяқтың астында қалған еді. Полициядан бұрын келген дәрігерлер де мұндай істе шарасыз екендерін білдіріп, керекті қағаздарын толтырып, жөндеріне кетті. Жедел топтың олжасы көп болған жоқ. Дауыс тұншықтырғышы бар ИЖ 78 тапаншасынан басқа қылмыскердің жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін ештеңе табылмады. Осыншама сергек қимылдаған жаналғыштың тапаншада саусақ таңбаларын қалдырмайтыны тағы анық. Сонда да болса қаруды сараптамаға жөнелткен жедел топ куәгерлерден көмек күткен. Бірақ, сол күні аулада отырған көрші-қолаңның өзі бейтаныс жанның
бет-әлпетін толық сипаттап бере алмады. Бірі бойы ұзын, арық десе, екіншісі, бойы орташа, өзі толықтау секілді көрінді деп жатты. Ересек балалар ғана кешелі бері осы арада бір жас жігіттің айналсоқтап жүргенін байқаған болып шықты. «Жасы 25-27-лерде. Сары жігіт, көзі сығырайған. Бір қарағанда, кәріске ұқсайды. Бірақ, қазақ екені анық»,– деді жарысқан бозбалалар. Жастардың айтуымен қылмыскердің фотобейнесін жасаған із кесушілер істі жан-жақты зерттеу жүктелген тергеушіге қолдағы ақпараттың барлығын табыстаған болатын.
Болжам
Қылмыстық істі қолына алған тергеуші Барлық Жекенұлы ең алдымен айғақ зат тапаншаға қатысты сараптама нәтижесін күткен. Содан кейін куәгерлерді тағы да сөзге тартпақ болған ол қанша ізденсе де жедел топтың жинаған дерегінен артық ештеңе таба алмады. Жақын маңдағы бейнекамераларды тексергеннен де пайда жоқ. Көпшілігі камераны қойғаны болмаса, оны қосуға асықпаған. Қысқасы, бейнекамераның барлығы көзалдау, ұрыларды қорқыту үшін қойылған болып шықты. Сол күні аулада тұрған көлік иелері де сұраққа алынды. Жағдайдан хабардар болған бір азамат бейнекамерасын өзі әкеліп тапсырған. Өкінішке орай,
көлік шетте тұрғандықтан қылмыскердің бет-бейнесін бағамдау мүмкін емес. Бірақ, қырағы тергеуші кісі өлтірген адамның жас жігіт екенін, қимылы ширақ болғанымен, денесінде діріл барын байқап үлгерді. «Кәнігі қылмыскер болса көлікке жеткенше қаруын көрсетпес еді. Мына баланың бұрылыстан бастап қаруын
жарқыратып қолға ұстауы тәжірибесінің аздығынан хабар берсе керек. Әлде қателесіп тұрмын ба?» деп ойлады іштей. Марқұмның әйелі де мандытып ештеңе айтпады. Қолы-басы алтын әшекейге малынған келіншектің кекештеніп, ойын жинақтай алмауы да оғаш көрінді. Жақынынан айырылған соң осылай етіп отыр ма дейін десең, есік ашылған сайын үрке қарайтыны күдікті қоюлата түседі. Әлде бұларды қорқытқан, бопсалаған біреу бар ма? Осы сұрақты қойғанда әйел көзін жыпылықтатып басын қайта-қайта шайқай
берді. «Өтірік айтып тұр, бір шикілік бар мұнда» деді тергеуші ішінен. Сыртқа жиналғанда ғана онымен бірге орнынан тұрған келіншек Есіркептің өз кәсібін бастау үшін құжат дайындап жүгіріп жүргенін, бизнес орталықтарының бірінен кеңсе ашқанын мәлімдеді. Кеңсе қала ортасындағы базардың жанында екен. Өз ісін бастағаны жақсы, әрине. Мүмкін осы жерде біреудің аяғын басып кетіп, өзіне өлім тілеп алды ма екен?
Есікке жақындаған тергеушіні келіншектің тарғылдана шыққан дауысы тоқтатты.
– Бізге ешкім тиіспей ме? Балам екеумізді күзетуге болмай ма? – деді белгісіз жаудан қорыққан әйел. Бұл не десін. Тілі жеткенше үрейді сейілтуге тырысты. Жанына көмекшісін ертіп бизнес орталығына барғанда жұмыс қызып жатыр екен. Тоғыз қабатты ғимараттан Есіркеп жалдаған бөлмені табу қиындық туғызған жоқ. Есігін ашқызып бөлмені жіті қараған тергеуші күдік тудырарлық ештеңе таппады. Керегеге ілінген жарнамалар Тәуекеловтің туризм саласы арқылы табыс табуға тәуекел еткенін айғақтайды. Тартпада құжаттары, мөрі тұр. Туристік саланың мол қаражат көзі екені рас. Сондықтан, бәсеке, бақталастық үлкен. Есіркептің жаңа қызығушылығы біреулерге ұнамауы да мүмкін. Өз ойымен арпалысқан Барлық Жекенұлы бөлменің есігін кілттеп жатқанда қарсы бөлмедегі сылқым келіншек алдын кес-кестеген.
– Кеше Есекең мына бір бумасын ұмытып кетіпті. Мен бір аптаға іссапарға кетіп бара жатыр едім. Қажетті қағаздарын іздеп қала ма деп телефонына кешелі бері хабарласып жатырмын. Әлі сөндірулі тұр. Сіз табыстай аласыз ба? Сенуге бола ма сізге? – деп еркелей үн қатты. Мына әйел тілсізге тіл, жансызға жан бітіреді-ау. Қалтасынан куәлігін көрсеткенде бағанадан жайраңдап тұрған келіншек бірден өзгеріп шыға келді. – Қорқытып жібердіңіз ғой. Мен сізді Есекеңнің танысы ма десем. Полицияға кез келген кеңсеге кіруге
рұқсат беріле ме?, – деді сонда да сескеніп қалғанын жуып-шаймақ болып. Бөлмеге қайта кірген Барлық Жекенұлы қалың буманы ашып қараған. Мына жарнамаға қарағанда Есіркеп тек саяхатшыларға ел-жерді көрсетуді мақсат етпеген. «Шетелден айлығы жоғары жұмыс!!! Дамыған елдерден жайлы баспана алуға көмектесемін! Шетелде грантпен оқығыңыз келе ме?» деген сыңайдағы шақыртулар бұл жігітке қатысты күмәнді көбейтіп жіберді.
Бұл не деген батпан құйрық?
Сонымен көпшіліктің көз алдында кісі қолынан қаза тапқан Есіркеп Тәуекелов кім? Оған қатысты құжаттарды алдырған тергеуші бұл жігіттің қолы таза еместігін білді. Бұрын екі рет алаяқтығы үшін сотты болған Есіркептің талай адамның көз жасына қалып, адалдықтың ақ жібін әлдеқашан аттағаны белгілі болып тұр.
Бір баласы бар жігіт әйелімен заңды түрде ажырасқан. Құжат бойынша солай. Ал шын мәнінде ерлі-зайыптылар ешқашан айырылыспаған. Мұны марқұмның туыстары да ағынан жарылып айтып берді. Тәуекелов түзеу мекемесіне түскен кезде болмаса, басқа кездің бәрінде келіншегімен бірге. Оқиға болған аудандағы үш бөлмелі пәтер де осы отбасыға тиесілі. Тек құжат бойынша Есіркептің басында құны татырлық бір дүние жоқ. «Жоғары білімді заңгер ғой. Әрі адамның сеніміне кіру жағынан да алдына жан салмайды. Екі ретте де елге жер әперем, үй әперем деп сан соқтырып кетіп, істі болды. Сотталды, бірақ, жеке
басында ештеңесі жоқ болған соң дүниемүлкі өзінде. Тәртібін ескере ме, әйтеуір, бостандыққа шығуы тез. Сенсеңіз, осы күнге дейін мұның мұрын қанатып жұмыс істегенін көрмеппін. Басқаны былай қойғанда туған-туыстардың бәрін тақырға отырғызған бәле ғой. Қастасқан біреу жазасын берген болар»,– деген учаскелік инспектордың сөзіне қарағанда Есіркеп осы уақытқа дейін талайды қапы қалдырған. Сол күні Есіркептің әйелі мен ата-анасының басындағы мүліктерді анықтаған тергеуші тіпті таңғалды. Шынында да, ешқандай жұмыс істемегенімен, Оспанова Хадиша мен Есіркептің зейнет жасындағы ата-анасының әрқайсысының басында екі үйден, бір жер телімінен тіркеліпті. Келіншектің басында жап-жаңа екі шетелдік көлік те бар болып шықты.
Бұл не деген батпақ құйрық? Шикіліктің сырын жан-жақтан іздеген тергеуші әуелі Оспанова Хадишаны
әңгімеге тартқан. – Иә, сіздің күманданатын жөніңіз бар. Мен күйеуіме неше рет осы былғаныш істен өзіңді аулақ сал деп айттым. Өйткені, жылап-сықтап келетіндер де, ақшамды қайтар деп қорқытып, бопсалайтындар да есігімізді тоздырып болған. Баламның қауіпсіздігіне алаңдап қанша өтінсем де күйеуім алған бетінен қайтпады. Әйтеуір, бар тапқан айламыз, екі-үш ай сайын үй ауыстыратын едік, – деді жыларман болған келіншек. – Түрмеден шығып келгеніне төрт ай болып қалды. Баламыз Алаш биыл мектепке бармақшы. Соны есіне салып өмірімізді өзгертуге ниет қылдық, басқа қалаға көшпекші де болдық. Күйеуімнің өзгергенін көріп қатты қуандым. Сөйтсем ол тағы бір арам істің жоспарын сызып жүріпті. Бұрынғы сыбайластарымен сөз байласып, енді шетелге жұмысқа, оқуға барамын дегендерден ақша табуды ойластырыпты. Бірақ, әзірге торына біреу-міреу түсті деп ойламаймын. Өйткені, мұның бостандыққа шығуын күтіп жүрген жәбірленушілер бұл үйді де тауып келіп, Есіркептің алқымынан ала бастаған, – деген Хадиша ауыр күрсінді.
– Бұрын да іздеп келуші ме еді?
– Әрине.
– Не дейді сонда?
– Есіркеп екі рет түрмеге қамалғанымен, жазасын соңына дейін өтеген емес. Түрмеде өзін жақсы жағынан көрсеткен соң ертерек босап бостандыққа шығып отырды. Бірақ, елден алған ақшасын қайтаруға асықпады. Тіпті, қайтаратын ойы да жоқ еді. «Аңқау байғұстар. Арзан дүние десе жақынын ұмытады. Тегін ірімшіктің қақпанда ғана болатынын білмейді бұлар» деп мысқылдап күлетін.
– Сіз не істейтін едіңіз? Обал-сауаптың барын айтпадыңыз ба күйеуіңізге?
– Айттым. Айтудан кенде болғам жоқ. Тіпті, баламды алып кетіп те қалғым келді. Өйткені, ол үнемі сыртта жүреді. Ал, жәбірленушілердің қарғысын мен еститінмін. Ақшасынан айырылып, алданып қалғандар маған қоқан-лоққы жасап кететін. Осыны айтсам, Есіркеп мені жұбатып, өзінің ақ екенін айтып, алдарқататын. Қатты ашуланған кездерімде қымбат әшекей алып беріп, менің әлсіз тұсымды тиімді пайдаланатын. Мен не істей аламын? Баламның болашағын ойлап үнсіз тынғаннан басқа қолымнан не келер дейсіз?
– Өзіңіз қайда жұмыс істейсіз?
– Тұрмысқа шыққанға дейін тігінші болдым. Есіркеппен бас қосқалы жұмыс істеген емеспін.
– Түсінікті.., тергеушінің сынай қараған жүзінен жасқанды ма, келіншек қорсылдап жылай бастады.
– Мен ол баланың әрекетін бұрыс демеймін.
– Қай баланың?
– Есіркепті атқан баланы айтам…
Тергеуші де, онымен ілесіп келген көмекшісі де тына қалды. Сонда мына әйел күйеуін кімнің өлтіргенін біледі ме?
Кінәлі кім?
– Шынында да күйеуіңізді атқан адамды білесіз бе?
– Нақты көзім жетпегенмен, сол екені анық!
– Сонда кім? – деген тергеуші әйел ойланып қалардай сұрақты бастырмалатып жіберді.
– Сіздердің жасаған фотобейнені көрдім. Ол жігітті де түсінемін. Есіркеп жеті баласымен жесір қалған егде әйелге арзан үй әперемін деп 50 мың доллар сұраған. Тіпті, сендіру үшін әке-шешесі тұрып жатқан үлкен үйге апарып, аралатып көрсеткен. Екі қабатты еңселі үйді арзан бағаға алу кімнің де болса арманы емес пе? Ескі үйлерін сатқаннан түскен 40 мың долларды аялап ұстаған отбасы қалған 10 мыңды табуға барын салады.
Сөйтіп, үйдегі үш адам банктен несие алып, жетпеген соманы толтырады. Ал, 50 мың қолына тигенше құрақ ұшқан Есіркеп көздегеніне жеткен соң бізді алып Астанаға кетіп қалды. Сол жақта үйіміз сатылғанша тұрып, жаңа баспана сатып алынған соң оралдық. Бірақ, арзан үй аламын деп тұтылған алты адамның арызымен күйеуім бәрібір істі болды.
– Ал, сіз айтқан жігіт Есіркепті қалай тапқан?
– Ол жағын білмедім. Алғашында анасымен келіп, ақшаны қайтаруымызды сұрады. Бес жылдан бері пәтерде
тұрғандары аздай, несие төлеп жатыр екен. Шиеттей баламен жесір қалған әйел күйіктен қамығып жүріп денсаулығын да әлсіретіп алған. Одан кейін де үйге бірнеше рет келді. Есіркептің өзіне де ескертті. Бірақ, жазасыздық есіртеді екен. Күйеуім құлақ аспады. Сіздер іздеген бала сол кісінің үлкені, – деген әйел тұншығып жылап жіберді.
Есіркепке қатысты қозғалған істі парақтаған тергеуші шынында да соңғы жәбірленушілер легінен Хадиша айтқан егде әйелдің арызын кездестірді. Қинаятова Зәмза несие алып тұрып 50 мың долларды алаяқтың қолына санап бергенін, нотариус куаландырған қолхаты да бар екенін, бірақ, жеті баласын жетектеген оған алаяқтың сотталғанынан гөрі, ақшасының қайтқаны артық екенін тізбектеп жазыпты. Сол күні Қинаятованың тұрып жатқан үйіне барған тергеуші өзі іздеген әйелдің осыдан үш ай бұрын жүрек талмасынан қайтыс болғанын білді. Ал, тергеушінің келгенін көрген Сартай қашпады, жалтармады. «Ең бастысы, мен қоғамды бір азғыннан тазаладым»,– деді тістенген ол. Жас Сартай кегінің қайтқанына риза шығар. Бірақ, анасынан айырылып, мұны пана тұтқан алты бауырының жағдайын кім ойламақ? Осының бәрін салмақтаған сот Сартайды 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Енді жігіттің өз ісін саралауына уақыты жеткілікті.
Нұрлан ШЫНТАЕВ

Комментарий

Бөлісу | Поделится