Елең еткізер | АктуальноҚоғам | ОбществоҚұқық | Право

Алматыда адамдарды қойша қақты: Зиян шеккендердің бірі — жазылмайтын ауруға шалдыққан жетім

Алматы қаласында қойша қаққан көліктен зиян шеккендердің бірінің әжесі оқиғаның мән-жайын айтып берді. Сондай-ақ, оның зиян шеккен немересі Стастың мүгедек екені белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

«Біздің үш баланың бұл оқиғаға еш қатысы болмаған. Екі адам дүкенге кіріп кеткен. Оларды сыртта менің жиенім мен немерем күтіп тұрған. Осы кезде дәмханадан бір топ адам шығып біздікілерге тап берген. Менің немеремнің «Жігіттер, тоқтаңдар. Біздің еш қатысымыз жоқ» деп айқайлаған видеосы бар. Кейін дүкенге кірген балалар шыққан. Олар ешкімді тыңдамай, бірден төбелеске кіріп кетеді. Бірінші менің немеремді ұрған. Кейін жанында тұрған адам Еркінді ұрып жібереді. Жігіттер оларды ұрып жатыр, олар не істеуі керек? Қарап тұрмай төбелесіп кеткен. Тіпті, Еркіннің басын домкратпен бір қойып қалған», – деді Надежда Владимирқызы.

Ол, сондай-ақ, тиген соққы мен көлікпен қағып өткеннен кейін Еркіннің басы қатты жарылғанын айтты. Дәрігерлер басына 28 тігіс салған екен.

«Жігіттер төртеуі көшеге шыққан. Себебі, әлгі бір топ жігіттің ішінде екеуі көлігіне қарай жүгірген. Ақ және қара көліктері сол жерде тұрған. Біздікілерді асқан жылдамдықпен мыжып өткен. Басында Еркіннің бір өзін, жиенімді, сосын үшінші болып менің немеремді қаққан. Тағы да осылай жасағысы келсе керек. Куәгерлер болды. Олар мұның барлығын түсіріп алған. Енді осы видеоларды желіде бөлісіп жатыр.

Надежда Владимирқызының айтуынша, барлық үш жігіттің жағдайы ауыр.

«Немерем – бұрыннан ауру, мүгедек, Бектерев ауруына шалдыққан. Бұл жазылмайтын ауру, ал алған жарақаттары ауруын одан бетер асқындырып жіберді. Ол төсектен тұра алмай жатыр, арқасы қатты ауырады», – деді зиян шеккеннің әжесі.

Жиенінің қолы сынып, өкше сүйегі шашылып кеткен. Ал Еркіннің бас жарақаты ауыр. Сондай-ақ, Надежда Владимирқызы немересінің бала күнінде ата-анасынан айырылып, жетім қалғанын айтты.

Еске салсақ, 26 тамыз күні Алматыда көлікті қару ретінде пайдаланған төбелес болды. Оқыс оқиға Бостандық ауданындағы Гагарин-Дружба көшелерінің қиылысында таңғы сағат бес шамасында орын алғаны хабарланған болатын.

Ал күдіктілердің анасы оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтып берді. Ол сол түні ұлдарының туысының туған күнін атап өткенін айтты. Жігіттер дәмханадан шыққан кезде, оларға 13 адам тап берген, дейді.

Мұнан кейін көліктің астында жаншылып, зардап шеккен ер адам да сол түні не болғанын баяндады. Ол төбелесті қарсыластарының бастағанын, өздерін біреулермен шатастырған болуы мүмкін екенін айтты.

Комментарий