Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Түймеге де мектептің атауын жаздырады: Мектеп формасын бір ғана фирмаға тіктіру жасырын бизнес көзі ме?

Талдықорғанда ата-аналар қаладағы бірнеше мектеп формасын тек белгілі бір фирмаға тіктіретінін айтуда. Бұл нағыз сапаға деген сұраныс па, әлде жасырын бизнес көзі ме, ол жағы белгісіз. Бұл жағын құзырлы орган анықтасын. Белгілісі, ата-аналар киімдердің қымбат екенін айтып шағымданып жатыр. Тіпті тапсырыс берген мектеп формалары әлі толық келмеген. Ең сорақысы, ата-аналар балалары үшін ұрлыққа да барып жүр екен.

Арнайы мектеп формасына тапсырыс берген мектептер, тіпті, түйменің өзіне мектептің атауын жазып қойған. Сәйкесінше, мұндай пиджактардың құны қымбат болады. Мәселен, жай пиджактың құны 11 мың теңге болса, мектептің атауы түймеге жазылған пиджактың құны – 13-15 мың теңгенің аралығында.

Фирма өкілінің айтуынша, ата-аналар пиджактың түймесін ұрлайтын болған. Бұл бірінші жағдай емес, дейді ол. Ұрланған түйме Талдықорғандағы №28 IT-мектептің тапсырысы бойынша жасалған. 1200 орынға есептелген мектеп биыл толықтай осы фирманың киіміне тапсырыс берген. Мектептің тапсырысы бойынша тігілген белдемшелердің бағасы 7 мың теңгеден басталады.

«Тек форманың өзіне шамамен 30 мың теңге кетеді», — дейді Талдықорған қаласының тұрығын Альмира Құмарова.

«Тек бағасы көңіл көншітпейді. Оны мен ғана емес, бәрі айтып жатыр. Бағасына бәрі наразы», — дейді ата-ана Ольга Көпжасарова.

Ал киім тігетін компания өкілінің сөзінше, әр мектеп өз еркімен тапсырыс беріп жатқан көрінеді.

«Бізден 5-10 мектеп киініп жатыр. «Дәл бізден алыңыздар» деген тәрізді заңсыз әрекеттер жасалмайды», — дейді компания өкілі Альфия Албакова.

Ал Талдықорған қаласының білім бөлімі мектептердің киім формасын қойып, түйменің өзіне мектептің атауын жаздырып жатқанын естіп, мұндай жағдайға жол бермейтіндерін айтты.

«Менің ойымша, түймеге, сондай ұсақ-түйекке мектептің атауын жаздырып, ата-аналарды ондай шығынға батыруға болмайды. Жағдайды түсіну керек. Бұл туралы директорларға ескертілді. Бәрі біледі. Тек форма, эмблема, галстукқа атауын жаздыруға болады», — дейді қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Сәулеш Бақтыбаева.

Білім бөліміндегілер мектеп бойынша таңдалған формалар ата-аналар комитетінің рұқсатымен бекітіліп, шешілгенін айтып отыр. Сондықтан әр ата-ана қалтасы көтермесе де арнайы тігілген киімді алуға міндетті. Себебі ол мектеп формасы болып табылады.

Комментарий