Елең еткізер | АктуальноҚоғам | ОбществоҚұқық | Право

Ғалымдар: Бір-бірімен отасқан туысқандардың бала сүю көрсеткіші жоғары болады

«Туысқандардың бір-бірімен отасқандарында еш сөкеттік жоқ. Керісінше, мұндай жұптардың бала сүю көрсеткіші жоғары  болады». Арнайы зерттеу жүргізген исландиялық ғалымдар осындай шешімге келіпті. Алайда жеті атадан аспайынша қыз алысып, қыз беріспейтін біздің мамандар шетелдіктердің мұндай уәжі мүлдем шындыққа жанаспайды дейді. Отандық этнографтар да мұның соңы жақсылыққа апармайтынын айтып, дабыл қағып отыр.

Дүйім жұрттың жағасын ұстатқан зерттеу осы.  Ет жақынымен отасқан 160 мың жұпты зерттеген исландиялық ғалымдар олардың басқаларға қарағанда бала сүю көрсеткіші жоғары  екендігін анықтаған. Сорақысы, “жеті атадан” аспайынша қыз алысып, қыз беріспейтін қазақ қоғамында да мұндай некелер ара-тұра кездесіп жатыр, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

Бейресми дерекке сүйенсек, жылына бір-біріне туыс болып келетін жүздеген жұп шаңырақ көтереді екен. Сорақысы, бұл цифр  бұдан да көп болуы бек мүмкін.  Бұл ретте этнографтар жеті атадан қыз алыспаған қазақ үшін мұның соңы жақсылыққа апарпайтынын, сондықтан тез арада шара қолдану керектігін ескертіп отыр.

«18 ғасырда жеті атаны бұзып, 4-5 атадан үйленгендерді қатты жазалап отырған. Соның бірі –Шәкәрім жырлаған Қалқаман-Мамыр оқиғасы. Негізгі бірлік саяси-экономикалық, қауымдық бірлік, сол жеті атаға дейін қыз алыспауда қалыптасады. Егер өз ішінде қыз алыса бастаса, жаңағы бірлік ыдырап кетеді. Яғни қоғамның ұяшығы жұмыс істемей қалады», – дейді этнограф Жамбыл Артықбаев.

Өкініштісі, жалған  махаббатқа мастанып, шалыс басып, жақынынан бала көтеріп жатқандар да баршылық. Дәрігерлер  осындай отбасыда туған балалардың тек 20 пайызының ғана өмірін сақтап қала аламыз дейді. Оның өзінде  дүниеге дені сау ұрпақтың келуі екіталай екен.

«Егер туған-туыс үйленетін болса, ауру бала туатынына қауіп-қатер өте жоғары. Балалар мутацияға ұшырауы мүмкін. Өйткені туған-туысқандар үйленіп жатыр ғой. Гендер жаңарып тұруы керек. Неге туыстардың үйленуіне жол бермейді? Өйткені басқа руға тисе, қыздың гендері жаңарады. Ал егер жаңарту болмаса, гендік мутация қауіп-қатері өте жоғары болады», – дейді акушер-гинеколог Ақмарал Сәрсенбеевна.

Мұндай статистиканың көбеюіне не түрткі өзі? Мамандар оның барлығы жастардың  арғы тегін білмеуінен туындауда дейді.

Қазақ жеті атадан аспайы қыз алыспай, әлем жұртын тектілігімен таңғалдырып келе жатқан жалғыз халық. Қалған елдерде оған мүлдем қарамайды, үйленгенде арғы тегін сұрамайды. Алысқа бармай, көршіміз Өзбекстанды мысалға келтірейік. Оларда туысқанымен отау құрғандар көп, тіпті жылдан-жылға артып келеді. Ал мұндайға шариғатта не делінген?

«Өзінің анасына, қарындасына, қайын енесіне, нағашы жағына, әкесі жағынан әпкелеріне және аға-әпкелерінің бауырларына  үйленуге болмайды дейді. Немесе бала кезден бір ананы емген балаларға үйленуге болмайды. Демек, қалған аты аталмаған адамдарға үйленуге болады», – дейді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов.

Қалай болғанда да, бұрын бір-біріне туысқан екі жас үйленеміз деп айтып қалса болғаны, үлкендер теріс батасын беріп, елден қуған, тіпті өлім жазасына дейін кескен. Ал қазір керісінше бір топ қоғам белсендісі оларға заң жүзінде рұқсат беру керек деген бастама көтеруде. Ал отандық дәрігерлер исландиялық ғалымдардың зерттеуімен еш келіспейді. Ондағы уәждер мүлдем шындыққа жанаспайды деп отыр.

Комментарий