Халықтың әл-әуқаты баспанаға тәуелді болса да, оның тапшылығы таяу мерзімде жойылатын түрі байқалмайды. Бұған әртүрлі фактор әсер етуде. Соның бірі – қыруар қаржы шығындап салынған тұрғын үй сапасының төмендігі. Өкінішке қарай, елімізде осының салдарынан бұзылып жатқан үйлер бар. Тұрғын үйдің зәрулігіне қатысты осы және өзге де мәселелер өткен аптада Парламент Сенатында өткен Үкімет сағатында көтерілді.
Жалпы, тұрғын үй құрылысы – халықтың тұрғын үйге ғана емес, жұмыс орындарына да қажеттіліктерін қамтамасыз ете отырып, экономикалық өсу мен іскерлік белсенділікті ынталандыратыны белгілі. Сондықтан құрылыс саласының өсу қарқынын сақтау ұлттық экономиканың дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей ықпал етеді. Қазақстанда жалпы ішкі өнімдегі құрылыстың үлесі 6 пайыздан сәл асады. Сонымен бірге БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының мәліметі бойынша 2010 жылы бізде бұл көрсеткіш 8 пайыз деңгейінде ғана болған. Әзірбайжан мен Армения сияқты ТМД елдерінен, сондай-ақ, Балтық жағалауы елдері – Литва мен Эстониядан да артта қалыппыз. Жалпы, еліміздің құрылыс секторында 637 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл ел экономикасының нақты секторындағы жұмыспен қамтылғандардың шамамен 17,5 пайызы. Десе де, тұрғын үй құрылысына 2021 жылы 2,4 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік беріпті, бұл 2020 жылғы деңгейден 19,1 пайызға артық. Бірақ бұл көріп отырғанымыздай тұрғын үй құрылысы саласын тежейтін жүйелі мәселелер мен кедергілерді жоюға қауқарсыз. Бұл сала табыс әкеліп, баспанаға қолжетімділікті арттыруы үшін кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуы керек. Жиында бұған сенатор Серік Шайдаров кеңінен тоқталған еді. Серік Жаманқұлұлының айтуынша, жалпы құрылыс сапасы төмен. Ал, бұл мәселені уәкілетті орган цифрландыру арқылы шешуге тырысуда. Бірақ «Е-Құрылыс» сияқты ақпараттық жүйелер тек бұзушылықтарды тіркейді, ақауларды азайтуға және оларды жоюға, сондай-ақ, салынған объектілердің сапасын жақсартуға ықпал етпейді. Мысалы Алматы қаласының Зерделі шағын ауданында сапасыз құрылысқа байланысты қазіргі уақытта халықтың әлеуметтік осал топтарының ішінен 108 адамға арналған екі апатты үй бұзылып жатыр. Оған құрылысқа жұмсалғаннан екі еседен астам қаражат, 1,4 млрд теңге бөлініпті. Мұндай жағдайға жол бермес үшін, үкімет инженерлік персоналды сертификаттау және жобалау кезеңінен бастап, құрылыс аяқталғанға дейін құрылыс компанияларын аккредиттеу арқылы құрылыста бақылау жүйесін жетілдіру керек. Екіншіден, құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алу тетігі жетілмеген. Бүгінгі таңда, бір компания елдің әртүрлі аймақтарындағы бірнеше конкурстардың жеңімпазы ретінде анықталуы мүмкін.
Бұл жағдайда жұмыстың көп бөлігі кейіннен қосалқы мердігерлікке, кейде көп сатылы қосалқы мердігерлікке беріледі. Осындай тәжірибе мердігерлердің келісімшарттық міндеттемелерін орындамауына, құрылыс сапасының төмендеуіне, сондай-ақ, бір қосалқы мердігерден екіншісіне бағаның өсуіне әкеледі. Осыған байланысты, объектілер консервацияланады, ішінара талданады және оларды аяқтауға немесе қалпына келтіруге қосымша қаражат талап етеді. Сондықтан, Үкімет адами факторды барынша жойып, мемлекеттік сатып алу порталында материалдық-техникалық және еңбек ресурстарын ескере отырып, бір компанияның конкурстарына қатысуға және жеңуге автоматтандырылған лимиттерді белгілеу арқылы цифрландыруды тереңдетуі қажет. Үшіншіден, құрылыс салу ісі қымбаттап барады. Есеп комитетінің мәліметінше, құрылыс материалдары құрылыс нысандарының сметасында тұрғын үй құнының 65 пайызына тең. Сондықтан нарықтағы кез келген ауытқу, жеке құрылыс индустриясының дамуы құрылыс құнына ғана емес, жалпы тұрғын үй құрылысының қарқынына да тікелей әсер етеді. «Қазиндустрия» АҚ-ның деректері бойынша елдің құрылыс материалдарын өндіру саласының құрылымы айқын шикізат бағытына ие. Қазақстанда жоғары дәрежелі қайта өңдеу өнімдерін өндіретін кәсіпорындар жеткіліксіз. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 18 негізгі құрылыс материалдары бойынша импорттың үлесі 50 пайыздан асады. Ал негізінде Қазақстанда өндірістік қуаттылығы мен жергілікті шикізаты бар өнімдерді «орташа қайта бөлу» импортын алмастыру бойынша әлеует бар. Сондықтан уәкілетті мемлекеттік органның алдында құрылыс материалдарын өндіруді үдемелі дамыту міндеті тұр. Тұрғын үйге мұқтаж халықтың әлеуметтік осал топтарын айқындау жөніндегі тәсілдерді қайта қарау қажет. Себебі, жақында ғана «толық емес отбасыларды» «Бақытты отбасы» бағдарламасынан шығару мәселесі көтерілді. Мұндай шешім бірнеше себептерге байланысты қабылданды. Олардың ішіндегі ең бастысы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің пікірінше, мемлекеттен қолдау алу мақсатында 2019–2020 жылдары жалған ажырасулардың екі есе ұлғаюы. Мүмкін, бұл жерде шындық бар шығар. Алайда, бүгінде 148 мыңнан астам толық емес отбасы баспанаға мұқтаж екені ескерілу керек, оның 60 пайызы күнкөріс деңгейінен төмен табысы барлар екені ұмытылмауы тиіс. Мұндай отбасылардың көпшілігі үшін жылдық 5 пайыз несиелік тұрғын үй алу өте ауыр болады. Сондықтан, уәкілетті мемлекеттік органдар осы мәселені жан-жақты зерделеп, нақты мұқтаж толық емес отбасылар үшін жылдық 2 пайызбен – кредиттік тұрғын үй алу тетігін, соның ішінде халықтың осы санатын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы бағдарламаларға өзгерістер енгізу керек. Ауылдық жерлерде тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалардың болмауы да өзекті мәселенің бірі. Ауылдық жерлердің бір тұрғынына жалпы ауданы 19,8 м2 болатын тұрғын үй жайлары келеді. Ал қалалықта бұл көрсеткіш 25,5 м2, яғни 1,3 есе көп. Бұл ретте мұндай алшақтық тек ұлғаятын болады. Өйткені, бүгінде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалық құжаттарда ауылдық жерлерде тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі бағыттар жоқ. Сол секілді бос жер учаскелерінің тапшылығы да баспана тапшылығының бір себебі. Миллиондық қалалар қажетті инфрақұрылым, инженерлік және коммуналдық қызметтер үшін қажет бос жер учаскелерінің сарқылу проблемасына тап болуы мүмкін. Мұндай мәселе бүгінде Алматы қаласына тән, онда тұрғын үйдің көп салынуына орай мектептер, балабақшалар мен емханалар құрылысының қарқыны 3 есе артта қалып отыр. Осындай жағдай елордада да қалыптасқан. Бас қалада әлеуметтік нысандардың жетіспеуіне байланысты ағымдағы оқу жылының басында мектептердің бірінде 18 бірінші сынып тобы қабылданды. Ал, Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков ипотекалық бағдарламалардың қолжетімсіздігін орынды сынады. Расында бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың болуына қарамастан, тұрғындардың өз баспаналарын сатып алуға шамасы келмейді. Өйткені, банктердің сыйақы мөлшерлемесі жоғары. Мәселен, «Отбасы банкі» АҚ-да жылдық 3,5-7 пайыздан 19 пайызға дейін, тіпті одан да артық. Еуропадағы ипотекалық бағдарламалар үй шаруашылықтарына халықтың орташа табысының есебімен несие береді. Мәселен, мұндай қарыздардың өсімақысы АҚШ-та – 3,6 пайыз, Австралияда – 4,9 пайыз. Ал, біздегі ең танымал «7-20-25» бағдарламасының да шарттары баспанаға мұқтаж жандарға қолайсыз болып отыр. Бұл бағдарлама тұрғын үй құнының төменгі шегіне және тек бастапқы нарыққа бағытталады. Онымен қайталама нарықта баспанаға қол жеткізу мүмкін емес. Бұл таңдауды айтарлықтай шектейді. Өзге де сөз алған сенаторлар саланың өзекті мәселелерін көтерді. Олардың ортаға салған пікірлерінен түйгеніміз, үкімет, құрылыс көлемін ұлғайту қажет. Бұл ретте мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен мақсаттылығын арттыру ерекше маңызға ие. Сонымен қатар, құрылыс материалдарының импортын қысқарту қажет.
Бұл үшін отандық құрылыс өнімдерін өндіру нарығын дамытуға күш салынғаны жөн. Әсіресе, геосаяси тұрақсыздықтың күшеюі және сауданың дәстүрлі логистикалық тізбектерінің бұзылуы ерекше назарда болу керек. Ескірген тұрғын үй қоры да мәселенің бір парасы. Өйткені, бүгінде үйлердің 31 пайызы 1970 жылға дейін салынып, пайдалану мерзімі 50 жылдан асқан үйлер. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, барлық өңірлерде әлеуметтік несие және жалға берілетін тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдалану мүмкіндігін бағалау да өткір тұр. «Әлеуметтік тұрғын үй» ұғымын енгізу, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй құнының 50 пайызын субсидиялау, сондай-ақ, тұрғын үй талондарын енгізу де баспана қолжетімділігін арттыруға ықпал ететіні ұмытылмау керек.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»


