Конституциялық заңдарды қабылдау Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам. Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысында палата спикері Мәулен Әшімбаев осылай деп мәлімдеді.
Дәстүрлі басқосуда халық қалаулылары бірқатар конституциялық заңдарды қарап, қабылдаған болатын. Олардың қатарында «Конституциялық Сот туралы», «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», «Прокуратура туралы» ел өмірі үшін маңызды заңнамалар бар. Жиын тізгінін ұстаған Мәулен Сағатханұлы алдымен Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына көңіл айтты және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді. Осы орайда, Әшімбаев мырза Мемлекет басшысы Үкімет пен Қарағанды облысының әкіміне апат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қайтыс болғандар мен жарақат алғандардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырғанын атап өтті. Сондай-ақ, палата спикері тергеу қорытындысына сәйкес мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға қажетті шаралардың бәрін іске асыру аса маңызды екенін мәлімдеді. Сенат төрағасы конституциялық заңдардың қабылдануына орай, жалпы Мемлекет басшысының саяси және экономикалық реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Парламент жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтіп, «Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту, билік тармақтарының және орталық пен өңірлердің арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің теңгерімін қамтамасыз ету. Бүгін қабылданған заңдар демократиялық институттарды дамытуға, халықтың мемлекеттік және саяси құрылымдарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз. Бұл – Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам», – деді.
Осы ретте жаңа талаптарға сәйкес ел Президентінің саяси партияға мүше болуы тоқтатылатынын атап өткен жөн. Бұл норма барлық судьяларға, Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне және Жоғары аудиторлық палатаға да қатысты болмақ. Енгізілген өзгерістерге сәйкес жергілікті атқарушы органдардың басшыларына саяси партиялардың филиалдары мен өкілдіктерінде лауазымдар иеленуіне тыйым салынады. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» конституциялық заңға сәйкес құрылып жатқан жаңа институт азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына қатысты өтініштерді қарайды. Конституциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де беріліп отыр. Конституциялық Сот Жоғарғы Сот органы ретінде заңның үстемдігін қамтамасыз етеді, елдегі азаматтардың құқықтарын қорғауға кепілдік береді және халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға септігін тигізеді.
Сол секілді отырыста қабылданған «Прокуратура туралы» конституциялық заң аудандардан бастап орталыққа дейінгі прокуратураның бүкіл жүйесі мен құзыретін айқындайды. Сенат төрағасының айтуынша, бұл заң маусым айында өткен республикалық референдум нәтижесінде Конституцияға енгізілген өзгерістерді іске асыру үшін әзірленді. Құжатқа сәйкес прокуратураның негізгі мақсаттары адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, ел аумағында заңдылықты қамтамасыз ету болып айқындалды. Осылайша прокуратура органдарының қызметі алғаш рет конституциялық заңмен реттеліп отыр. Мұндай қадам құқық қорғау жүйесін нығайтуға үлкен үлес қосары сөзсіз. «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» конституциялық заңның нормалары бойынша омбудсмен өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан тәуелсіз болады және есеп бермейді. Сондай-ақ, уәкіл өзінің лауазымдық міндеттерін орындауға байланысты өзіне белгілі болған жағдайлар туралы куә ретінде жауап алуға жатпайды. Уәкілдің мұндай мәртебесі қазақстандықтардың құқықтық кепілдіктерін күшейтуге мүмкіндік береді. Жаңа құжат жайлы Мәулен Әшімбаев: «Бұл заң жобасында адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен оның қызметін ұйымдастыру мәселелері айқындалған. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің негізгі міндеті адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу. Омбудсмен институтын нығайту Президентіміздің бастамасымен құқықтық, демократиялық, әлеуметтік мемлекет құру үшін қолға алынған саяси реформалардың маңызды бөлігі», – деді. Сонымен қатар, отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заң талқыланып, қабылданды. Бұл құжат бойынша 8 конституциялық заңға түзету енгізілмек. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және тағы басқа заңдар бар. Сенат төрағасының айтуынша, бұл конституциялық заңмен бірқатар маңызды құқықтық нормалар Конституцияның жаңа ережелерімен сәйкестендірілді. Нақты айтқанда, ел Президентінің өкілеттік мерзімі бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектеледі. 20 қарашаға жоспарланған кезектен тыс Президенттік сайлау осы өзгерістер ескеріле отырып өтеді. Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастырудың аралас үлгісін енгізуге құқықтық негіз пайда болды. Қабылданған заң әкімдерді сайлау жүйесін аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда кезең-кезеңімен қолдану мәселелерін де қамтиды. Заңда Сенат пен Мәжілістің заң шығару процесіндегі функцияларға қатысты жаңа нормалар да бар. Осы және басқа да өзгерістер азаматтарымыздың сұраныстары мен мүдделерін ескеретін жаңа саяси модель қалыптастыруға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев. Тұтастай алғанда енгізілген өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың елді жаңғырту ісіне қатысу мүмкіндігін арттыра түспек. Сондай-ақ, жаңа нормалар жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігін нығайту және көппартиялылықты қалыптастыру үшін қолайлы құқықтық жағдайлар жасайды. 5 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы заңдарға жария түрде қол қойып, олардың негізінде жасалып отырған конституциялық реформаның Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын айқындайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадамдар соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мемлекетімізді одан әрі нығайту үшін мықты негіз қалайды.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


