Мемлекет басшысының жарлығы бойынша 20 қарашада өтетін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын біреу қолдаса, біреу оның мерзімінен бұрын өтуіне өз қарсылығын білдіруде. Оны қолдау не қолдамау әркімнің өз еркі. Конституция бойынша азаматтардың сайлау және сайлану құқына кедергі келтіруге ешкімнің қақысы жоқ.
Өкінішке қарай, Орталық сайлау комиссиясына ұсыныс түсіп, ол ресми түрде тіркелмесе де, әлеуметтік желіде «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының 30 қыркүйекте Астанада өткен кезектен тыс ХХ съезінің шешімін ғана емес, партияның Саяси кеңесі ұсынып, делегаттар тарапынан қолдау тапқан үміткердің есімін күлкіге айналдырушылар аз болмай тұр. Мәселен, фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында Камиша Есмұхамбетқызы «Өз атынан өзі ұялмайтын Жигули шалдар билейтін заман келе жатыр» десе, Ержан Шардарбекұлы: «Қазақстанның президенті кім? – Жигули. Бір түрлі емес пе?», – десе, Нұрғазы Сасаев: «тез арада ел ішінен Волга, Чайка, Нива, Запорожец, Камаз сынды қазақтарды іздеу керек болып тұрған сияқты ғой. Әлемді елеңдетіп, күлкіге қарық қылсақ» деп қағытқан. Ал Қанат Әбілқайыр: «Сонымен, Даудың басын Дайрабайдың көк Жигулиінен» бастап жібердік пе?» деп қағытса, Серік Жолдасбай: «Жигули Хаммермен жарысамын дей ме?» деп отқа май құя түседі. Дүрмекке қосылған Сәуле Әбілдаханқызы да: «Жигули Дайрабаев деген президент боламын деп, Тоқаевпен таласып, тіркеліп алыпты… Ақыры президент болатын болса, алдымен Мерседес немесе Тойота деп атын өзгертіп алуы керек еді… Жигулиге кім қызықсын… Тоқаев мырза, тай мен тайыншаларды тіркеп ұятқа қалмай, құнан жарыс, дөнен жарысқа, яғни өзіңізге лайықты бәсекелес болатын «нәрмәлни» кандидаттарды тіркесеңізші» деп тілегін жазыпты. «Қазақстан фермерлер қауымдастығының және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы Агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы, «Ұлттық құрылтайдың» мүшесі Жигули Дайрабаевты «Ауыл» партиясы үміткер ретінде ұсынып отыр. Ол кісі жұрт мазаққа айналдыратындай осал тұлға емес. Ғалым-агроном ретінде жұртты мойындатқан Дайрабаев 1990–1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болған. Азаматтық кодекстің «Азаматтың есiмi» туралы 15-бабының 9-бөлігі бойынша азаматтың есiмi оның абыройына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн әдiстермен немесе сондай нысанда бұрмаланған не пайдаланылған жағдайда осы кодекстiң 143-бабында көзделген ережелер қолданылады. Ал «Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау» деп аталатын 143-бап бойынша: 1. Азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы. 2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiндей мағлұматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында өз айтқан ойларын терiске шығаруға тиiс… Өзге реттерде терiске шығару тәртiбiн сот белгiлейдi. Ал осы баптың 6-бөлігінде: «Азаматқа қатысты оның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтар таратылған болса, ол мұндай мағлұматтарды теріске шығарумен бірге олардың таратылуынан өзіне келтірілген залалдың және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы. Моральдық зиянды өтеу туралы талапты қоспағанда, осы баптың азаматтың іскерлік беделін қорғау туралы қағидалары тиісінше заңды тұлғаның іскерлік беделін қорғауға да қолданылады. Заңды тұлғаның іскерлік беделін қорғауға осы кодексте белгіленген тәртіппен залалдың орнын толтыру туралы қағидалар қолданылады.
Біз әлеуметтік желідегі талқыға байланысты Жигули Молдахалықұлының өзімен хабарласқан едік. – Халқымызда «Ит үреді, керуен көшеді» деген жақсы бір даналық сөз бар. Менің есімім Ресейдің Самара облысындағы Жигули тауының құрметіне қойылған. Табиғаты көркем осы таудай елге пана болар азамат болсын деп әкем өзі қойған екен. Алайда соны жұрттың бәріне түсіндіріп жүруге бос уақытым да, ықылас-ынтам да жоқ. Әркім өзінің сөзі мен ісін сана-сезіміне қарай жасайды.
Оны өзінің ұятына қалдырайық. Олардың әрқайсысының үстінен шағымданып, соттасып жүруге ар-намысым да жібермейді, – деді. Жалпы, сайлауды елге іріткі салар пәле ету де, елге пайдасын тигізер шара ету де әрбір сайлаушының өз қолында. Сауатты қоғам таласқа түсуге талаптанған азаматтардың ата-бабасы қойған атын емес, жасаған ісін талқыласа жөн еді. Осындайда Ахмет Байтұрсыновтың өткен ғасырдың басында айтқан «Сайлау, рас, бәле болса – білімді, өнерлі халықтар ісінің бәріне басынан бастап, аяғына шейін неге сайлау кіргізеді?!» деген сөзі еріксіз еске түседі.
Сайын БОРБАСОВ, саяси ғылымдар докторы, профессор:
– Адамның атына қарап баға беру дұрыс емес. Ол мәдениетсіздік және сауатсыздық. Жалпы, халықтың сайлау мәдениеті қазір өсіп келе жатыр. Оған соңғы Президент сайлауына Ә.Қосановтың қатысуы да өз әсерін тигізді. Халықпен ойнауға болмайды. Сайлаудың өз деңгейінде өтуіне саяси партиялардың ықпалы өте зор. Өкінішке қарай, олар әлі әлсіз. Оппозициялық партияларда бірігу, топтасу жоқ. Бір ауыздан қолдап өз ортасынан бір кандидатураны шығарған жоқ осы уақытқа дейін. Биылғы сайлауда шығарамыз деп отыр ғой. Кім біледі, жеме-жемге келгенде әркім өзіне тартып, бір-біріне қимай қалып жүрмесе. Қызғаныш болмаса оппозиция баяғыда табысқа жетіп, билікте болмаса да, Парламентте отырар еді. Сайлау мәдениеті жоғары болу үшін еліміз оны әділ өткізуге тырысу керек. Бірінші, әділетті сайлау әлеуметтік әділдіктің кепілі. Екінші, әділетті сайлау халықтың психологиялық ахуалын жақсартады. Егер сайлауда билік өзінің әкімшілік ресурстарын қолданып дауыс ұрлап жататын болса, онда қоғам өзі кері кете бастайды. Бәрі өтірік, бәрі жаман деп адамдардың психологиясы да бұзылады. Саясатқа, билікке деген сенімсіздік артады. Ол түптің түбінде мемлекеттіліктің нашарлауына әкеледі. Сондықтан сайлау процесі өте маңызды процесс. Ол демократияның алғышарты. Егер біз сайлау процесін дұрыс өткізе алмасақ, демократияны қабылдай алмадық деген сөз. Ал сайлауды әділетті, дұрыс өткізсек шын мәніндегі демократиялық қоғам орната аламыз.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


