Дәрілік өсімдіктердің шикізат қоры таусылуда. Оны Парламент Мәжілісінің отырысында талқыланған «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасы бойынша жасаған баяндамасында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі мәлімдеді. Серікқали Аманғалиұлының айтуынша, Қазақстанның өсімдіктер дүниесі ағаш-бұта және шөп өсімдіктерінің 6 мыңнан астам түрін құрайды. Оның 1,5 мыңға жуығы дәрілік өсімдіктер (230 түрі ресми медицинада танылған), 390-ы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, 110-ы реликті өсімдіктер, 700-і эндемикалық өсімдіктер.
– Қазіргі уақытта экспортталатын дәрілік өсімдіктердің 14 түрі бар. Оған мия, ферула, цистанхе, Түркістан сабын тамыры және басқалар кіреді. Реттеусіз қолданылуына байланысты дәрілік өсімдіктердің шикізат қоры таусылуда. Дәрілік өсімдіктерді бақылаусыз жинау көлемінің өсуіне сыртқы нарықтардағы сұраныстың өсуі ықпал етеді. Кедендік статистика деректері бойынша қазақстандық мия тамырын өткізудің негізгі нарықтары Қытай, Түркия және АҚШ болып табылады. Мысалы, Қытайға 2018 жылдан 2021 жылға дейін 32,7 мың тонна мия тамыры экспортталды. Бұл Ботаника және фитоинтродукция институты ұсынған мия тамырын нақты өңірлер бойынша дайындау көлемінен едәуір асып түседі, – дейді министр.
Жалпы, «Өсімдіктер дүниесі туралы» заңды қабылдау құқықтық аспектіде – заңнамадағы олқылықтар мен қайшылықтарды жою және өсімдіктер дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану мәселелерін реттеуге мүмкіндік береді. Ал әлеуметтік-экономикалық аспектіде – халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз ете отырып, шағын және орта бизнесті дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер береді.
Жабайы алма мен өрікке қауіп қайдан төніп тұр?
Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің пайымдауынша, өсімдіктер дүниесіне қатысты еліміздегі реттелмеген мәселенің бірі – республиканың аумағына өсімдіктердің бөтен түрлерін бақылаусыз әкелу болып табылады. Сырттан енгізілген өсімдіктердің бөтен түрлеріне қатысты жағдайға «Медеу» табиғи паркінің аумағында таралуы байқалған «Асер Негундо» үйеңкі ағашы. Солтүстік Америкадан әкелінген бұл түр кәдімгі өрік пен Сиверс алмасын ығыстырады.
«Елімізге инвазиялық зиянкестермен және аурулармен залалданған бөгде өсімдік ресурстарын әкелу қаупі бар. Мысалы, Алматы қаласының жасыл екпелерінде каштанды зақымдайтын охрид егеуішінің, сондай-ақ емен екпелеріне зиян келтіретін емен егеуішінің белсенді таралуы байқалады. Осылайша, нормативтік-құқықтық базаның болмауы және өсімдік дүниесі объектілерін бақылаусыз пайдалану табиғи өсімдік ресурстарының сақталуына теріс әсер етіп қана қоймай, дәрілік өсімдіктерді өндіруге және қайта өңдеуге салынатын инвестицияларға кедергі келтіреді», – дейді министр Серікқали Брекешев.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта өсімдіктер дүниесін пайдалануды реттеуге байланысты жекелеген нормалар орман, экология, жер, су, кәсіпкерлік кодекстерін, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңдарын қамтиды. «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң Қазақстан қол қойған халықаралық конвенциялардың ережелеріне де негізделген. Жобаны әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе ескерілді. Мұндай заңдар Австралия, Канада, Оңтүстік Корея және Еуропалық Одақ елдері мен Армения, Беларусь, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина сияқты жақын және өзге де серіктес елдерде де бар.
Жасыл желектерді құру тәртібі белгіленеді
Министрдің айтуынша, заң жобасы табиғи жағдайларда өсетін өсімдіктер дүниесі нысандарын, сондай-ақ, генетикалық қорды сақтау мақсатында арнайы жағдайларда ұсталатын жабайы өсімдіктер мен олардың бөліктерін қамтитын болады. Оның ережелері ауыл шаруашылығы өсімдіктеріне, сондай-ақ, үй маңындағы, саяжай және бау-бақша учаскелеріндегі өсімдіктер дүниесі нысандарына қолданылмайды. Заң жобасында өсімдіктер дүниесі нысандарын түгендеу, мемлекеттік мониторинг және кадастр тәртібі айқындалады. С.Брекешев соңғы жылдары қабылданып жатқан өзге де заңдар секілді бұл жобада да болашақ бюджеттік түсімнің назардан тыс қалмағанын жасырмады. Әрине бұл шұрық-тесік бюджеттің бүйіріне бұйым болмауы да мүмкін. Дегенмен, күріштің арқасында күрмек су ішеді дегендей әлі бір қайнауы ішінде қалып, қоғамдық талқылауда жан-жақты қарастырылмай қалған мәселелер заңнан кейін жасалатын нормативтік құжаттарда көкпарға түскен лақтай боп әркімнің тақымында кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті


