Әбдірәлі Бөлебай. Фото: Facebook/©Илхам Ибрагим
Телевизия және радио ардагері, белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай қайтыс болды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Қазақстан ұлттық телеарнасы басқарма төрағасының орынбасары Илхам Ибрагим Facebook-парақшасында жазды.
«Танымал диктор 70-ке қараған шағында қайтыс болды. Әбдірәлі Бөлебай Корпорацияда бүгінге дейін қызмет атқарды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұжымы атынан әріптестеріміз бен марқұмның жақындарына көңіл айтамыз», — деп жазды Илхам Ибрагим.
Әбдірәлі Бөлебай Жамбыл облысы Ерназар ауылында дүниеге келген. Алматыдағы №46 қалалық кәсіптік техникалық училищені, Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген. Еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында режиссердың көмекшісі болып бастаған.
Қазақ радиосында, Қазақ телевизиясында диктор, дикторлар тобының жетекшісі, «Хабар» агенттігінде «Жеті күн» ақпаратты сараптау бағдарламасының және «Жаңалықтар» қызметінің жүргізушісі, «Қазақстан» ұлттық арнасы Астана филиалының дикторы, Қазақстан Президенті Телерадиокешенінің продюсері, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемкорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған. Қазақ радиосында дикторлық қызмет еткен.


