12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

«ҚАЗАҚСТАН» ШАХТАСЫНДАҒЫ АПАТ: ЕЛІМІЗДЕГІ ӨНДІРІС ҰЛТТЫҚ КАДРЛАР ҚОЛЫНА ӨТУІ КЕРЕК

Өткен аптада елімізде апаттан бес адамның өмірі үзілді. Ажалға себепші болған бұл оқиға тағы да «АрселорМиттал Темиртау» АҚ-ның көмір депарментіне қарасты «Қазақстан» шахтасында орын алған. Мұндай оқиға бұл өндірісте бірінші рет болып тұрған жоқ. Отыз жылдан бері бұл жерде мұндай апат бірнеше рет орын алып, оларда 200-ден аса отандасымыз қайтыс болды. Бұл – олардың мезгілсіз үзілген ғұмыры ғана емес, олардың артында қалған ата-ананың, бала-шағаның, бауырлардың жан жарасы, орындалмай қалған арманы, өзекті өртеген өкініші, тағдыры. Сондықтан да Конституциясында адам және оның өмірі ең үлкен құндылық екені жазылған елімізге бұл үлкен сын.

Тосыннан келген келген нәубет болса, «апат айтып келмейді» деп, шарасыздық танытар едік. Алайда, бір емес, бірнеше рет қайталанған техногендік оқиға жайлы бұлай айту – жауырды жаба тоқу, тіпті қылмыс. Өйткені уақыт аралатып қайталанып, ондаған адамның өмірін жалмап жатқан бұл апат – жауапсыздықтың, немқұрайдылықтың, әрекетсіздіктің, тіпті, босбелбеуліктің салдары. Үндістандық Лакшми Митталдың елімізге келіп, көмір комбинатында арнайы шартпен жұмыс істей бастағанына отыз жылға таяпты. Алайда жеріміздің байлығын емін-еркін пайдаланып жатқан оған сонша жылдан бері қарапайым еңбек шартын, қауіпсіздік талаптарын орындата алмай келеміз. Бұл құжаттарды қайта қарауға дәрмен жетпей отыр. Өзекті өртеген мәселенің айтылуында кемшілік жоқ. Апат болған сайын бұқаралық ақпарат құралдарында «Арселлор Миттал Теміртаудың» жыры қозғалады. Алайда бұған мәу деп жатқан серіктестік көрінбейді. Басшылығы әкесінен баласына көшкен алып компанияда ескірген шахталарды жабу немесе кен орындарына жаңа технология, жаңа әдіс-тәсілдер енгізу мол табыстың көлеңкесінде қалғандай. Өндіріс тізгінін өз қолына алған Адитья Миттал да әкесінің соқпағына түскен сыңайлы. Ол үшін де бастысы – мол өнім. Ал оны шығаратын адамның денсаулығы, өмірі екінші мәселе сияқты. Мұны өндірістегі қарапайым еңбек қауіпсіздігінің сақталмауынан байқауға болады. Мәселен, шахтаның руда алатын бөлігін қазудың тиісті өлшемдері мүлде ұмыт қалған. Олардың Үндістандағы шахталарында мұндай заңдылықты белден басу жоқ дейді сарапшылар. «Қамысты бос ұстасаң, қол кеседі» дегендей, мұның бәрі біздің шенеуніктердің жігерсіздігінен, адам тағдырына самарқау қарауынан десек, артық айтқандық емес. Мұны уақытында Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Юрий Жулин орынды айтқан еді. Естеріңізде болса, былтыр қараша айында «Арселор Миттал Теміртауда» тағы да апат болып, онда бес адам қаза тапқан еді. Сол оқиғадан соң Жулин Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, серіктестіктің еңбек қауіпсіздігіне қатысты әрекетсіздігін ашына айтып, бұған тез арада шара қолдану керектігін мәлімдеген болатын. «Егер бүкіл ел бойынша жұмыста өлімжітім төмендеп жатса, ArcelorMittalда ол өсуде. Кез келген басқа елде инвестордың мұндай мінез-құлқы баяғыда келісімшартты бұзуды қоса алғанда, шешуші әрекетке құқықтық негіз болатын еді. Сондықтан Үкімет ұлттық және халықаралық заңнамаға сүйене отырып, бұл инвестордан өндірісті терең жаңғыртуды, қуаттарды кеңейтуді, жұмысшылардың қауіпсіз еңбек пен лайықты еңбекақыға құқықтарын, сондай-ақ экологиялық стандарттарды сақтауды түбегейлі және қатаң талап етуі керек. Бұл үшін бізде қажетті заңдық негіз бар», — деген еді ол. Жуырдағы оқиға да депутаттарды бейжай қалдырмады. Әсіресе, «Аманат» партиясының Парламенттегі фракциясы айрықша белсенділік танытып, «Арселлор Миттал Теміртауға» қарсы жұртшылық наразылығына үн қосты. Олардың Үкіметке жасаған мәлімдемесінде бұл оқиғаның көпке беймәлім бірқатар себебі жария болып отыр. Халық қалаулыларының айтуынша, болған жағдай – көмір шахталарындағы техникалық жағдайдың нашарлығынан бөлек, өндірістік персоналдың ойланбастан қысқартылуының тікелей салдары. Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап қосалқы жұмысшыларды, оның ішінде шахталық конвейерлерге қызмет көрсететіндерді жер бетіне шығару осыған әкелді. Мұндай жағдайлар бұрын АМТ-ның болат бөлімінде болып, онда да адамдар ажал құшқан. Трансұлттық компанияның басшысы Миттал мырзаға бірнеше рет ескерту жасалғанымен, қайғылы оқиғалардың, азаматтардың жарақаттануы мен өлімінің алдын алу үшін күш салуға тырыспайды. Сондықтан онымен есеп айырысатын кез келді. Заң барлық адамдар үшін қатал және әділ болуы тиіс. Бас прокурор қай жерде болса да, осы трансұлттық компанияның басшылығын жауапқа тарту керек. Бүгінде Мемлекет басшысы «Қазақстан» шахтасында болған өртке байланысты Үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сондай-ақ, зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді. Үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөз жүргізу міндеттеліп отыр. Шынында да, «АрселлорМиттал Теміртау» басшыларының ұстанымы түсініксіз. Бір қарағанда, олар бұл кәсіпорынның бағасын білетін сияқты. Компанияның бас директоры Адитья Миттал былтыр келген кезде көмір мен руданы шығарып қана қоймай, дайын өнімге айналдыратын мұндай бірегей кәсіпорынның аймақта ғана емес, алыс шетелдерде де даму болашағы зор екенін айтыпты. Шынында да, өзінің кені, көмірі және энергетикалық базасы бар тау-кен металлургиялық кешені әлемдік стандарттар бойынша өте маңызды байлық болса керек. Кәсіпорынның жаңа бас директоры Владимир Яблонскийдың айтуынша, серіктестік басшылары мұны жоққа шығармайды. Десе де, республикалық өнеркәсіп алыбының төңірегіндегі жағдай оңай емес. Өйткені таразының бір жағында болат, прокат, кокс, бюджетке түсетін қомақты салықтар, жұмыс орындары, қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйесі тұрса, екінші жағында адам өмірі мен аймақтың экологиялық қауіпсіздігі бар. Былтырғы Теміртауға келген сапарында Адитья Миттал компаниядағы қауіпсіздік өндірістен жоғары тұруға тиістігін, сондықтан оны жақсартуға ұмтылу керектігін айтып, нақты тапсырмалар да беріпті-мыс. Қауіпсіздік мәдениеті жақсарып, әрбір жұмысшы қауіпті жұмысты тоқтатуға және ол үшін жазаланудан қорықпауға құқылы болуы керектігін айтыпты. Осыған орай жұмыскерлердің біліктілігін арттыруға және өндірістік процестерді жетілдіруді жалғастыруға басымдық беріліп жатқан көрінеді. Алайда бұл процестің нәтижесі бірден емес, уақыт өте келе көрініс береді. Сондай-ақ Яблонский мырза кәсіпорындарда кадрлармен жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады. Жасалып жатқан өзгерістер анық және оның бәрі командаға жақсы таныс. Жұмыс орнында қаза тапқан қызметкерлерге қатысты да компания өз міндеттерін орындап жатыр. Мәселен, былтырғы апаттан кейін қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына 10 еселенген жалақы төленіп, басқа да көмектер көрсетіліпті. Әрине, мұнымен қайғыны жеңілдету мүмкін емес екені белгілі. Ең бастысы, жұмысты жеңілдететін жаңа технологиялар енгізу, еңбек қауіпсіздігі талаптарын тиісті деңгейде орындау. Бұл тұрғыда компания басшылығының айтқан жауабы, біздіңше, бәрібір тым сырғытпа. Егер нақты жұмыс жүріп жатса, оның нәтижесі ендігі көрінер еді. Отыз жыл аз уақыт емес. Көріп отырғанымыздай, шахталардағы өлім азайғанның орнына көбейіп барады. Оларда тіпті ай сайын апат болып, адамдар қаза тауып жатады екен. Демек, осындай қайғылы оқиғалардың алдын алмай отырған, оған ынта танытпай отырған Митталдардың бұл істен тықсырылатын кезі келді. «Өзіңнен тумай ұл болмас» демекші, өз өндірісімізді өзіміз басқармай, бұл мәселені толыққанды шеше алмасымыз анық. Тоқ етерін айтқанда, отандық өндіріс ұлттық кадрлардың қолына өтуі керек.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

2026 жылы табысты қалай дұрыс декларациялау керек?

2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке табысты декларациялау тәртібі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Мемлекет қаржылық ашықтықты арттыру мақсатында азаматтардан табыс көздерін заңды түрде көрсетуін талап етіп отыр.

Олимпиада-2026: Жеңімпаз спортшыға қанша сыйақы беріледі

7 ақпанда 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары басталды. Жарыстардың басталуымен бірге қазақстандық спортшылардың сәтті өнері үшін мемлекет тарапынан қарастырылған сыйақы мөлшері де белгілі болды.

Алматыда ақылды көлік жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде

Алматыда цифрландыруды дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2026 жыл елімізде ресми түрде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.

На грани безработицы

ПАРЛАМЕНТАРИИ ПРЕДУПРЕДИЛИ О РИСКАХ РОСТА БЕЗРАБОТИЦЫ И УСИЛЕНИЯ СОЦИАЛЬНОГО НАПРЯЖЕНИЯ В СЕЛЬСКОЙ МЕСТНОСТИ В СВЯЗИ С ИЗМЕНЕНИЯМИ ПОРЯДКА ОРГАНИЗАЦИИ ОПЛАЧИВАЕМЫХ ОБЩЕСТВЕННЫХ РАБОТ.

Перизат Қайрат колонияда жұмыс істей ме?

Жарты жыл бұрын Перизат Қайрат алаяқтық қылмысына байланысты 10 жылға сотталды.