Қаржы министрлігі «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет» туралы заң жобасын әзірледі. Құжатта 2024 жылы орташа жалақы мен зейнетақы қанша болатыны көрсетілген. Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жобаға сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап:
- ең төменгі жалақы мөлшері — 70 000 теңге;
- мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері — 28 215 теңге;
- зейнетақының ең төменгі мөлшері — 57 853 теңге;
- базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы — 43 407 теңге болмақ.
Заң жобасына сәйкес «жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне бағытталған қаражат олардың мөлшерін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 9,0 пайызға арттыруды ескере отырып көзделгені белгіленсін» деп қабылданды.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленуге жататын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға мемлекет жарналарының мөлшері — мемлекет жарналарын есептеу объектісінің 1,9 пайызы.
Заң жобасы 2023 жылдың 4 қыркүйегіне дейін қоғамдық талқылауда болады.


