12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ЖУРНАЛИСКЕ ЖАСАЛҒАН ҚЫСЫМНЫҢ АРТЫНДА НЕ ТҰР?

Талдықорғандық журналист, Orda.kz сайтының қызметкері Сандуғаш Дүйсенованың мәлімдемесі қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Онда әріптесіміз өзіне қылмыстық іс қозғалды деп бөлімге шақырған полиция қызметкерлерінің камера алдында шешінуге мәжбүр еткенін жария еткен еді. Журналист биылғы жылдың 11 тамызы күні кешкі сағат 17.00-де арнайы шақырумен полицияға барып, күтпеген жағдайға тап болыпты.

Оның үстінен осыдан 1,5 жыл бұрын адам өлтіріп, сотталған азамат «жеке өміріме қол сұқты» деп Жетісу облысы прокурорының атына арыз жазған. Кезінде Дүйсенова Instagram парақшасына «күдікті туралы ақпарат болып жатса, полицияға хабарласыңыздар» деп хабарлама таратқанда, қағаздағы сотталған азаматтың жеке сәйкестендіру нөмірін жасыруды ескермеген. Арыздың жазылуына себеп болып отырған жай – осы. Полиция бөлімінде тергеуші бұл әрекеттің «Жеке өмiрге қол сұғу және дербес дерек пен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу» (147-бап) бабы бойынша ауыр айып екенін айтып, бірден қамауға алған. Бұл орайда Сандуғаштың ешқайда қашып кетпейтінін, ішімдік, есірткіге әуестігі жоқ екенін айтып шырылдағанына ешкім құлақ аспаған. Ең сорақысы, оны полиция бөлімінің Жедел басқару орталығына қосылған камераға жалаңаш түсуге мәжбүрлеген. «Мен 55 жастағы әйелмін, бала-шағам, немерелерім, күйеу балаларым бар. Бірақ соған қарамастан, шешіндіріп, қорлық көрсетті. Бұл бейнетаспаның басқа жаққа тарап кетпесіне кім кепіл? Кейін наркологияға, сосын арақ ішкен-ішпегенін тексеретін бөлімге апарды. Іш киімдерімді тартып алды. Төстартқышсыз ер адамдардың алдында жүруіме тура келді. Масқара жағдай. Мен бірақ айтқандарының бәрін істедім. Сөйтіп, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Жігіттер ұялды ма, әйтеуір, дұрыс матрас, көрпе-төсегін берді. Ал түнгі 00:40-та үйіме жіберді. Енді үйге келіп, осынша қорлық көргенім намысыма тиіп жатыр», – дейді журналист. Тәртіп сақшылары бұл рәсімнің заң аясында жүргізілгенін алға тартуда. Олардың айтуынша, жеке тінту рәсімі Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарын қатаң сақтай отырып, бір жыныстағы тергеуші, сот-медициналық сарапшы және екі куәгердің қатысуымен жүргізілген. Аталған тергеу әрекетін жасау кезінде ғылыми-техникалық құралдарды (бейнекамера) пайдалану міндетті және бұл шара Қылмыстық-процестік кодекспен реттеледі. Дүйсенованың адвокаты Ильмира Назырованың айтуынша, оқиғаға себеп болған жай Қызылағаш ауылында орын алған. Ауылдасын атып өлтіріп, қолындағы екі жасар баласын жарақаттаған қылмыскердің бар болғаны алты жылға сотталғаны бүкіл тұрғындардың ашу-ызасын тудырған еді. Сандуғаш сол көпшіліктің жанайқайын басылым, әлеуметтік желі беттерінде жариялап, мәселеге қоғамның, құзырлы органдардың назарын аударуға тырысқан болатын. Журналист жазбасынан кейін қоғамда үкімге байланысты наразылық туды. Сонан соң апелляциялық сот үкімді өзгертіп, кісі өлтірген қылмыскерді 16 жылға бас бостандығынан айырған. Енді, міне, 1,5 жылдан кейін осы қылмыскер журналисті өзінің келісімінсіз жеке деректерін жариялады деп айыптауды ұйғарыпты. Сотталушының айтуынша, Дүйсенованың материалында ЖСН жарияланған соң, балаларына қысым жасалып, мектепте оқуы қиындаған. Заң бойынша, бұл әрекет адамның жеке өмірі, отбасылық құпиясын құрайтын ақпаратты таратты деп танылып, ол үшін Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Ал, шын мәнінде қылмыскердің отбасы оқиға болған Қызылағашта тұрмайды. Олар бұл ауылдан сот шешімі шыға салысымен көшіп кеткен. Қылмыскердің мектеп жасындағы баласы жоқ. Білім ұйымының директоры «Сұраныс жіберсеңіз, оның балалары оқымайды, олардың қайда тұратынын мүлде білмейміз, ауылда жоқ» деген жауап беремін. Кісі өлтірілгеннен кейін бүкіл отбасы көшіп кеткенін бүкіл ауыл айтуға дайын» деп отыр. Журналистің қателігін жария ету неліктен бір жарым жылдан кейін қажет болды? Ол үшін журналисті шешіндіріп, қорлаудың сыры неде? Шын мәнінде Сандуғаш Дүйсенованың әрекеті қылмыстық емес, әкімшілік заңнама аясында қарастырылуға тиіс емес пе? Полиция бөлімшесінде жеке тінту Қылмыстық-процестік кодекстің 254-бабы бойынша айыпкердің денесінен, киім-кешегінен заттар мен құжаттарды алу мақсатында жүргізілуі керек. Соған орай тінтуден бұрын іске қатысы бар заттар мен құжаттарды ерікті түрде беру сұралуы қажет еді. Журналистің айтуынша, полицейлар тарапынан мұндай талап болмаған. Бірден жалаңаштап, тінтуге кіріскен. Абсурдқа толы бұл мәселенің шындығы неде? Неліктен жағдай осындай деңгейде ушықты? Сандуғаштың және ол қызмет атқаратын «Orda.kz» сайтының бас редакторы Гүлнар Бажкенованың айтуынша, мұның бірден-бір себебі журналистің өткір, сыни материалдарымен байланысты. Оқиғаның саяси сипаты бар. Бүгінде қоғамдық ой-пікірдің мінберіне айналған әлеуметтік желілердегі айтылып жатқан әңгіменің мазмұны да осыған саяды. Ондағы белсенділер, журналистер қауымының көпшілігі бұл шараның заңсыздығы және соңғы кезде жиілеп кеткен журналистерге қысымның жалғасы деген ортақ тұжырымға келуде. Мұнымен келіспеске шара жоқ. Өйткені тәуелсіз қорғаушы ұйымдар соңғы бір-екі жыл ішінде еркін ойлы журналистерге жасалатын қысымның көбейіп кеткенін айтуда. Мәселен, осы бағытта ауқымды шараларға мұрындық болып жүрген «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының дерегінше, аталған уақыт ішінде журналистерге, блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы 27 шабуыл, 26 қоқан-лоққы көрсету дерегі тіркелсе, 17 журналист қамауға алынып, тоғызы тұтқындалған. Сондай-ақ бас бостандығынан айыру немесе бас бостандығын шектеуден бөлек, құқық бұзды деген желеумен 80 айыптау оқиғасы тіркеліпті. Солардың ішінде журналистер Михаил Козачков пен Махамбет Әлжанның қамауға алынуы, Олеся Вертинскаяның соққыға жығылуы, Динара Егеубаеваның көлігінің өртенуі, Вадим Борейконың үйінің есігіне құлып салу оқиғалары бар. Тек биылғы жылдың қаңтар айында аталмыш ұйымның тұрақты мониторингі аясында 20 құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде қорқыту бойынша төрт факті, редакцияға шабуыл жасау бойынша екі жағдай және кәсіби қызметке кедергі жасау бойынша екі факті тіркеліпті. Қор президенті Қарлығаш Жаманқұлованың айтуынша, Қазақстанда журналистерге жасалған шабуылдардың себебін олардың кәсіби қызметімен байланыстырмау мүмкін емес. Бұған сенбеске шара жоқ. Өйткені Сандуғаш – аймақтағы әлеуметтік мәселелерді өткір жазып, ерекше белсенділігімен танылған журналист. Оны, әсіресе, көпшілік Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған ескерткіштің құлағаны жайлы тұңғыш хабар таратушы ретінде жақсы біледі. Қуаныштысы сол, Сандуғаштың басындағы жағдай журналистерді біріктіре түсті. Қазіргі таңда әлеуметтік желіде оны қорғаушы әріптестер қатары күн санап артып жатыр. Уатсап желісінде «Сандуғашты қорғау» атты арнайы топ ашылды. «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау» қоры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәлімдеме жасады. Онда бұл оқиғаны сөз бостандығының өрескел бұзылуы, адамдық қадір-қасиетінің аяққа тапталуы деп баға берілген. Конституцияның 17-бабына сәйкес, адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтындығы, ешкімді азаптауға, зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездік немесе ар-намысын қорлайтын қарым-қатынасқа немесе жазалауға болмайтындығы айтылған. Сонымен қатар, Қылмыстық процестік кодекстің 13-бабына сәйкес, қылмыстық процеске қатысушы адамның ар-намысын қорлайтын немесе қадір-қасиетін төмендететін шешімдер мен әрекеттерге қылмыстық сот ісін жүргізу кезінде тыйым салынатынына назар аударыла келе, оқиғаның тиісті құзырлы орындар тарапынан заңдылыққа сай қаралып, әділ шешім шығарылуын талап еткен. Тек осы мәселе бойынша қор бір күннің ішінде бірнеше БАҚ-та материал жариялап, құқықбұзушылыққа тосқауыл қою қажеттігі жайлы мәлімдеді. Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай Бас Прокурор Берік Асыловтың атына үндеу жариялап, Сандуғаш Дүйсенованың басындағы жағдайды азаматтың конституциялық құқығының тапталуы деп атап, мәселенің заңнама аясында шешуін талап етті. Осындай жан-жақты шаралар өз жемісін берді. Сейсенбі күні кешкісін Сандуғаш Дүйсенованың үстінен қозғалған іс қысқартылды. Алайда журналист өзінің тапталған ар-ожданын қорғауды жалғастыруға ниетті. Оның бұл ойын құптаушылар да аз емес. Тіпті белгілі бизнесмен Болат Әбілов те фейсбуктегі парақшасына бұл істі ақырына жеткізу, сол арқылы елдегі сөз бостандығына жасалатын қысымға тосқауыл қою жайлы ойын ашық айтты. Осы орайда әріптесіміз, қоғам белсендісі Ораз Әлімбековтің жанайқайы айрықша шығып отыр. Оның айтуынша, жиілеп кеткен айыптау мен жаппай соттау науқаны журналистердің кәсіби қызметімен байланысты. «Бұл «Масс-медиа туралы» заңды қабылдар алдындағы «артиллериялық» дайындық сияқты. Себебі Конституцияда жазылған сөз бостандығын, еркін ақпарат алу және оны тарату құқығын жанын салып қорғауға журналистер мүдделі. Қалай айтсақ та, Сандуғаш Дүйсенованың басына түскен жағдай қоғамға үлкен ой салды. Биліктің мұны терең зерделеп, әділ де тиянақты шешім қабылдауы елдегі көп мәселенің басын ашары сөзсіз.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

На грани безработицы

ПАРЛАМЕНТАРИИ ПРЕДУПРЕДИЛИ О РИСКАХ РОСТА БЕЗРАБОТИЦЫ И УСИЛЕНИЯ СОЦИАЛЬНОГО НАПРЯЖЕНИЯ В СЕЛЬСКОЙ МЕСТНОСТИ В СВЯЗИ С ИЗМЕНЕНИЯМИ ПОРЯДКА ОРГАНИЗАЦИИ ОПЛАЧИВАЕМЫХ ОБЩЕСТВЕННЫХ РАБОТ.

Перизат Қайрат колонияда жұмыс істей ме?

Жарты жыл бұрын Перизат Қайрат алаяқтық қылмысына байланысты 10 жылға сотталды.

2029 жылғы қысқы Азия ойындары Алматыда өтеді

Алматы қаласы 2029 жылы өтетін қысқы Азия ойындарының ресми ұйымдастырушысы болып бекітілді.

Астанада оқушылар түстен кейін онлайн оқитын болды

Бұл туралы қаланың білім басқармасы мәлімдеді.

Ерлан Өтегенов Бас прокурордың орынбасары болып тағайындалды

Ерлан Өтегенов Бас прокурордың орынбасары лауазымына тағайындалды,