Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы жыл Жастар жылы болып белгіленіп отыр. Бұл жастардың қоғам өміріндегі, елдің дамуындағы рөлін бағалаудан туған сындарлы шешім екені даусыз. Жалпы, қазіргі жастардың деңгейі өзгеше. Тәуелсіздік кезінде туып, өскен олар тоталиторлықты көрмеген, отаршылдықты сезінбеген, ой-санасы азат, ең бастысы, өз отанында өмір сүріп жатқан ұрпақ.

Ақпараттық технологияның құлағында ойнайтын, бірнеше тіл білетін бүгінгі буын жастар саясатының осы заманға лайықты платформасын қалыптастыруды, өткен идеологиядан қалған ұстанымдардан арылуды қажет ететіні ақиқат.
Үміт пен күдік
Қазақстандағы 41 мен 29 жас аралығындағы жастардың саны 3,9 миллион. Бұл тұрғындардың 21,5 пайызына тең. Елімізде жастарға қатысты қабылданған шаралар аз емес. Бүгінде «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң бар. Сонымен қатар жастарға қатысты мәселелер 100-ден астам заңнамалық актілермен реттеледі екен. Осы құжаттардың негізінде «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Жас отбасы», «Серпін –2050», «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» жобалары жүзеге асырылуда. Бір ғана «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің жетекші оқу орындарында жүздеген жастар тегін білім алып келеді. Бұл біздің жастарға артылған үміт, сенім. Десе де, жастар прогресі индексінде еліміз 107 елдің арасында 63 орында болса, жастар дамуы жаһандық индексі бойынша 183 елдің ішінде 61 орынды қанағат етіп отыр екенбіз. Мұның өзі елімізде жастарға қатысты мәселелердің өзекті тұрғанын көрсетсе керек.
Кәсіпкерлікке қызығушылық неге төмен?
Өткен жұмада Парламент Сенатында өткен жиында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңын іске асыру және Жастар жылын өткізу аясында мемлекеттік органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың алдында тұрған міндеттер ортаға салынған еді. Мәселен, алқалы жиынға арнайы қатысқан Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаев өз сөзінде жастардың мемлекет күш-қуатын еселейтін ең негізгі, мықты буын екенін атап көрсете келіп, ұлтымыздың өркендеуі біздің өзімізден басқа ешкімге қажет болмайтындықтан, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеудің аса маңызды міндет екендігін және оның жалаң ұраншылдық пен жоғары мансапқа емес, ең алдымен, терең білімге негізделуі тиістігін атап көрсетті. Жастар үшін өзекті мәселе болып отырған жұмыспен қамту шарасына айрықша тоқталып, әлемдік тәжірибе бойынша мұның басты мүмкіндіктері шағын және орта бизнес саласына тәуелді екеніне назар аудартты. Соған қарамастан кәсіпкерлік саласына Қазақстан жастарының қызығушылығы төмен. Осы орайда ол жастардың 51 пайызында бизнеспен айналысу туралы жоспар жоқ екені жайлы дерек келтіріп «Бұл проблемаға басқа жағынан қараған дұрыс. Мүмкін, біз бизнеспен айналысу үшін тиісті жағдай жасамай отырған шығармыз?» – деп сауал тастады.
Сонымен қатар Қасымжомарт Кемелұлы ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін нығайту – маңызы айрықша міндет екеніне назар аудартты. Бұл ретте ол дүниежүзіне әйгілі IT компанияларда үлкен жетістіктерге жеткен отандастарымызға жағдай жасап, оларды экономикамызды дамытуға тартудың қажеттігі, жалпы дарынды жастарға жеткілікті деңгейде қолдау көрсетпей, «алдыңғы қатарлы зияткер мемлекет» қатарына қосылу қиын екенін айтты. Жастарды Парламенттің және жергілікті өкілетті органдардың жұмысына кеңінен тарту қажеттігін де ортаға салды. Бұл орайда өздерінің азаматтық көзқарасын белсенді түрде білдіре алатын және оны табандылықпен қорғайтын жаңа буын өкілдеріне қолдау көрсетілу керектігін атап көрсетті.
Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мәселесіне қатысты ойын ортаға салған кезде Тоқаев мырза жастар арасындағы қылмыс деңгейіне айрықша алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, жыл сайын елімізде жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың 50 пайызға жуығын жастар жасайды екен. Мектептерде орын алып отырған зорлық-зомбылық жағдайлары – бұл барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшілік. Сондықтан, осы түйткілдің шығу себептерін анықтап, мектептерді жайлаған қорқыныш пен үрейден түбегейлі құтылу үшін нақты шаралар қолдану қажет.
Жол картасы
Жастар саясаты үшін жауапты уәкілетті орган – Қоғамдық келісім министрлігінің жетекшісі Дархан Қалетаевтың айтуынша, 2000 жылдан бастап бала туу көрсеткіші артқандықтан алдағы бес жылда жастардың саны көбейеді. Жалпы 2030 жылға қарай тұрғындардың алпыс пайызы 16-62 жас аралығындағы адамдар болады. Бұл еңбекке қабілетті жас мөлшері. Сондықтан, олардың сапалы өміріне жағдай жасау, яғни, инфрақұрылымды дамыту, білім беру, денсаулық сақтау салаларының жұмысын жақсарту – кезек күттірмес міндет. Негізгі мақсат жастарды әлемеуметтендіріп, оларды қоғамдағы жасампаздық үрдісіне тартып, кіріктіру. Бүгінгі таңда осы мақсатта арнайы Жастардың жол картасы дайындалыпты. Бұл құжат – төрт бөлім, 800-ден астам тармақтан тұрады екен. Олар жастарға білім беру, жұмысқа орналастыру, баспанамен қамтамасыз ету және отбасына қамқорлық мәселелерін
қамтиды. Министрдің сөзінен түйгеніміз, Жастар жылында біраз шара қолға алынбақ. Мұның бәрі жол картасының бірінші бағыты ретінде жүзеге асырылмақ. Мәселен, жазғы лагер, Шымкентте еңбеккер жастардың форумы, Қостанайда халықаралық форум өткізіледі. Министр бұл ретте қоғам тарапынан форумға деген наразылықтың көптігін мойындады. Осындай жиындарға қатысты айтылатын науқаншылдық, құр ақша шашу, той тойлау деген пікірлер оған жақсы таныс секілді. Осыны ортаға сала келе Қалетаев мырза жиынға қатысушыларды биыл өткізілетін форумдардың бұрынғылардан өзгеше болатынына сендіргісі келді. Оның айтуынша, бұл форумдар жастарды ашық пікірге шақырып, өзара тәжірибе алмасуға, олардың ынтасын арттырып, тұлғалық болмысын қалыптастыруға, саяси-әлеуметтік белсенділігін көтеруге көмектеседі екен. Бұл басқосулар барынша
еркін, креативті, іскерлік жағдайда ұйымдастырылмақ. Дегенмен, жастар үшін де, қоғам үшін де мұндай қыруар қаржы жұтатын қысқа мерзімді шаралардан гөрі, көпшілікті толғантқан әлеуметтік мәселелердің нақты шешімін тапқаны тиімді. Ал, осындай сындарлы шешімді, қаржылық қолдауды қажет ететін проблемалар аз емес. Ақиқатын айту керек, жастардың жол картасында оларға да орын беріліп отыр екен. Мәселен, оның екінші бағыты «Жас маман», «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жасап, мамыр айынан бастап жүзеге асыру, үшінші бағыты бойынша жастар ұйымдарын гранттық қолдау, жастардың үкіметтік емес ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын дамыту, төртінші бағыты – мемлекеттік органдардың жастар жылын өткізуге үлесін еселеуге бағытталған. Министрдің айтуынша, барлық құзырлы орындар бағдарламаларға жастар мәселелерін шешуді көздеген индикаторларды жасап, қосу керек.
Жұмыссыздықпен күрес тоқтамайды
Жиында сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуына қарағанда, жастардың жұмыспен қамтылуы әлі де өткір тұр. Жыл сайын еңбек нарығына 300 мың жас шығады. Яғни, әр жылы осынша жұмыс орнын құру керек деген сөз. Ал, 2019–2025 жылдар аралығында еңбек нарығына қосымша 2 миллионға жуық жас шығатыны белгілі болып отыр. Бұл бағытта 2017 жылдан бері арнайы бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жастардың оларға тартылуы отыз пайызды қамтиды. Былтыр 240 мың жас жұмыспен қамту орталығына келіп, 80 пайызы кәсіп иеленіп, 200 мыңы несие алыпты. Енді биыл «Жастар – ел тірегі» деген бағдарлама жасалып, оны жүзеге асыру үшін бюджеттен 91,4 млрд теңге қарастырылып отыр екен. Бұл бағдарлама бойынша ең қажет салалар үшін жетілдірілген оқу орындарында 200 мың маман дайындалмақ. Осы мақсатта 440 дана заманауи құрылғы алынып, 115 оқытушының біліктілігі арттырылыпты. Онлайн курстар арқылы ең қажетті мамандық бойынша 150 мың жасты оқыту көзделуде. Жастар тәжірибесі жобасы жалғасын табатын болады.
Онда оқу бітірген жастар алты ай бойы мемлекет есебінен жалақы алып, маман ретінде өзін көрсету, болашағын айқындау мүмкіндігіне ие болады. Кәсіпкерліктің негіздеріне оқыту үшін гранттар саны былтырғы 200 мыңнан 500 мыңға арттырылмақ. Тоқетерін айтқанда, жастардың жұмыссыздығын азайту мақсатында атқарылған, алда межеленіп отырған жұмыс аз емес.
«Балалар кодексін» қабылдау маңызды
Әйтсе де, әлі де көптеген мәселелердің жүйелі түрде жасалған жоспар негізінде емес, стихиялы түрде шешілетінін көзіміз көріп отыр. Бұл жастарды қоғамның әлеуетті күші, дамудың зор ресурсы ретінде емес, мәселе ретінде қараудың салдары. Мұны жиында келесі кезекте сөз алған «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев қынжыла айтты. Оның пікірінше, бұл құзырлы орындарда нақты тетіктер жоқтығының салдары. Мәселен, Ұлттық экономика министрлігінде жас отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, ауыл жастарына жағдай жасау, жұмыспен қамту жүйесіне қатысты жоспарлы шара қабылданбаған. Мемлекеттік органдардың бұл тұрғыда атқаратын жұмыстары жастардың аз ғана бөлігін қамтиды. Негізінде мәселені тиімді шешу үшін заң жүзінде олардың жергілікті, мемлекеттік және халықаралық саясатқа қатысуын қамтамасыз ету керек. Одан ары қарай жастар саясатын тиімді жүзеге асырудың индикаторларын дайындаған дұрыс. Онда жастарды проблема емес, ресурс ретінде
қарау керек. Одан кейін сөз алған «Жасұлан» бірыңғай балалар және жасөспірімдер ұйымының төрайымы Динара Сәдуақасова бүгінгі салауатты, жан-жақты дамыған жастар
тәрбиелі балалардан шығатынына назар аудартып, елімізде осы шараның дұрыс атқарылуы үшін «Балалар кодексін» қабылдау қажеттігін ортаға салды. Оның айтуынша, қазіргі таңда мектептерде жеткіншектердің қоғамдық белсенділігін қалыптастырып, келешек өмірге баулитын мамандар мәртебесі анықталмаған. Сонымен қатар, жастармен жұмыс үшін бөлінетін қаржы көбіне бұл салаға қатысы жоқ ұйымдардың еншісіне тиіп жатады. Бұған мемлекеттік тапсырыстарды бөлудегі жүйесіздік ықпал етуде. Алдағы уақытта осы мәселеге барынша сергек қарап, жастар тартылған үкіметтік емес ұйымдардың тиімді жұмыс жасауының әдістері игерілуі керек.
Тұрғын үйге жеңілдіктер жасалса
«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев та жастарға қатысты біраз проблеманы ортаға салды. Оның айтуынша, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңда жиырма тоғыз жасқа толмаған азаматтарға отбасына тиесілі арнайы әлеуметтік көмек түрлері қарастырылмаған. Жас отбасыларға арнап баспана салу қолға алынған «2020 жылға арналған өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы 2017 жылы тоқтап қалыпты. Ал, қазіргі қолданыстағы «Нұрлы жер», «7- 20-25» бағдарламаларының алғашқы жарнасы мен ай сайынғы төлемі жас отбасылардың барлық санаты үшін қолжетімді емес.
Шетелдерде жас отбасыларға мемлекет тарапынан баспаналы болудың екі түрі бар. Біріншісі субсидия беру болса, екіншісі арнайы тұрғын үй бағдарламасы бойынша жас отбасыларға жеңілдіктер ұсынылады. Бізге де осындай шешім қабылдап, алғашқы жарнасыз ипотекалық жалға алу жүйесін енгізу қажет. Мұнда баспананың отыз пайыз көлеміндегі алғашқы жарнасын несие беруші банкке жас отбасының орнына жергілікті әкімшілік салып, бірден ай сайынғы төлемін жүзеге асырады. Бұдан соң ол үй жас отбасының меншігіне өтіп, қалған сома бес пайыздық жылдық үстемақымен банкке қарыз ретінде рәсімделеді.
Еңбек нарығын зерттеу жеткіліксіз
Сүндетбаев мырза жұмыспен қамтылған жастар арасындағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Бұл ретте ол маман дайындау ісі мен еңбек нарығы арасындағы сәйкессіздік салдарынан жұмыссыз қалған дипломды мамандардың көптігіне назар аудартты. Оның айтуынша, жұмыспен қамтылғандардың 74,6 пайызы жалдамалы жұмыскерлер болса, 21,5 пайызы өзін жұмыспен қамтығандар. Бұл мәлімет құлаққа жағымды естілгенімен, жұмыспен қамтылғандар санын ауласында екі сиыры барлар да көбейтуде. Бөлшек саудамен айналысушылар да жұмыспен қамтылғандар деп есептеліп отыр. Шын мәнінде бұл білім алған жастардың мамандығы бойынша емес, өмір ағымымен күнін көріп жүргенін көрсетеді. Мұндай мамандандырылған жұмыссыздық жас мамандардың құқығын әлі де болса заңмен қорғауды күшейтудің қажет екенін айғақтайды.
Қолданыстағы заңға сәйкес жас маман дегеніміз – жиырма тоғыз жасқа толмаған, еңбек өтілі үш жылдан төмен, арнайы жоғары білімі бар адам. Алайда ешбір жұмыс беруші тарапынан бұл санаттағы маманға жеңілдетілген баппен жұмысқа алу тетіктері қарастырылмаған. Мемлекетте жастарды жұмыспен қамту, әлеуметтендіруге бағытталған жоба жоқ деуге болмайды. Дегенмен, қолданыстағы құжат жетілдіріліп, онда өз штатында жүзден астам қызметкері бар жұмыс берушілердің жас мамандарға арнап
кемінде жиырма пайыздық квота белгілеуі талап етілуі, аудандарда шын мәнінде жұмыс істейтін жастар биржаларын құру тетіктері жасалуы керек. Жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін инфрақұрылымдық, қаржылық қолдау мен несиелендірудің кепілдендірілген жүйесі, жеңілдетілген салыққа қатысты құқықтық нормалар жасалғаны жөн. Жас кәсіпкерлер үшін несиелер өсімін екі пайызға төмендету қажет.
Жиыннан түйгеніміз, жастарға керегі ең бастысы – жұмыс, одан кейін – баспана. Тыңдар құлақ болса мұның бәрі жеріне жеткізіле ортаға салынды. Депутаттар өз тараптарынан көтерілген мәселелерді құптап, оларды заңнамалық тұрғыда қолдауға дайын екендіктерін білдірді. Құзырлы орын басшылары да ләппай десті. Олай болса, жастар жылы жастар үшін нәтижесіз болмас…
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»