АСТАНАДАҒЫ БЕС БАЛАҒА БАЙЛАНЫСТЫ ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙ ЕЛІМІЗДЕГІ ТАЛАЙ КӨПБАЛАЛЫ АНАНЫ АШЫНДЫРЫП ЖІБЕРДІ. БІРНЕШЕ КҮННЕН БЕРІ ӘР ҚАЛАДА КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР МҰҢ-МҰҚТАЖЫН АЙТЫП, ЖЕРГІЛІКТІ ШЕНЕУНІКТЕРМЕН КЕЗДЕСУ ҰЙЫМДАСТЫРЫП, НАҚТЫ ТАЛАПТАРЫН ҚОЙЫП ЖАТЫР. ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ҚОЛДАНУШЫЛАРЫ ДА ЕЛІМІЗДЕГІ КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ҚОРДАЛАНЫП ҚАЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАУДА.

Соңғы жылдары қоғамымызда көпбалалы аналарға қырын көзқарас қалыптасқаны жасырын емес. Шенеуніктердің «тусаң, өзің үшін тудың» деген пікірі, көпбалалы аналарға қамқор болуы тиіс ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың көпбалалы аналарға берілетін 16 мың теңгені көпсінуі, әлеуметтік жәрдемақылардың қолжетімсіздігі, көп балалы жанұялардың тұрмыстық деңгейінің тым төмендеуі секілді  түйткілдер қордалана келіп, бүгінде өзегі шығып жарылған шиқандай болып отыр.

Министрдің айлығы 1 200 000, ал көп балалы анаға 16 000 теңге «көп көрінеді»

         Елімізде министрлердің бір миллионнан астам жалақы алып, ал халық қалаулылары Мәжілісмендердің өзінің айлығы 900 мыңнан асып отырғанда көп балалы аналарға берілетін 16 мың (!!!) теңгенің өзін көпсіну бүгінгі күні халық пен билік арасының қаншалықты алыстап кеткенін байқататындай. Шыны керек бізден басқа талай ел бүгінде демографиясын жақсарту үшін жанын салып кіріскен. Алысқа бармай-ақ Ресейдегі «ана капиталын» мысалға алсақ болады. Одан бөлек көршіміз үш және одан да көп баласы бар отбасыларға кезектен тыс үй беру мәселесін қарастырып жатқан көрінеді. Бүгінде Ресейде үш және одан көп баласы бар 1 миллионнан астам отбасы өмір сүрсе, оның 129 мыңы тұрғын үйге мұқтаж жандардың тізімінде екен. Шыны керек біздің елімізде нақты көп балалы отбасылардың қаншасы тұрғын үйге мұқтаж екені туралы ақпарат тиісті орындарда жоқ та екен. Бұған қатысты шененуніктердің уәжі «олар өздері мұқтаж жан ретінде арызданбаса, жергілікті жердегі басқарушы орындарға өтініш тастамаса біз қайдан білемізге» саяды. Жарайды, «жыламаған балаға емшек жоқ» десек те, көп балалы аналарға арналған жеңілдікпен үй алу бағдарламасы да қарастырылмағанын ескерсек, мемлекеттің де бұл мәселені жылы жауып қойғанын байқаймыз. Рас, көп балалы аналарға арналған жеңілдікпен үй алу қарастырылған. Бірақ оның кезегі жылдап жылжымайтын кезек. Өйткені арнайы бағдарламасы жоқ, арнайылап салынып жатқан үйі жоқ, жеңілдігі ауыз толтырып айта алатын деңгейде қарастырылмаған.

Талай көп балалы отбасының балалары баспанасыз, әркімнің табалдырығында өсіп жатыр. Көп баласы бар аналар «осылар әйтеуір өсіп кетсе, жетпегеніме осылар жеткізеді» деген үмітпен күнделікті ішіп-жемін тапқанына да шүкір етіп өмір сүруде. Өйткені тұрғын үй кезегіне тұрғанымен ол үйдің кезегі жеткенінше ол балалардың «өз қолы өз ауыздарына жетіп кететін» түрі бар. Оның үстіне Ресей үш балалы отбасыларды көп балалы отбасы санап, әлеуметтік жағдайына алаңдап жатса, бізде жеті-сегіз, тіпті тоғыз баласымен бір баспана түгілі, күнделікті ішіп-жемге жарымай отырған отбасылар жетерлік.

Жергілікті басқару орындары үй кезегіне тұрғызбақ түгілі, әлеуметтік көмек көрсетуге құлықсыз. Өйткені «көп балалы отбасыларға жергілікті билік тарапынан да көмек көрсету қарастырылған» деп жалпылама айтылғанымен, нақты көмек түрі көзге шұқып көрсетілмегеннен кейін, көп жағдайда жергілікті билік өкілдері, ауылдық, аудандық бюджет қоржынының түбі бостығын айтып жолатпайды.

 

Алтын алқаны ломбард та алмайды

Шиттей бала шағасына тамақ тауып бере алмаған күндері «ең болмаса «алтын алқамды» ломбардқа өткізейін десем, ломбард та алмайды» дейді сегіз баласына күнделікті тамақ тауып беру мұңға айналған көп балалы аналардың бірі Анар Жұмашева. «Алтын, күміс тас екен» десек те, алтын алқаға таза алтынды қимай отырғанымыз да шындық. Алайда осы аты алтын, заты қарапайым «сөлкебайдан» басқа аналарымызға не істеп жатырмыз?! Бала туғанда берілетін бір реттік жөргекпұл, бала күтіміне байланысты 1 жасқа дейін берілетін жәрдемақы, жұмыс істейтін аналарға әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем, аз қамтылған отбасылардың балалары 18 жасқа толғанша төленетін көмек ақша, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыға ең төменгі жалақы мөлшеріндегі жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегелері алатын арнайы жәрдемақы алады аналарымыз. Алайда бұл жәрдемақылардың мөлшері көпбалалы отбасының шай-пұлынан да артылмайды. Мәселен, жұмыс істемейтін ана ай сайын баласы 1 жасқа толғанша 10 мың теңгенің айналасында жәрдемақы алады. Азық-түлік бағасы бір жылдың ішінде 70 пайызға дейін қымбаттап жатқанын ескерсек, 10 мың теңгеге не алуға болады өзі?

Апаларымыз «Кеңес заманында көп балалы үйдің суы, жарығы, телефоны, жолпұлы тегін еді» дейді. Ең болмаса барлық аналарға ортақ сол жеңілдіктерді неге қайтармасқа? Осы орайда айта кетер жайт бірқатар елдер әйелдің аналық рөлін ескеріп, жеңілдіктер ұсынған. Мәселен Ресейде ауылда жұмыссыз отырған көпбалалы ана зейнеткерлікке 50 жастан шығады, және коммуналдық қызмет ақысын төлеу кезінде жеңілдіктер қарастырылған. Кейбір шет мемлекеттерде жұмыссыз аналарға банктен несие алу кезінде жеңілдіктер ұсынылады, баласының санына қарай ол жеңілдіктер барынша ана мүддесіне сай бейімделген. Тіпті несиенің белгілі бір мөлшерін мемлекет төлеп беретін елдер де бар екен. Ал бізде ше?! Аналарымыз туғаны үшін жазықты болып, кейбір шенеуніктерден «тусаң өзің үшін тудыңды» да естіп қалып жатыр.

Жәрдемақының өзін аналарды алалап төлеп отырмыз!

Айта кетер жайт, санамалап жәрдемақының сан түрін айтқанымызбен елімізде жұмыс істемеген аналар жәрдемақының бірқатарына қол жеткізе алмайды. Өйткені кейбір жәрдемақылар әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Ал жұмыс істемеген аналар ол қорға ай сайынғы жарнаны аудара алмайды. Сондықтан оларға жәрдемақы төленбейді. Негізі аналарға жәрдемақы төлеу жүктілікке, бала тууға, бала күтуге төленеді. Олай болса, оларды жұмыс істейтіндер, істемейтіндер деп бөлу қаншалықты дұрыс? Ауылдағы әйелдердің басым бөлігі жұмыс істемейтінін ескерсек, «жұмыс істемейсің, деп жәрдемақыдан қағу оларға жасалған қиянат емес пе? Тіпті ауылдарда жұмыс көзінің өзі үлкен мәселе емес пе? Демографияға сүбелі үлес қосатындар да – ауыл әйелдері. Салыстырмалы түрде алғанда жұмыс істейтін әйелдер мен жұмыс істемейтін әйелдердің бір жылда алатын жәрдемақысының көлемінің айырмашылығы он есе екен. Сондықтан аналарымызға ең алдымен ана ретінде қарап жұмыс істегені үшін емес, өмірге сәби әкеліп, ел демографиясына үлес қосқаны үшін ақша төлеуіміз керек емес пе?! Аналардың аналық қызметін бағалайтын елде солай болуы тиіс еді ғой. Дені сау ана ғана, дені сау ұрпақты өмірге әкеледі. Ал аналарымыз ай сайын алатын 10 мың теңге жәрдемақысына жөргек ала ма, әлде баласына тамақ алып бере ме немесе дәрумен ішіп, жеміс жидегін жеп өмірге ұрпақ әкелген соңғы денсаулығын қалыпқа келтіре ме, әлде жалдамалы пәтерінің жалдық құнын өтеп, коммуналдық қызмет ақысына жарата ма?! Тіпті аналарымыз қарны тоқ болса, «Алтын алқасын» ұстап ломбард жағалар ма?

Төрт бала көп бала емес!

Иә, иә өткен жылдан бері елімізде төрт бала көп балаға жатпайды. Сондай-ақ егер отбасында табыс табатын бір адам болса, ол отбасыға әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылмайды. Елімізде осы уақытқа дейін төрт бала туған аналарға ай сайын 9500 теңге көлемінде жәрдемақы беріліп келді. Ал 2018 жылдан бастап төртінші баласын босанған әйелдерге бұл тағайындалмайтын болды. Бұл ретте «Биыл төртінші баласын туғандар «көп балалы отбасы» санатына жата ма?» деген сауалымызға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы Асқар Ниязовтың түсіндіруінше, көп балалы отбасы түсінігі қолданыстан алынған жоқ. Төрт және одан да көп баласы барлар көп балалы отбасына жатады. Енгізілген өзгеріс бойынша 2018 жылдан бастап бұған дейін ай сайынғы берілетін жәрдемақы енді тағайындалмайды. Өйткені осы санаттағы аз қамтылған отбасылар үшін атаулы көмектің жаңа форматы шықты. Яғни әлеуметтік жәрдемақыны шартсыз және шартты деп екіге бөліп қарастырады. Шартсыз жәрдемақыны отбасында табыс табатын адамы жоқ отбасы алады. Ал, шартты жәрдемақыны отбасында табыс табатын бір адам болса, онымен келісім жасалып, еңбек етуге міндеттейді. Олай болмаған жағдайда, ақша берілмейді.  Алматы қаласындағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Мақсат Көпеев «Көпбалалы, аз қамтылған, кедей тұрмыстағы отбасыларға жәрдемақының орнына жұмыс беріледі. Олар квалификация біліктілігін көтеріп, қоғамдық жұмыстарға араласуы керек. Осылайша белсенділігін арттырып, отбасын асырауға мүмкіндік береміз», – дейді. Ал жалақысы 13 мыңнан көп болған жағдайда да жәрдемақыдан айырады. Сондай-ақ «Бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған отбасыларға ұсынылатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған отбасылар үшін сақталады» дейді ол. Осылайша өткен жылдан бастап төрт баласы бар аналардың өзін «ала қойды бөле қырқып» алалап отырмыз. Осындай алалаулар еліміздегі қаншама ананың жәрдемақы ала алмауына себеп болып отыр.

«Баспана бер, баламызды өзіміз бағып аламыз»!

Астанада мемлекетке нақты талап қойып келген аналардың басты талабы осы болды. Ешқайсысы тегін үй сұрамады, үкіметке алақан жаймады. «Жалдап отырған үйдің қожайынына бергенше, ипотекаға беріп отырайық, үй кезегін реттеңдерші» деп сұрады. Бұл мемлекеттің ана мен баласының қорғаусыз қалғанын көрсетеді. Астана мегаполис қала, тұрғындар миллионнан асты деп шуылдаймыз. Алайда осы уақытқа дейін бас қаладан аналарға арнап бірде бір үй салынбаған, 30 жылда көпбалалы отбасылар қаңғымасын деген бір бағдарлама ойлап шығарылмаған. Тым болмағанда соларға арнап әрбір салынған жаңа үйден 1-2 пәтерді жалға (тегін емес) беруді қарастырылмаған. Осындай демеу болса олар «времянкаларды» жағаламас еді.

Түйін:Қазіргі таңда елімізде 250 мыңнан аса «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері болса, отбасында бала саны 4-тен асатын 240 мыңға жуық жанұя бар екен. Бұлардың қаншасының баспанаға мұқтаж екенін білуге қанша талпынсақ та, қол жеткізе алмадық. Еліміздегі барлық аналарды болмаса да көп балалы аналарды аялап, мемлекетінің қамқорлығын сезіндіре алмай отырғанымыз өкінішті… 

Мамандар не дейді?

Қарлығаш Зарыққанқызы, журналист:

  • Мен 4 баланың анасымын! Айтпағым, бізде 4 баласы бар анаға Үкіметтен ай сайын 10 мың теңге жәрдемақы беріліп келген болатын. 2018 жылға дейін. 2019 жылдан бастап бұл Атаулы әлеуметтік көмек статусына ауыстырылып, жұмыс істейтін аналарға кірістері бар деп берілмейтін болды. 2019 жылға дейін өткізгендер бұл жәрдемақыны бала 18 жасқа толғанға дейін ай сайын ала береді. Кезінде сол бұл жәрдемақы жұмыс істейтін аналарға да беріледі деген соң, төртінші баламды туғаннан кейін кеудемді мақтаныш кернеп, өзімше халықты қызмет көрсету орталығына 4 баламның туу туралы куалігін алып бармаймын ба?! Мәселе осы жерде басталды дерсің. Мен төрт балаға жұмыс істеп отырсам да үкіметтен берілетін 10 мың теңге (абзалында тиын деген дұрыс-ау) алу үшін төрт баламмен және жолдасыммен бір үйде тұрақты тіркеуде болуым керек екен. Ал ендеше «қайдағы бір жерде тұрақты тіркеу» дедім. Жолдасым Қарасай ауданында, мен Алматыда 3 баламен тіркеудемін. Жаңа туған баланы туа салып тұрақты тіркеуге тіптен отырғызбағам. Міне, осылай үкіметтің беретін тиынынан қағылдым. Жәрдемақы тағайындайтын кезде тіркеудің осынша пәрмені бар деп ойламаппын. Бұл жерде мен түсінбейтін бір дүние бар. Қаншама көп балалы ана баспанасыз қаңғырып жүр?! Бір қарыс времянкада тұрғандар бар. Біреуі танысына барып өтінер, «мені тіркеуге тұрғызып берші төрт баламен, жәрдемақыға өтіп алайын» деп. Ал танысы жоғы не істейді? Министрлік кішкене ақылға қонымды заңдарды ойластыруы керек қой.

Қ.Дүйсембаев