СОТ САЛАСЫНДАҒЫ РЕФОРМАЛАР ЕЛІМІЗ ТӘУЕЛСІЗДІГІН АЛҒАН КЕЗДЕН БАСТАЛДЫ. СОДАН БЕРІ КӨПТЕГЕН ШАРУА ЛАР АТҚАРЫЛДЫ, ОНЫҢ НӘТИЖЕСІ ДЕ ЖАМАН ЕМЕС. ӘЛІ ДЕ ШЕШІМІН КҮТКЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР АЗ ДЕЙ АЛМАЙМЫЗ. ҚАЗІРГІ СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ЖҰМЫСТАР МЕН ШЕШІЛМЕГЕН КЕЙБІР ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР ТУРАЛЫ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ДОСЖАН ӘМІРОВ ӨЗ ОЙ-ПІКІРІМЕН БӨЛІСКЕН ЕДІ.
– Елбасы өзінің өткен жылдың 5- қазандағы Жолдауында сот жүйесін жетілдіруге қатысты бірқатар пікірлер айтқан еді. Оның ішінде сотты басы артық жұмыстардан босату жайы да бар. Осы бағытта қандай шаруалар атқарылып жатыр?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 21-қаңтарында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған болатын. Аталған заңнаманың негізінде Мемлекет басшысы судьяға артылатын жүктемені азайтып, сапаға мән беруді тапсырған еді. Мұндай тапсырма жайдан-жай беріліп отырған жоқ. Бұған республика соттары қарайтын істер санының соңғы 3 жылда 2 есе артуы түрткі болғаны белгілі. Сөзіміз дәлелді болу үшін әр жылдары сотта қаралған істерді салыстырғанымыз жөн болар. Айталық, 2016 жылы республика бойынша соттарда 1,7 миллион іс қаралса, 2017 жылы бұл сан 2,7 миллионға жеткен, ал, 2018 жылы 4,5 миллион іс қаралыпты. Осылайша төрелік алаңында
таразыланатын істер саны жыл санап екі еселеп өсіп отырған. Ақмола облысындағы жағдай да осындай. Мәселен, облыс соттарына 2016 жылы 83 609 іс пен материал түссе, 2017
жылы 110 990, ал, 2018 жылы 169 836 іс пен материал түскен. Соңғы үш жылда біздің өңірімізде де іс пен материалдардың саны 2 есеге артқан. Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, 2018 жылы облыс соттарымен қаралған істер санының өсуіне байланысты, әр судьяның айлық жүктемесі орта есеппен 219-ға жеткен. Сонда судья күніне 10- ға жуық іс пен материалды қарайды екен. Соған орай қазылар демалыс күндері де жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес. Өйткені, қанша жерден жұмысына жауапты, кәсібіне шексіз берілген болғанымен, судьялар да отбасына көңіл бөліп, ізденуі, білімін жетілдіруі, демалуы, ортасымен, жақындарымен араласуы керек. Ал, сапаға нұқсан келмеуі үшін қазір қазылар жеке басының қызығушылығын ысырып қойып, жұмысын тыңғылықты жасауға ден қойған. «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту,
төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы осы түйткілдердің шешімін табуды көздейді.
Жоғарыда аталған заң ағымдағы жылдың 3-ақпанында күшіне енгеннен кейін сот жүйесі бірқатар басы артық жұмыстардан босатылады. Ендігі уақытта күштеп әкелу және елден шығуға тыйым салу санкциялары сотта қалады да, банк шоттарына тыйым салуды санкциялау және банк құпиясын қарайтын ақпаратты талап ету прокуратураның өкілеттілігіне беріледі. Сондай-ақ, бұйрық арқылы іс жүргізудің 18 талабының 9-ы нотариатқа, оңайлатылған тәртіппен іс жүргізудің 12 категориясының 10-ы бұйрықтық іс жүргізуге беріледі. Яғни, бұның бәрі сотты басы артық жүктемелерден босатып, тікелей өз міндетімен айналысуға мүмкіндік жасамақ.
– Сот саласы ғана емес, жалпы барлық мемлекеттік қызмет салаларын электронды нұсқаға көшіруге қазір үлкен көңіл бөлінуде. Бұл қызмет жеделдігін арттырып, заң бұзушылықтарға жол бермеуге септігін тигізеді. Осы бағытта сот саласында қандай оң өзгерістер бар? Сол жайында тарқата айтып кетсеңіз.
– Елбасымыз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында және 2018 жылдың 5-қазанындағы Жолдауында: «Біріншіден, сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистер енгізуді жалғастырған жөн», – деп сот жүйесін электронды қызмет көрсетуге көшірудің маңыздылығын атап өткен болатын. Жұмысты оңтайландырып, жеделдігін арттыратын және адам факторын азайтып, жемқорлық сияқты келеңсіздікке жол бермейтін электронды қызметке көшу мәселесіне Жоғарғы Соттың төрағасы Жақып Асанов үлкен мән беріп, аймақтық соттардың алдына жеті негізгі міндетті жүктеген еді. Осы тапсырманы орындау мақсатында Ақмола облыстық соты да ауқымды жұмыстар атқарып жатыр.
Ақмола облысы соттарында қазіргі таңда 85 сот отырысы залы бар, олардың барлығы 100 пайыз дыбыс, бейне тіркеу құрылғыларымен жабдықталған. Соның негізінде облыс соттарына өткен жылы электронды түрде 34 338 талап арыздар түссе, (барлық істің 95,1 пайызы), 2017 жылы – 29413 немесе 88,1 пайыз болған еді. Әкімшілік істер бойынша – 14 522 (99,1 пайыз) электронды талап арыз түсті. Жыл басында Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов еліміздегі сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша жеті басым бағытты ұсынған болатын. Ақмола облысы соттарында осы бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Енді соған кеңірек тоқтала кетейін. Ең алдымен, «Судья көмекшісі» жобасы бойынша Көкшетау қалалық сотында 853 іс, Көкшетау әкімшілік сотында 1028 іс көмекші
бекітілген судьялармен қаралды. Қолға алынған тағы бір жоба – «Түнгі сот» жобасы. 2018 жылдың 27-шілдесінде іске қосылған бұл жоба көлік жүргізушілерінің жолда жүру ережелерін бұзып көлік құралдарын бүлдіруге әкеп соққан, материалдық залал келтірген заң бұзушылықтар жөніндегі істерді қарайды. Бүгінгі күнге дейін осы жоба бойынша 106 материал қаралды. Аталмыш бастама азаматтардың жеке уақыттарын үнемдеп,
жауапкершілік мәселесін дер кезінде және келтірілген шығындар бойынша сұрақтарды жедел шешуге оң септігін тигізуде. Сонымен қатар, сақтандыру сыйақыларын төлеу мерзімдері 3 айдан 15 күнге дейін қысқартылып отыр.
«Виртуалды Сот» жобасын іске асыру мақсатында мобильді бейнеконференц байланыс арқылы сот отырыстары өткізілуде. Қазіргі таңда осындай тәсілмен 186 іс қаралған. Сонымен қатар, 2884 материал бойынша қылмыстық-атқарушылық мекемелерімен және 174 материал басқа соттармен бейнеконференц байланыс арқылы өткізілді. «Виртуалды сот» жобасын жүзеге асыру аясында, 13 ауылдық округте бейнеконференц байланысына арналған бұрыштар ашылып, шалғай елді мекендерде тұратын сотқа қатысушы тараптарға ыңғайлы болу мақсатында мобильді бейнеконференц байланысы орнатылып, 34 сот отырысы
өткізілді. Бұл жоба аясында сотқа келген азаматтарға ғана емес, сотқа келуге ниет еткен шалғайда тұратын азаматтарға да қолайлы жағдай жасау, қаражаттары мен уақыттарын үнемдеу мақсатында ауылдық округтерде электронды бұрыштар ашу жұмыстары жүргізілуде. Қолға алып отырған тағы бір маңызды жоба – «Отбасылық сот» деп аталады. Ол
2018 жылдың 19-қарашасында өз жұмысын бастады. Көкшетау қалалық соты мен ювеналды сотта жоба шеңберінде жұмыс істейтін 6 судья бекітілді. Осы күнге дейін Көкшетау қалалық сотына 79 іс, ал ювеналды сотқа 50 іс түсті. «Соттағы татуласу іс-шаралары» жобасы бойынша татуласу рәсімімен барлығы 1050 іс қаралып, оның 411-і немесе тараптардың 46,6 пайызы медиативтік келісімге келді. 6 судья осы жоба бойынша мамандандырылып, арнайы
курстардан өткен 18 судья медиатор куәлігін алды. «Соттан тыс татуластыру шаралары»
жобасы бойынша қазіргі күні облыста үш татуласу орталығы құрылып, жұмыс жасауда. Осындай орталықтың біреуі Көкшетауда болса, қалғандары Атбасар және Бұланды аудандарында қызмет көрсетуде. Облыс аумағында қазіргі күні 37 медиация кабинеті бар. Оның 14-і әкімдіктердің ғимаратында болса, 22-і соттарда орналасқан, оған қоса бір кабинет Қазақстан халқы ассамблеясында жұмыс істеуде. Осы күнге дейін соттан тыс татуластыру шарасы шеңберінде 465 даулы істер қаралып, оның 463-і немесе 99,6 пайызы екі тараптың
татуласуымен аяқталды. Сонымен бірге, облыста 36 билер кеңесі құрылды. Билер кеңесі де ұсақ дау-дамайларды шешіп, татуластыру ісімен айналысады. Сот жүйесіндегі тағы бір жағымды жаңалық – «Фронт офис» жобасы. 2018 жылдың 24-қазанында Степногор қаласынан «Фронт офис» қанатқақты жобасы қолға алынды. Онда медиаторлар, адвокаттар мен тараптарды істің материалдарымен таныстыруға арналған кабинеттер құрылған. Облыс бюджетінен арнайы қаржы бөлініп, осындай «Фронт офис» Көкшетау қаласынан да ашылмақ. Өткен жылы облыс бюджетінен 5 миллион теңге қаржы бөлініп, цифрлық медиация порталы ашылған еді. Медиацияны насихаттау үшін 3 бейнефильм түсірілді. Порталдың жұмысын судья-медиатор бақылап, жүргізіп отырады. 2018 жылдың 15-қазанынан 31- желтоқсанына дейін осы порталдың көмегімен 568 азамат сотқа келмей-ақ арыздарын беруге мүмкіндік алды.
– Сот саласындағы өзекті мәселелердің бірі – мемлекеттік тілде іс жүргізу десек, артық айтқандық болмас. Бүгінде соттағы мемлекеттік тілде қаралатын істер көлемінің аздығы да жиі айтылады. Осы бағытта қандайшаруалар атқарып жатырсыздыр?
– Дамыған отыз елдің санатына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстан соңғы ширек ғасырда биік белестерді бағындырып, бірліктің арқасында бірегей жетістіктерге жетті. Алдымен ел тұрмысына елеулі көңіл бөлген мемлекеттік саясат ендігі кезекте елдің рухын жаңғыртпаққа бағыт түзеді. Бұқараға жаққан бұл ізгі бастаманы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан айқын түйсінуге болады. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңының 4-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып бекітілді.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Біздің міндетіміз 2017 жылға қарай мемлекеттік
тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал, 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс» деп нақты атап көрсеткен болатын. Бұл қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту тек сотта ғана емес, қоғамның кез келген саласында өзекті тақырыпқа айналғанының айғағы.
Отандық соттарда істердің басым бөлігі ресми тілде қаралатыны жасырын емес. Мұндай ахуалдың қалыптасуына соттарды кінәлау қате. Себебі, ел заңнамаларына сәйкес, сотқа арыз-шағым қай тілде түссе, іс сол тілде қаралады. Ал, енді статистикалық мәліметтерге назар аударар болсақ, 2018 жылы облыс соттарына мемлекеттік мекемелерден барлығы – 4 731 талап арыз түскен болса, соның ішінде мемлекеттік тілде – 2 228 немесе 47,1 пайызы болыпты. Ал, жеке басқармаларға тоқталар болсақ, әділет департаментінен түскен құжаттардың 4-уі немесе 17,1 пайызы, білім басқармасынан келген арыздардың 27-і немесе 18,2 пайызы, ішкі істер департаментінен келген құжаттардың 8-і немесе 7 пайызы
ғана мемлекеттік тілде. Өкініштісі, облыстық прокуратура мен қылмыстық атқару жүйесінен келген құжаттар түгел, яғни, 100 пайыз орыс тілінде болды. Бұл мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік тілге қатысты орыналып отырған олқылықтар. Ал, сотқа шағымданған жеке адамдар арасында мемлекеттік тілді қажет етпейтіндер тіпті көп. Облыс соттарында 2018 жылы таразыланған 161653 істің 6161-і немесе 3,8 пайызы мемлекеттік тілде қаралыпты. Бұған әрине судьяларды біржақты кінәлау дұрыс болмайды. Заң бойынша судья талапкер арызды қай тілде берсе, сол тілде істі қарауға тиіс. Өкінішке орай, арызды орыс тілінде жазу дәстүрі әлі күнге мұрты шағылмай сақталып келеді. Біздің күш салуымызбен соңғы
екі-үш жылда мемлекеттік тілде қаралатын істер саны 2 пайызға дейін көбейді. Бұл бағытта алдағы уақытта да мақсатты жұмыстар жүргізетін боламыз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Қалкөз ЖҮСІП,
«Заң газеті»
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ