Елбасы бір сөзінде «мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсіммен айналысады» деген еді. Қазақстан Үкіметі бала күтімі үшін берілетін әлеуметтік көмектің көлемі мен түрі жағынан дамыған елдерді былай қойғанда, ЕЭО-дағы кейбір серіктестерден әлдеқайда артта қалып қойған. Не істемек керек?

Сайын БОРБАСОВ, саяси ғылымдар докторы, профессор:
– Бала күтімі үшін берілетін еліміздегі әлеуметтік көмектің көлемі мен түрі мүлде жеткіліксіз. Ай сайын берілетін мемлекеттік әлеуметтік көмектің көлемі 3 баласы бар анаға 120 мың теңге, 4 баласы бар анаға 200 мың теңге, 5 баласы бар анаға 250 мың теңгеден кем болмауы керек. Әйтпесе, қазіргі жағдайда олар лайықты өмір сүре алмайды. Әр баланың тамағына күніне құрығанда 1200 теңгеден келуі керек қой.
Сондай-ақ, ай сайынғы мемлекеттік әлеуметтік көмекті беруде дифференция болу керек деп ойлаймын. Оны бай-қуатты адамдарға емес, күйеуі 200 мыңнан төмен жалақы табатын отбасыларға беру керек. Ал, бала тууға байланысты бір реттік берілетін мемлекеттік жәрдемақының көлемі 300 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Сонда демографиялық ахуал да жақсарады. Әйел баласының күтіміне қарайды, күнкөріс үшін баласын тастап жұмысқа кетпейді. Мемлекет баладан, анадан аяғанды қоюы қажет, егер мемлекет болып тұрғымыз келсе. ҚР Констуциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Яғни, бала мен анаға көмек көрсету мемлекеттің міндеті. Егер одан бас тартатын болсақ, бізге биліктің не керегі бар?!

Алмас ЖҰМАҒАЛИ, заң ғылымдарының кандидаты:
– Жеткіліксіз ғана емес, күлкілі. Көпбалалы аналармен сөйлестік. 4 баласы бар аналар 10500 теңге алады. Яғни, әр балаға 2,5 мың теңгеден келеді. Ал, 5 баласы барлар 16 мың теңге алады екен. Мәселен, көпбалалы ананың жұмыс істеп жүріп күйеуі қайтыс боп кетті делік. Өзі жұмысқа шыға алмайды. Біздің Қазақстан бойынша төменгі күнкөріс деңгейі ретінде бекітілген қаражаттың көлемі 29 мың теңге. Яғни, адам қолдаусыз қалса, ең болмаса тамағын тауып жеуге 29 мың теңгесі болу керек.
Демек, әр балаға бөлінген 2,5 мың теңге 1 күнге ғана жетеді. Сонда қалған күндері ол немен күн көреді? Осыны ескерсек, оны күлкілі деп қана есептеу керек. Ең болмағанда төменгі күнкөріс деңгейіне жететіндей жәрдемақы болуы тиіс. Ол 18 жасқа әлде 14 жасқа дейін бола ма, бала аяқтанып, шешесі жұмысқа шыға алатындай жағдайға келгенше бола ма ол жағы реттелер. Бірақ 10 мың теңге емес. Әр балаға күнкөріс деңгейінде 29 мың теңгенің көлемінде беріліп тұруы шарт.Қоғамда баламен үйде отырған анаға ең соңғы сападағы адам ретінде қарайды, жұмысқа қашан шығасың, неге шықпайсың деп. Бұл Кеңес үкіметінен қалған сарқыншақ. Ол кезде барлық әйелді тәрбиеден ажыратып, жұмысқа қуды. Онда тегін әжелер мен аталар болды. Қазір тегін ата мен әже институты жоқ. Сол себепті де, бізде бұзақы, қараусыз қалып, өліп жатқан балалар бар. Мұның барлығы жауаптылықтың жоқтығынан. Бала тәрбиесі өте күрделі әрі қоғам алдында жауапты жұмыс. Сондықтан, мемлекет оған ең болмаса төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы бөлсе, қоғамның да оған деген көзқарасы өзгереді. Ананың да баласын тәрбиелеуге деген құлшынысы артады. Жұмысқа шығуға емес. Демек, бір баланы тәрбиелеп жатыр деген сөз мемлекеттің болашақ азаматтарын тәрбиелеп жатыр. Отансүйгіш, еңбекқор, жақсы азаматтарды көбейткіміз келсе, онда біз ана мен баланың дұрыс қамтамасыз етілуіне мемлекет, қоғам болып көңіл аударғанымыз жөн.

Сауалнаманы әзірлеген Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»