8 ақпан 2019 жылы Алматы қалалық сотында Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Алматы қалалық филиалының кезекті конференциясы болып өтті. Конференцияға Алматы қалалық филиалының 257 мүшесі қатысты. Онда  ҚР Судьялар одағы қалалық филиалы Кеңесі мен оның төрағасының өкілеттілік мерзімі бітуіне орай  қайта сайлау  өтті.  

Жиын нәтежесінде  жабық  дауыс беру жолымен жиналғандардың басым дауысына ие болған  Алматы қаласы  Бостандық ауданының №2 аудандық  сотының төрағасы Жанат Сақыбайұлы  Бекжанов Қазақстан Республикасы  Судьялар Одағының Алматы қалалық филиалына төраға болып сайланды.  Жанат Сақыбайұлы  Бекжанов Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін  құқықтану факультетін бітірген. 1994 жылдан бастап сот жүйесінде еңбек етеді.Ол Арал аудандық сотында судья  кейін сол  соттың төрағасы болса, одан соң Қармақшы аудандық соты мен  Қызылорда қалалық сотының төрағасы  қызметтерін  атқарған. 2013-15 жылдары Алматы қаласының  мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы қызметін атқарған Жанат Сақыбайұлы 2015 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Алматы қаласының Бостандық ауданының №2  аудандық сотының төрағасы қызметін атқарып келеді.

Ұзақ жылдар бойы қазылық қызметті  абыроймен  атқарып,  мол тәжірибе жинақтаған Жанат Бекжанов- сот жүйесінде өзін саладағы заманауи жетістіктерге тез бейімделгіш іскер басшы, жоғары білікті заңгер, шебер ұйымдастырушы ретінде таныта білді. Енді қоғамымыздағы судьялар мәселесін шешуде де өз кәсібилігін көрсетеді деген үміт зор! Өйткені, ҚР Судьялар Одағының Алматы қалалық филиалы Одақ жарғысына сай қоғамдағы судьяларға қатысты орын алып отырған мәселелер мен сан түрлі алға қойған мақсаттарды тиімді шешуді көздейді. Сондықтан алдағы уақытта жаңа төрағаның сайлануымен бірге қоғамдық шаралардың өткізілуі, судьялар тәуелсіздігін арттыру, сот мәртебесін көтеру, Судьялардың әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілуі мен олардың өзіндік басқаруына қатысты көптеген жақсы өзгерістер күтілуде. Осы конференцияда  Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Алматы қалалық филиалының жанындағы Судьялар әдебі жөніндегі  комиссия құрамы да жаңаланып,оның төрағасы болып осы жұмысты  бұрында абыроймен атқарып келген білікті  судья Лұқмат Тәуірбекұлы Мерекенов қайта сайланды.

Қуаныш Ермекова