Медиация институтының екі жақ та келісетін шешім қабылдануы мүмкін істерді қараудан соттарды біртіндеп босатуда алғышарт жасайтынын,  сондықтан, оны дамытып, әлемдік деңгейге жеткізу қажеттігін Елбасы судьялардың IV съезінде айтқан болатын. Содан бері аталған институтты дамыту, дау-жанжалды соттан тыс реттеудің оң тәсілдері мен тетіктерін қолға алу шаралары жан-жақты жүзеге асуда.

Билер институтында бітімгершілік қашан да бірліктің бастауы  ретінде бағаланған. Өйткені, даулар мен келіспеушіліктерді өзара тиімді шешімге келтіру азаматтар бірлігін сақтайды. ҚР Жоғарғы Сотының бастамасымен озық тәсілді жаңғырту нәтижесінде дауларды реттеудің соттан тыс және сотқа дейінгі тәртібі, соттағы татуласу рәсімдері тәжірибеге дендеп енді.  Бұл тұрғыда соттармен бірге медиаторлар, нотариустар, адвокаттар мүмкіндіктері заңмен кеңейтілді. Республика соттарына «татуластырушы судья» пилоттық жобасы енгізіліп,  татуластырушы судьялар іске кірісті. Татуластыру рәсімдерін өткізу, соған сай, дауласушы азаматтардың өздерін жайлы сезінулері үшін сот ғимараттарында арнайы кабинеттер жасақталды. Мұндай шаралар өз кезегінде даулардың келісіммен бітуіне оң әсерін тигізіп жатқанын тәжірибе көрсетуде.

Көбінесе тараптардың мәмілелер мен қарыз соманы өндіру және неке-отбасылық қарым-қатынастарға қатысты істерде дауды келісіммен аяқтауға ынталылық танытатыны және олардың бітіммен бітуі байқалуда. Бұл сот, судья, жалпы тараптар үшін де үлкен жетістік. Жалпы, бітімгершілік, өзара келісім біздің халыққа жат емес, билер институтының ықылым заманнан келе жатқан жалғасы.

ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Ж.Асановтың бастамасымен еліміздің барлық аумағында  сотсыз татуластыру орталықтары құрылды. Сонымен бірге тараптарға қолданыстағы заң талаптары мен бітімгершілік рәсімдері судьялар тарапынан да жан-жақты түсіндіріліп, азаматтық дауларды сотта, сотқа дейін шешудің тетіктері жоғары деңгейде жұмыс істеуде. Мысалы,  ҚР Жоғарғы Сотының «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы аясында азаматтық даулар сот ісін жүргізудің ең бастапқы, соның ішінде талап арызды сот өндірісіне қабылдау сатысында татуластыру рәсімдері арқылы реттелуде. Республика көлемінде әртүрлі азаматтық істер бойынша келісімдер саны артып жатқаны да атап айтарлық жайт. Бұлардың ішінде жоғарыда айтқанымыздай, отбасы-неке, ар-намыс, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау, құқықтық қатынастардан туындайтын, т.б. даулар басым.

Бүгінде судьялар істерді медиациямен бітіруде белсенді жұмыс істеуде. Олар сот процесінің соңына дейін тараптардың татуласуына күш салып, істің бітімгершілікпен бітуіне заңмен берілген бар мүмкіндікті пайдалануда. Әрине, сотқа азаматтар түрлі көңіл-күймен келеді. Оларды даулы мәселеде өзара келісімге келуге көндіру оңай емес. Сондықтан, Медиация туралы заң нормалары мен татуластыру рәсімдерінің артықшылықтары түбегейлі түсіндіріледі.  Мұның бәрі уақытты талап ететіні де жасырын емес.  Себебі, тараптар арасындағы кей даулар шиеленісіп кетеді. Істерді медиациямен бітіруде екі жақты да мұқият тыңдаудың маңызы зор. Нәтижесінде сот шешімінен гөрі өзара келісімнің пайдалы екенін азаматтар да түсінуде.

Бабалардан жалғасқан билер институты дауласушыларды татуластыруымен құнды. Тіпті, бір-бірімен жауласып келгендердің өзі билердің бәтуалы бір ауыз сөзінен аспаған. Тәжірибеден байқалғандай, жүйелі сөз, нақты фактілермен даудың келісіммен бітуіне мүмкіндік жасауға болады. Медиацияның басты артықшылығы, тараптар медиациялық келісімде талап арыз шеңберінен шыға алады. Яғни, олар дауды медиация немесе партисипативтік рәсімдер тәртібі туралы келісімде өзара талаптарды толық көлемде реттеу мүмкіндігіне ие. Бұған қоса тараптардың медиация туралы шартта көрсетілген өзара ерікті ниет білдіруі медиация рәсіміне қатысудың шарты болып табылады. Медиация барысында тараптар қалаулары бойынша өздерінің материалдық немесе процессуалдық құқықтарын иеленуге, талаптар мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға, даудан бас тартуға ерікті. Сот тәртібінде қарастыруға тиіс даулардың санын қысқартып, оларды шешудің баламалы тәсілін, оның ішінде бітімгершілік рәсімдер медиация әдісін қолдану адам құқықтарының әділ сақталуының кепілі.

Бүгінгі күні елімізде азаматтар арасында туындаған дауды өзара шешуге барлық мүмкіндіктер жасалған. «Дау мұраты – бітім» деп Сырым бабамыз айтқандай, татуласу, бітімгершілік рәсімінің аясын кеңейтуге, халықтың дауды сотқа дейін реттеуге мүдделілігін арттыруға, сол арқылы қоғамдағы шиеленістерді төмендетуге оң ықпал ету баршамыздың міндетіміз.

Дүние-Зада Кеншимова,

Ақтау қалалық №2 сотының судьясы