Көп балалы анаға қатысты қаралау науқаны да қатар жүріп жатыр. Ашық қараламаса да, күмән тудырып, жанамалап сынап, кекесінге бұрып, сұрақ қойып дегендей. Өкінішті… Біреуі — «өртте өлген бес сәбидің әкесі бұрын үш рет сотталған екен» деді, енді біреуі — «жерлеу тыныш өтті, наразылық байқалмады» дейді, енді бірі — «көп балалы отбасылардың балаларын алып, интернатқа өткізу керек» дегенге дейін барды. Тағы бір ағайын «көп балалы отбасының әкелері қайда екен» деп қамқорсып отыр... Осы оқиғаны бастан-аяқ бақылап, арызданған жұртты мейлінше тыңдап отырған адам ретінде айтайын: бұл шыққан аналардың барлығы дерлік жалғызбасты, шарасыз шерменделер. Бірінің күйеуі өлген, жесір, бірінің күйеуі ауру, мүгедек, енді біреулерін күйеулері тастап кеткен, тағы көбінің жолдасының тапқаны түкке жетпейді… Яғни, әкімдіктің алдына басқа лажы қалмағасын, басқа сүйенері болмағасын келген қарындастар. Айналайын ақылды достарым, парасат биігінен сөз арнар кезде адамның барлығы бірдей сіздер сияқты ерекше ақылды, қайратты болып тумайтынын, халық болғасын қаріп-қасер де, ақша табуға қабілетсіз жандардың да болатынын ойласаңыздар екен… ((

Фейсбуктегі парақшасынан