2018 жылы мемлекеттік мекемелер сатып алған қызметтік көліктердің 97 пайызы қазақстандық өндірушілерден алынған. Бұл туралы «ҚазАвтоПром» автомобиль саласы кәсіпорындары одағының өкілдері мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

2018 жылы мемлекеттік органдар 20,68 миллиард теңге сомасына 3 315 автокөлік сатып алды. Бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 27 пайызға (1 232 дана) аз.  Мемлекеттік сатып алудың 97 пайызы (3 216 бірлік) қазақстандық өндірістің автомобильдеріне, ал қалған 3 пайызы — импорттық техникаға (99 дана) келді. Шетел өндірісінің автомобильдерін сатып алуға республикалық бюджеттің шығындары 2017 жылғы 4,9 миллиард теңгеден 860 миллион теңгеге дейін қысқарды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы ең танымал жеңіл көліктердің рейтингінде отандық өндіріс модельдері көш бастаған.  Көшбасшы көліктер тізімі: LADA 4×4 642 дана және үлесі 19,4 пайыз. Ары қарай LADA Vesta (208 дана), Skoda Octavia (186), Chevrolet Niva (155), Skoda Superb (152), JAC S5 (140 ), KIA Cerato (138), KIA Sorento (132), УАЗ 396295 (110), УАЗ 390995 (109 дана). «2017 жылы мемлекеттік сатып алу секторында шетелден қымбат қызметтік автокөліктерді жеткізу күрт өсті. Қазақстандық автозауыттарда жеңіл автомобильдердің 60-тан аса моделі шығарылады. Он бренд түрі бар. Оларды пайдалану сипаттамалары импортталатын аналогтардан кем емес. ҚазАвтоПром кәсіпорындарының желісі кең: үнемді қалалық седандардан бастап ауылды жерлерде жол талғамайтын көліктер өндіріледі. (…) Біз өткен жылы мемлекеттік мекемелер сатып алған 100 автомобильдің 97-і қазақстандық кәсіпорындар шығаратынын қуана хабарлаймыз», — деді «ҚазАвтоПром» Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындары одағы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Алферов.