Заря апай, алдымен сізді мерейтойыңызбен құттықтаймыз! «Алпыс – тал түс» дейді ғой қазақ. Алайда, бұл – саналы адамның өзіне бір есеп беретін кезі. Артқа бұрылып қарағанда, не нәрсеге шүкір дейсіз, неге қынжыласыз, «әттеген-айыңыз» қайсы?
– Жақсы лебізіңе рақмет! Шығыс ойшылдары: «Адам өмірі үш күндік: кеше, бүгін, ертең. Кешегің өтті. Ертеңің қандай болары белгісіз. Сондықтан, бүгініңді ертеңгі күні өкінбестей етіп өткіз» деген екен. Менің өмірдегі ұстанымым да осы. Жалпы, өткен өміріме көз салсам, өзекті өртер өкінішті сәттерім аз сияқты, соған шүкіршілік етемін. Отбасы, ошақ қасында отырып қалмай, әртүрлі қоғамдық істерге бір кісідей атсалыстым. Ана тіліміздің мәртебесі үшін күрес, жер сатуға қарсылық сияқты даулы мәселелерде де тәуелсіз елдің азаматы ретінде өз көзқарас, пікірлерімді айтып та, жазып та жүрмін. Бала кезден армандап, қиындықпен жеткен журналистикадан ешқашан қол үзген жоқпын. Облыстық, республикалық газет-журналдарда, интернет журналистикада қызмет еттім. Ара-тұра аударма жұмыстарымен де айналысқан кездерім болды. Бірақ, қызмет, бала тәрбиесі, отбасылық үлкенді-кішілі мәселелер деп жүріп, жазсам деп жоспарлап, алайда жазуға үлгермей жатқан әдеби шығармашылық жұмыстарым аз емес. Алла ғұмыр берсе, соларды жазып, тиянақтауым керек. Адамның орташа жасы – 80 жыл десек, өмірдің көбі кетіп, азы қалды… Меніңше, «алпыс – тал түс» дегенді шығарып жүргендер осы заманғы қазақтар. Рас, соңғы жылдары әлемде жасы 100-ден асқан адамдар саны көбейіп келеді дегенді интернет те, газет журналдар да жиі жазады. Шетелдік ғалымдар келешекте адамның өмір сүру ұзақтығы 120
жыл болады деп болжам жасауда. Бәлкім, сол кездері шынымен «60 — тал түс» болар. Бірақ, осынау көңіл жұбатар жылтыр сөзге сеніп, қалған азғантай ғұмырымызды бейғам өткізуге болмайды.
– Осы өзіңіз өмір сүрген заманға ризасыз ба, егер сіздің еркіңізде болса, кімдермен тұстас болар едіңіз және неліктен?
– Сұрағың өте күрделі екен. Ризамын немесе риза емеспін деп бір сөзбен жауап беруге қиналамын. Әрине, еліміздің тәуелсіздік алып, өз алдына дербес мемлекет атанғанына ризамын. Бірақ… Егер таңдау еркі берілсе, жазушы ретінде Ғабеңдердің заманын таңдар едім. Себеп, сол тұс қазақ қаламгерлерінің «алтын ғасыры» болған секілді. Ақын-жазушылардың кітаптары мемлекеттік баспадан жүздеген мың данамен шығып, күллі Қазақстанға, қала берді, орыс тіліне аударылып, Кеңестер Одағындағы он бес республикаға таралатын. Түрлі ұлт тілдеріне аударылатын. Оқырмандар ақын-жазушыларды қадір тұтып, аяқтарын жерге тигізбейтін. Қайда барса да төбелеріне көтере қарсы алып, ат мінгізіп, шапан жауып, ерекше құрметтегендерін көзіміз көрді. Олардың алатын қаламақылары да өте қомақты еді. Қадыр ағамыз сияқты ерінбей еңбек етіп, өндіре жазғандар тіпті бір кітабының қаламақысына жеңіл көлік сатып алған да кездері болды. Мемлекет ақын-жазушыларға тегін пәтер, шығармашылық үйлерге жолдама беретін. Мерейтойларының тұсында орден, медальдармен марапаттайтын. Атақты ақын-жазушылар Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланды, компартияның Мәскеудегі мәртебелі съездеріне делегат болып барды. Бір сөзбен айтқанда, коммунистік жүйенің саясатын насихаттайтын идеологтар ретінде қаламгерлер қауымына алаңсыз шығармашылық жұмыспен айналысуға да, қоғам қайраткері ретінде көрінуге де мол мүмкіндіктер жасалды. Қазіргі жазушыларға ол заман, әрине, ертегі сияқты.
– Э.Хемингуэйдің: «Үлкен жазушы болу үшін талантпен қатар бақытсыз балалық шақ керек» деген сөзі бар ғой, осымен келісесіз бе? Жалпы, сізді жазушы еткен не нәрсе? Алғаш жазған туындыңыз есіңізде ме, не жайында еді?
– Э.Хемингуэй мықты жазушы, оған дау жоқ. Бірақ, ол кісінің бұл сөзін бұлжымас қағида деп есептемеймін. Аллаға шүкір, ауылда туып-өссем де бақытты балалық шақты бастан өткердім. Әке-шешеміз ештеңеден кемдік көрсеткен жоқ. Олардың жаздыртып алмайтын газет-журналы болмайтын. Үйге «Балдырған» журналынан бастап «Жұлдызға» дейін келетін. Жаңа шыққан әдеби кітаптарды елден бұрын оқитынбыз. Әкем іссапармен үлкен қалаларға барса, ең алдымен базарлық деп бізге әдеби кітаптар сатып әкелетін. Қысқы, жазғы демалыс кездерінде ауылымызға іргелес жатқан Ресейдің қалаларына апаратын, Астраханның көне
Кремлін, цирк, музей, хайуанаттар бағын аралап, Волгоградтағы планетарийді тамашалап, Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткіш кешендерге барып, өзіміздің Нұркен Әбдіров сынды батырлардың рухына тағзым етіп қайтушы едік. Сол көргендеріміздің әсерінен көпке дейін арыла алмай жүретінбіз. Қызық оқиғалы тартымды кітаптарды көп оқығанның әсері ме, бала кезден көркем әдебиетке бір табан жақын болдым. Ойдан ертегі құрастырып, оны іні-сіңлілеріме майын тамыза айтып беретінмін. Менің таңғажайып ертегілерімді тыңдау үшін күнде кешкісін көрші үйдің балалары ауламызға жиналатын. Бірте-бірте шағын скетчтер жазып, оған үлкен інім Марспен бірге оқыған балаларды қатыстыра отырып, мектеп сахнасына қоятынбыз. Бесінші, алтыншы сыныптан бастап
«Қазақстан пионері» газетіне (қазіргі «Ұлан» газеті) шағын мақалаларым жарияланып тұрды. Тоғызыншы сыныпта «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас Алаш») алғашқы новеллам шықты, сол жылы әйгілі Әбу Сәрсенбав атамыз маған ақ батасын берді. Студент кезімде «Жаңбыр иісі» деген тұңғыш әңгімем «Қазақстан әйелдері» журналының айқара бетіне басылғанда, төбем көкке жеткендей, қатты қуанғаным есімде. Алғашқы ғашықтық
сезімі оянған студент қыз бен жігіт жайлы әңгіме еді. Оқырмандар сол әңгімемді өте
жылы қабылдады.
– Қаламгерлер көп болғанымен, әркімнің өз тақырыбы, өз оқырманы бар ғой. Сіз, көбіне әйел тағдырына қалам тербейсіз. «Екіге бөлінбейтін келіншек», «Түнекке жұтылған түнгі оттар», «Шие ағашы көңілсіз шайқалған кеш», «Тордан ұшқан тотықұс» – осылардың барлығында әйел жанының жалғыздығы сипатталады. Дәл қазіргі қоғамда әйелдердің қандай мәселесі сіздің жаныңызды ауыртады?
– Журналист ретінде тағдыр тәлкегіне тап болған талай жанға қол ұшымды созып, рухани қолдау көрсетуге тырыстым. Ол кездерде қазіргідей әйелдерге ақыл-кеңес беретін маман психологтар жоқ, редакциямызға, кейде тіпті, үйімізге қыз-келіншектер мені іздеп келетін. Балаларым: «Неге сізге танымайтын тәтелер келеді? Сіз не, мать Терезасыз ба?» деп таңырқайтын. Әйелдердің кейбірі «көңілдің кірі айтса кетеді» деп, әркімге аша бермейтін жан сырларын ақтарып салатын. Көбі көз жастарын армансыз төгіп, іштегі шері тарқағасын, бірер ауыз жылы сөзіме қанаттанып, рақмет айтып кететін. Бірақ, бар ауыртпалықты жүрегіме сіңіріп алған менің таңды көзбен атырған кездерім де аз болған жоқ. Олар айтқан әңгімелер қанша уақыт бойы көңілімде жаңғырып, көкейімнен кетпей жүретін. Ақыры аты-жөндерін өзгертіп, айтқан әңгімелерін ақ қағазға түрте бердім. Араға біраз уақыт салып, өңдеп, әрлеп, жонып, қырнап, толықтырып, газет-журналдарға бердім. Соныма қарап, мені
білмейтін жұрт сыртымнан «тұрмысқа шықпай қалған қыз», «күйеуі тастап кеткен келіншек», «жалғыз басты әйел екен» деп ойлайды екен. «Сіз екеуміз тағдырлас екенбіз, мен де өзіңіз секілді мұңлық едім» деп редакцияға хабарласып, іздеп келгендер де болды. Артынан бір азаматтың жары екенімді, балалы-шағалы жан екенімді білген соң, кейбіреуі сенер-сенбесін білмей жататын. «Тура өз басыңыздан кешкендей ғып қалай жаздыңыз?!» деп қатты таңқалғандар да болды. Кейін сол әңгімелерімнің кейбірін жабық әдеби бәйгелерге ұсынғам, жүлделі орындарға ие болып, сыншылар назарына ілікті. 2010 жылы Республикалық «Алтын қалам» әдеби конкурсында «Ең үздік проза» номинациясына ие болдым. Меніңше, шынайы жазу үшін қаламгердің бақытсыз болуы шарт емес, тек өзгенің қайғы-мұңын терең түсінетіндей жаны нәзік, жүрегі сезімтал да мейірімді болуы керек.
– Қазір қоғамда «бақытты болу үшін былай ет» немесе «қарыздан құтылам десең былай ет» деген ақылы тренингтер мен осы тақырыптағы кітаптардың дәурені жүріп тұр. Жазушылар кітабының 1000 таралымы дүкендерде шаң басып тұрса, психологиялық кітаптар бірнеше қайтара басылып шығуда. Осыған көзқарасыңыз қалай?
– Осыдан он бес жылдай бұрын, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі болып жүрген кезімде Алматыдағы кітап дүкендерін аралап, «Қазақстан Ресей кітап баспаларының базары ма?» деген зерттеу мақала жазғам. Сол кезде «Қалай еркектерді айналдыруға болады?» деген мазмұндағы түрлі «ақылман» кітаптардың көптігіне қайран қалғанмын. Қазір де, сен айтқандай, психологиялық кітаптар дүкен сөрелерінде толып тұр. Сұраныс болмаса, олар қайта-қайта басылып шықпас еді ғой. Демек, бұл – біреулердің табыс көзі, бизнесі. Бірақ, қоғамның ілгерілеу көрсеткіші деп айта алмаймын. Алайда, бұл уақыт өте келе, оқырмандардың санасы жетіліп, талғамы өскен соң, қалатын уақытша құбылыс деп ойлаймын.
– Бүгінгідей ақпарат сәт сайын құбылып, жаңарып, техника мен технология қарыштап дамыған кезеңде жаһандануға жұтылып кетпей, ұлт болып қалу үшін не істеуіміз керек?
– Басқа адамға ақыл айту, біреудің немесе қоғамның кемшілігін көру оп-оңай, ал өз қателігіңді байқау, кемшілігіңді түзеу қиынның қиыны. Әр адам алдымен өз кемшілігін өзі түзесе, отбасы да түзелер еді. Ал, әр отбасының түтіні түзу шықса, қоғамымыз да дұрысталар еді. Баяғы заманда қазақтардың түрмесі де, тергеушісі де, соты, полициясы, прокуроры да болған жоқ. Бірақ, ата-бабаларымыз «Байлық – алақанда еритін мұз, бақыт – ұзатылатын қыз, ал бала – артыңда қалатын із» деп ұрпақ тәрбиесіне қатты мән берді. Әсіресе, қыздарының тәлім-тәрбиесіне ерекше көңіл аударды. Қыз баланың тәрбиесіне деген жауапкершілікті ауыл болып, ру болып, яғни, қоғам болып қолға алды. Қыз балалар қаршадайынан «барған жерлеріне тастай батып, судай сіңу» керегін естіп өсті, ерте есейді. Қыз тәрбиесі ұлт тәрбиесі екенін біз әлі түсінбей жүрміз. Бұдан біраз жыл бұрын Польшадағы халықаралық журналистер интернатурасынан өттім. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» демей ме. Сонда бір байқағаным, Варшавада «Бекзат бикештер мектебі» («Школа благородных девиц») деген бар екен, соған жұрт туғанына 4-ақ апта болған қыздарын кезекке тіркеп қояды. Жас қыздарына жақсы тәрбие беруге ынтызар адамның саны көп! Бізге де сондай әдепті, мәдениетті, инабатты қыздарды тәрбиелейтін оқу орындары міндетті түрде керек. Өйткені, біздің қыздарымызды менталитетімізге жат шетелдік көркем фильмдер мен телесериалдар, «Қалаулым», «Кел, келінім» және басқа отандық телешоулар «тәрбиелеп» жатыр. Солардың орны толмас өкінішке ұрындырмасына кім кепіл?! «Бүгінгі қыз – ертеңгі ана» деген сөзді үлкен мінберлерден жиі естиміз. Бірақ, біз  ол болашақ аналарды қалай тәрбиелеп жатырмыз?! Мәселе сонда. Шыны керек, қазір ауылдағы ахуалды онша жақсы
білмеймін (қалада тұрып жатқаныма 40 жылдан асты ғой), ал қалалық қыздардың тыныс-тіршілігімен етене таныспын. Олардың көбі заман талабына сай, ағылшын тілін жақсы біледі, жеңіл көліктерін ұршықша иіреді және өздерінің сыртқы сұлулықтары мен дене сымбаттарына ерекше көңіл бөледі. Көбінің қос-қос дипломы бар. Бакалавр, магистратура
бітірген…Қаржылық жағдайы бар қала қазақтары қыздарын бесіктен белі шығаршықпастан пианино, би, вокал, гимнастика, у-шу, кудо, таэквондо, т.б спорт үйірмелеріне сүйрелеуде. Бірақ, ешқайсысы: «қызым, айналайын, түбі саған керек болар-ау» деп оларға тігін үйретуге,
аспаздықтың қыр-сырына баулуға құштар емес. Ұлттық әдеп, тәлім-тәрбие де олар үшін керексіз нәрсе сияқты. Сол себепті, үйленгендеріне жыл толар-толмастан, талай жас отаудың шаңырағы ортасына түсіп жатыр. Өте өкінішті. Жалпы, қазақ халқы жаһандануда жұтылмас үшін ұлттық қадір-қасиетін жоғалтпауы керек.
– Биылғы Жастар жылынан қандай үміт күтесіз?
– Қазір бізде таланты да, қабілеті де алдыңғы буыннан артық болмаса, кем емес жас ақын-жазушылар баршылық. Алайда, оларды жалпы халық біле бермейді. Өйткені, біріншіден, олардың өз қаржыларына шығарған немесе мемлекеттік тапсырыс бойынша аз таралыммен шыққан кітаптары жалпақ елдің қолына тегіс тимейді. Екіншіден, көбінің басында баспанасы жоқ, әр жерде пәтер жалдап, тар баспаналарда тұрып жатыр, күнкөріс үшін амалсыз әртүрлі жұмыстар атқаруда. Яғни, Алла тағала ерекше қабілет берген жас ақын-жазушыларымыз шығармашылық мүмкіндіктерін толық көрсете алмай жүр. Үшіншіден, теледидар тек мазмұны жеңіл-желпі ән айтатын әуесқой әншілер мен арзанқол әзілкештерден артылмайды, ал жас ақын-жазушылардың жарнамасы жоқ. Биліктегілерге бір табан жақын біреулері болмаса, көбі көлеңкеде қалып жатыр. Сондықтан, Жастар жылы жас қаламгерлер мемлекет қамқорлығынан шет қалмаса екен. Фейхтвангер деген неміс ойшылы: «Көркем әдебиет жас баланы үлкен қоғам қайраткері деңгейіне дейін тәрбиелейді» деген екен. Қазақ балаларын ұлтжанды, отаншыл, намысты, адамгершілігі мол, мықты азаматтар етіп тәрбиелейтін жақсы кітаптар ауадай қажет. Тәуелсіздік жылдары қаламгерлер қатарына қосылған, санасы коммунистік идеялармен уланбаған талантты жас жазушылардан көп үміт күтемін. Олардың тың идеяларға толы, тартымды кітаптар жазуына мемлекет тарапынан қамқорлық жасалса, одан ұлтымыз ұтпаса, ұтылмас еді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айсұлу АСАНҚЫЗЫ