Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ұйымдастыруымен шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесінің келуіне орай «Шығыс елдерінің жаңа жылы!» атты тақырыпта тәрбиелік іс-шара өтті.

Мерекелік іс-шараға Қытай, Корея, Ауғанстан, Швейцария, Жапония, Испания, Филипин және басқа да елдерден келген, жалғастырушы топта оқитын шетелдік студенттер қатысты. Шара барысында шетелдік студенттер шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жылды атап өту салттары мен жолдары туралы, сонымен бірге әр елдің жаңа жылды мерекелеу дәстүрлері және тарихы, түрлі көріністері жайлы сөз қозғап, өз ойларын білдірді.

Әсіресе, Қытай елінен келген студенттер кезегімен сөз алып, Қытай Жаңа жылы «көктем мерекесін» тұрмыста «Нянь» деп атайтынын, «Нянь» қытай тілінен аударғанда «жыл» деген мағынаны беретінін, бұл мезгілде қыс кетіп, көктем келгенде табиғат жаңаратынын, ежелден Қытай елінде Жаңа жыл мерекесі ең ұзақ әрі басты мереке екенін, мерекені атап өту екі аптаға дейін созылатынын, кейін Шам мерекесімен аяқталатынын айтып өтті. Сонымен қатар, іс-шара барысында Қытай елінің студенттері мерекелік дастарханға берекенің белгісі ретінде молынан, міндетті түрде қойылатын соя ірімшігімен, тауық пен балық еттерінен жасалған тамақтардың түрімен таныстыра отырып, бұл азық-түліктің атауы «молшылық» пен «бақыт» сөздеріне ұқсайтынын, ескі дәстүр бойынша Қытай елінің солтүстік аймағында дастарханға қойылатын «Цзяоцзы» тұшпара атауы «ескі жылмен қоштасып, жаңа жылды қарсы алу» деген сөздерімен ұйқасып, тұшпара пішіні алтын және күміс кесегіне ұқсас болып, бұл — байлық пен молшылықтың белгісі болса, ал оңтүстік аймақтарда дастарханға жабысқақ күріштен жасалынған няньгао тағамы қойылып, бұл тағам жақсылықтың нышаны болып табылатынын да түсіндіріп кетті.

Шетелдік студенттер жаңа жылды қарсы алу дәстүрлерімен таныса отырып, фольклорлық қойылымдарды тамашалап, көпшілікке арнайы дайындалған, жаңа жылдық дәстүрлі тағамдар ұсынылды.

«Шығыс елдерінің жаңа жылы!» атты іс-шара шетелдік студенттердің өздерінің белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті. Бұл шетелдік студенттердің рухани-мәдени білімдерін көтерудің өзгеше формасы, әрі шетелдік студенттердің ой-танымын қалыптастырудың негізі болар бірден-бір жақсы әрі маңызды іс-шара болды.

 

А.Е. Cаденова., А.С. Айтпаева.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Шетелдіктердің тілдік және 
жалпы білім беру дайындығы 
кафедрасының оқытушылары