– Кеңестік кезеңдегі саяси идеология салдарынан халқымыздың тарихы әдейі бұрмаланды, тіпті дұрыс оқытылмады десек болады. Ал, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін осы кемшіліктерді қаншалықты түзете алдық. Жастар өз отанының өткенінен шынайы ақпарат алып отыр ма?
– Үнді халқының даңқты перзенті Джавахарал Нерудің: «Біз еліміздің тәуелсіздігін қалпына келтірдік, ағылшындар алып кеткен алтынымызды да қайтарып аламыз, қайтарып алмасақ, өзімізде қалғаны да жеткілікті. Мұның бәрі дұрыс, бірақ жуық арада біз қалпына келтіре алмайтын бір нәрсе бар. Ол – халқымыздың езіліп қалған рухы» деген сөзі бар. Сол айтпақшы, рухани жан дүниеміздің басты бір саласы тарихымыздағы олқылықтардың орнын толтыру – елдің келешегі үшін маңызды шаруа. Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихымыздағы «ақтаңдақтарды» түзетуде қыруар іс атқарылды. Елбасының жарлығымен 1998 жыл «Ұлттық келісім және тарих жылы» деп жарияланса, 2004 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жұмысын бастады, 2013 жылы «Тарих толқынындағы халық» деген атпен арнайы тарихи зерттеу бағдарламасы жұмыс істеді. Ш.Уәлиханов атындағы «Тарих және этнология» институтының ғалымдары «Қазақстан тарихы» (көне заманнан бүгінге дейін) атты бес томдық тарихи еңбекті жарыққа шығарды. Тарихымыздың әр кезеңін зерттеген тарихшы ғалымдарымыздың еңбектері де жетерлік. Кемшіліктеріміз де жоқ емес. Ата-баба тарихын зерттеген осы екен деп, өзінің руының, ата-бабасының тарихын әсірелеп жазып, болмағанды болғандай қылған тарихшылардың еңбектері де қаптап шығып жатты. Осындай сапасыз дүниелердің бірі «Қазақ шежіресіне» байланысты жарық көрген кітаптар. Халқымыздың тарихын жазуда шежіренің атқаратын маңызы үлкен екенін ешкім де жоққа шығармайды. Бірақ, әр рудың өз шежіресін шығарып, онда өз руын дәріптеп, екінші бір рудың арына, намысына тиетіндей дәлелсіз деректер келтіруі мәселенің бетімен кеткендігін білдіреді. Кеше отарлық езгіде болып, әбден рухани жан дүниеміз езілген біз сияқты халыққа рухани дүниеде отарсыздану ісін жүргізу ауадай қажет іс. Халқымыздың ұлтжанды азаматы Болатхан Тайжан 1960 жылдары азаттық алған Азия, Африка елдері екі түрлі жолмен жүргенін айтқан болатын. Бірінші жолмен жүргендер отарсыздану ісіне батыл кірісіп, аз уақыттың ішінде ұлттық құндылықтарын қайтарып алған. Ал, екінші жолмен жүргендер, айталық, Алжир мемлекеті отарсыздану ісін жүргізбегендіктен ұлттық құндылықтарын қайтарып ала алмағаны былай тұрсын, қайта сол ұлттың өзі өзара қырқысып, айтыс пен тартыстан көз ашпаған. Қазіргі Қазақстан көп ретте сол Алжирге ұқсайтындай.
– Өзіңіз көтеріп отырған кемшіліктерді түзету, халқымыздың ұлттық-рухани санасын жаңғыртуға Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының тигізер септігі қаншалықты деп ойлайсыз?
– Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған ой-тұжырымдар рухани-мәдени өміріміздің барлық саласына тың серпін берді. Осы ретте өзім еңбек етіп отырған жоғары оқу орнының оқу процесіне етене жақын «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының атқарылуы барысына тоқтала кетейін. Елбасы тапсырмасын іске асыру мақсатында «Ұлттық аударма бюросы» құрылып, әлемнің жетекші мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында оқытылып жатқан гуманитарлық пәндерге қатысты оқулықтарды қазақ тіліне аудару жұмыстары қолға алынғанынан жұртшылық тегіс хабардар. Нәтижелі жұмыс барысында қазір 18 кітап аударылып, көпшілікке ұсынылды. Ендігі міндет – ана тілімізге аударылған оқулықтарды тиімді пайдалану арқылы гуманитарлық салалар бойынша оқытылатын пәндердің мазмұнын арттырып, студенттердің сапалы білім алуына қол жеткізу. Жоғары оқу орнының ұстазы болғаннан кейін, бүгінгі тәуелсіз еліміздің студент жастарына қызыға қараймын. Гуманитарлық салалар бойынша әлемдегі ең таңдаулы оқулықтар ана тілімізге аударылды. Жастарымыз бұл оқулықтарды тікелей өзінің ана тілінде оқуға қол жеткізді. Бізде мұндай мүмкіндік болған жоқ. Осының бәрі тәуелсіздігіміздің арқасы. Мұны жастарымыз айқын түсінуі керек.
– Қоғамда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған ой-тұжырымдар кеңінен талқыланып жатыр. Бұл жобалардың жастарға берері не?
– Халқымыздың тарихын тереңірек зерттеуге, оған жаңа көзқарас, тың серпін беруде және көне дәуірден бергі мәдени мұраларымызды насихаттау, жаңа биікке алып шығу, ұлт тарихын санаға сіңіру жолында қолға алынған жобалардың қай-қайсысы болсын өте маңызды. Мәселен, «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» жобасын алайықшы. Елбасы: «Жалпы халықтың санасында фильмдердегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады» деп орынды атап көрсеткендей кино өнерінің қоғам өмірінде эстетикалық, мәдени, идеологиялық және тәрбиелік атқарар рөлі үлкен. Сонымен қатар, кино өнері біздің мәдениетімізді, тарихымызды әлемдік деңгейде танытатын жарнама және насихат құралы болып та табылады. Кино өнерінің ұлттық рухты оятудағы үлкен құрал екенін де естен шығармайық. Мысал ретінде айтайын, бүкіл әлемнің көрермендері американдықтар түсірген «Александр» атты көркем фильм арқылы қолбасшы Александр Македонскийдің әлемді бағындырмақ болған жаулаушылық жорықтарын, жеке қолбасшылық қасиетін көріп білді. Ал, сол Александр Македонскийді Сыр бойында тоқтатып, кері шегіндірген батыр бабаларымыз – Сақтардың өз отанын қорғаудағы ерлік жолын кім біліп жатыр? Мен өзім американдықтар мен жапондықтар бірлесіп түсірген «Соңғы самурай» фильмін 5-6 рет көрдім. Қайта көруден де жалыққан емеспін. Фильмнің түсірілу шеберлігіне сөз жоқ, ең бастысы мағынасын айтсаңызшы. Ата-баба дәстүрін сақтау жолында жанын құрбандыққа қию, біз кімбіз, қайдан шықтық деген терең мағыналы сұрақтардың жауабын шеберлікпен көрсету және тұтас бір ұлттың ата-баба дәстүріне адалдығы кино өнерімен баяндалады. Қазіргі уақытта қазақстандық кино аудиториясын шетелдік мән-мағынасыз, зорлық-зомбылықты, порнографияны насихаттайтын арзанқол кинофильмдер жаулап алған. Ұрпақ тәрбиесіне зиянынан басқа берері жоқ шетелдік фильмдерге қарсы тұрудың жолы, ұлттық сананы көтеретін, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін патриоттық рухтағы отандық фильмдерді көбірек шығару және оны халыққа жеткізіп насихаттау болып отыр. Фильмдер тек табыс табудың ғана емес, жастарды тәрбиелеудің, отаншылдыққа үйретудің тетігі де болуы керек.
– Қазір Елбасының мақаласында айқындалған ауқымды жобаларды іске асыруға кірісіп жатырмыз. Ал, өзіңіз еңбек етіп отырған ұжымда қандай шаралар қолға алынған?
– Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Тілектес Есболов басқаратын Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің ұжымы жастарымызға сапалы білім берумен қатар саналы тәрбие беру ісіне де ерекше назар аударып келеді. Еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының ұстаздарына қарата айтылған сөзінде Елбасы: «Сіздер университет қабырғасында тек білікті маман ғана емес, уақыт талабына жауап беретін тұлға дайындауларыңыз қажет» деген еді. Міне осы талап үдесінен шығу жолында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейін тәрбие саласындағы бұрынғы атқарып жатқан жұмыстарға жаңа серпін, жаңа мазмұн беріліп, қарқынды жүргізіліп келеді. Жастарымызға тәлім-тәрбие беру жолындағы ізгілікті қадамдар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан кейін де жалғасын тауып, жаңа сапамен байытылуда. «Назарбаев білім және ғылым орталығы» құрамында тарихи-танымдық «Қазақ әлемі» бөлімін ашу қолға алынды. Бұндағы мақсат жастарымызға тарихымызды жаңа қырынан таныта отырып, тарихи сананы жаңғырту, сол арқылы отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа және патриоттыққа тәрбиелеу.

– Бүгінгі ұрпақтың өз тарихын тануына, терең білуіне мүмкіндік бар ма?
– Құдайға шүкір деп айтайын, жалпы елімізде төл тарихымызды оқуға, оқытуға деген көзқарас жаман емес. Еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының студенттері «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәнінен мемлекеттік емтихан тапсырады. Бұл тәуелсіздігіміздің арқасы. Елбасының отан тарихын оқытуды дұрыс жолға қою жөніндегі тапсырмасының, Отан тарихының өзекті мәселелеріне қалам тартуының және арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдатып, оның орындалуын қадағалауының арқасы деймін. Десек те, Білім және ғылым министрлігінің отан тарихын оқыту мәселесіне қатысты қабылдап жатқан кейбір жұмыстарына наразымын. Қазіргі таңда жоғары оқу орындары үш тілде білім беру жүйесіне көшті. Дұрыс дейік. Ағылшын тіліндегі топтарда оқитын студенттеріміз басқа пәндермен қатар, «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәнін де ағылшынша оқуда. Өз отанымызда, өз тарихымызды ағылшын тілінде оқытуды қалай түсінуге болады? Барлық пәнді ағылшын тілінде оқыса, мемлекеттік тіл қайда қалады? Және отанымыздың төл тарихын ағылшынша оқыту қандай қажеттіліктен туындап отырғанын түсінбеймін. Білім және ғылым министрлігі бекіткен орта мектептердегі оқыту бағдарламасы бойынша 2019 оқу жылынан бастап, жоғары сынып оқушылары үш тілде білім алу жүйесіне көшіп, соның ішінде барлық мектептер (қай тілде оқытатынына қарамастан) «Қазақстан тарихы» пәнін қазақ тілінде оқытуы тиіс болатын. Яғни, орта мектепте «Қазақстан тарихын» қазақ тілінде оқып бітірген оқушылар, жоғары оқу орындарына түскеннен кейін барлығы «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихын» тек қазақ тілінде оқуы тиіс. Алдағы уақытта біздің міндетіміз – жоғарыдағы кемшілікті түзету. Екіншіден, 2016 оқу жылынан бастап Білім және ғылым министрлігінің шешімі бойынша жоғары оқу орындарында көне дәуірден бергі Қазақстан тарихы пәнін оқыту тоқтатылды, оның орнына Тәуелсіз кезеңдегі тарихымызды
оқып жатырмыз. Тарих – фундаментальды ғылым. Оның ауқымы өте кең. Жас ұрпаққа рух берер халқымыздың небір құнды дүниелері жөніндегі мәліметтерді орта мектеп бағдарламасының аясында беріп және сыйғызып, олардың санасына сіңіру мүмкін бе? Біздіңше, мүмкін емес. Жастардың толыққанды ой-санасы, уақыт талабына жауап беретін тұлғалық қасиеті жоғары мектепте қалыптасады. Біздің алдымызда заман көшінен қалмаған,
еліміздің ішкі, сыртқы саясатына жетік, рухани толыққанды өсіп жетілген мамандарды даярлау міндеті тұр. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тұжырымдалған «Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарау», «Тарихи сананы жаңғырту», «Төл тарихымызға оң көзқарас» сынды қадау-қадау мәселелерден және алдымызға қойып отырған атқарылуға тиіс ауқымды жобалардан жастарымыз шет қалмасын десек, жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын көне дәуірден бастап оқытуды қайта қалпына келтіргеніміз жөн. Тарих – әрбір халықтың пайда болу, даму, өркендеу және мемлекеттілігінің қалыптасу тұғыры. Оны оқытуды дұрыс жолға қою – мемлекеттік идеологияның стратегиялық темірқазығы болуы керек.
– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет.
Нұрлан ШЫНТАЕВ