Бала десе ет бауыры елжіреп, жүзіне жылылық ұяламайтын жан жоқ шығар әлемде. Барын баласының аузына тосып, ұрпағы үшін көзсіз ерліктер жасаған адамзаттың жер бетінен жойылып кетпеуінің бірден-бір себебі, бәлкім, олардың балаға деген махаббатынан болар.

Астана қаласындағы апалы-сіңлілі бес бүлдіршін қыздың өмірін жалмаған өрт талайымыздың өзегімізді өртеді. Уладық, шуладық. Бірақ, жандары қызыл жалынмен бірге көкке ұшып кеткен қыздарды мына жалған өмірге қайтара алмадық. Әлеуметтік желілерде әлсін-әлсін жазба қалдырып, БАҚ жарыса жазып жатқан қайғылы оқиға хақындағы әңгімелер де әртүрлі. Қысқа қайырғанда халық ұйқысынан шошып оянғандай. Біз өз кезегінде, қапыда бес бірдей перзентінен көз жазып қалған ана мен айдың-күннің аманында дүниеден өткен балалардың зарын, оларды осы күйге жеткізген қоғамның кемшілігін айтқымыз келіп отыр. Алдымен балалар жайлы. Елімізде «Бала құқығы туралы» заңның барын бәріміз білеміз. Ол заңның кіріспесінде
«Осы заң балаларды қоғамдағы толымды өмiрге даярлау, олардың қоғамдық мәнi бар және шығармашылық белсендiлiгiн дамыту, әлемдiк өркениеттiң жалпы адамзатқа тән құндылықтары негiзiнде оларды жоғары имандылық қасиеттерге, елжандылық пен азаматтыққа тәрбиелеу, олардың бойында ұлттық сана-сезiмдi қалыптастыру принциптерінің басымдығына сүйенiп, баланың ҚР Конституциясында кепілдiк берiлген негiзгi құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруға байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi» – деп жазылған. Бұл елімізде бала құқығы конституциялық деңгейде қорғалатынын көрсетеді. Олай болса, Ата Заңымызда балаларға қатысты бірде-бір пәрменді баптың жоқтығын қалай түсінуге болады? Мысалы, ҚР Конституциясы 27-бабының 1-тармағында «Неке мен отбасы, ана мен  әке және бала мемлекеттің қорғауында болады» – делінсе, келесі тармақта «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» – дейді. Сонда жоғарыдағы «…ҚР-ның Конституциясында кепілдiк берiлген негiзгi құқықтары мен заңды мүдделерiн іске асыруға байланысты туындайтын қатынастарды реттейді» – деген қайда қалды? Жарайды, «Бала құқығы туралы» заңға қайта оралайық. Төртінші бап балалардың теңқұқылығына кепілдік береді. Осы заңның 3-тарауында баланың негізгі құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Ал баланың қажеттi тұрмыс деңгейiне құқық беретін 12-ші баптың 1-тармағында «Әрбiр баланың дене бiтiмінің, психикасы мен жан дүниесiнің толымды дамуы үшiн қажеттi тұрмыс деңгейi мен жағдайы болуға құқығы бар» – деп жазылған. Әрі қарай заң «Мемлекет бұл жағдайлардың жасалуын әлеуметтік және экономикалық шаралар жүйесi арқылы қамтамасыз етедi» – дейді. Демек, бала алдындағы міндеттер ата-аналардың ғана борышы емес, мемлекеттің де міндеті.
Рас, сан түрлі ойға жетелеген Астанадағы қайғылы жағдайға ата-ананың да себепкер болғанын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, бұл олардың жауапсыздығының емес, шарасыздығының салдары. Және биліктің көпбалалы аналарды күн демей, түн демей жұмыс істеуге жеткізген шалағай саясатының бір көрінісі. Жалпы, аталған заңда «Бала тәрбиелеп отырған отбасыларына мемлекеттік қолдау» деген ұғым бар. Бірақ, ҚР «Бала құқығы туралы» заңында да, Ата Заңымызда да көпбалалы ана немесе көпбалалы отбасы деген сөз жоқ. Олай болса, ел айтып жүрген «көпбалалы ана» – мәртебесін иеленудің тәртібі қандай? Анығында, 2018 жылға дейін төрт немесе одан көп баласы барларды көпбалалы деп келдік. Қазір бестен жоғары баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелегендер көпбалалы саналады. Өткен жылдан бастап билік бұл санатқа жататын отбасыларға әлеуметтік төлем бермейді. Ал, халық азсынып жүрген он мың теңге анығында, аз қамтылған отбасыларға арналған жаңа үлгідегі жәрдемақы. Бұл көмек бала санына емес, отбасының ортақ табысына байланысты төленеді. Мәселен, төрт баласы бар отбасының айлық кірісі жүз мың теңгеден асса, олар үкіметтің көмегіне үміт арта алмайды. Әйткенмен де, ҚР Неке және отбасы туралы кодексінің 71-бабы 1-тармағындағы «Көпбалалы отбасыларға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес, жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктер беріледі» делінген. Астанадағы қайғылы жағдайдың орын алуына да негізгі себеп – көпбалалы отбасының әлеуметтік жағдайының төмендігі. Бірақ, қоғам болған соң әртүрлі пікірдің айтылатыны орынды. Бұл жолы да бір отбасының қасіретіне егілген жандар қайғыны азайтуға тырысып, қаржылай көмек беруге белсене кіріссе, енді бір тобы «ешкім баланы мемлекет үшін таппайды, бағуға шамасы келмесе, топырлатып тауып несі бар?» деп өзі ғана емес, мемлекеттің де қолдау көрсетуін құптамады. Дегенмен, аз ғана күннің ішінде 13 миллион теңгенің жиналып, қыздарын жоғалтқан отбасына баспананың берілетіні өмірде қайырымды жандардың көптігін көрсетсе керек. Бес бүлдіршіннің өлімі біраз адамның көңіліндегі бітеу жараны тырнап өткені рас. Астана мен Алматы қаласында көпбалалы аналардың әкімдік алдына жиналуы соның белгісі. Құзырлы мекеменің де келгендерді сыртқа теппей, ұсыныс, тілектерін айтуына мүмкіндік жасауы алдағы уақытта жақсы өзгерістердің боларынан үміттендіреді. Ең бастысы, сең қозғалды… Бірақ, сеңді қозғалтуға бес бүлдіршіннің қазасы себеп болғаны өкінішті…
К.ЫСҚАҚОВА,
«Заң газеті»