Қазақстанда президенттің тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы жанынан балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес құрылды. Кеңес төрағасының орынбасары, «Балалар құқығын қорғау» қоғамдық қорының құрылтайшысы Динара Закиева кеңестің мақсат-міндеттеріне кеңірек тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазақстан президентінің тапсырмасымен  Нұр Отан» партиясы жанынан балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес құрылды. Бүгін кеңестің алғашқы отырысы басталды. Динара Закиева кеңестің ең бірінші міндеті – мәселенің алдын алу екенін атап өтті. Кеңес әр өңірде күн сайын жұмыс істейтін болады.

«Кеңес жұмысы аясында біз балалар құқығын қорғаудың алғашқы қазақстандық бірыңғай әлуметтік платформасын құруды жоспарлап отырмыз. Оған барлық мемлекеттік орган кіріктіріледі. Кез келген азамат, кез келген бала осы порталға жүгініп, арыз-шағымын, ұсынысын қалдыра алады. Порталға түскен өтініштің барлығы тіркеліп отырады, ешқайда жоғалып кетпейді. Әр адам өз мәселесінің қалай шешілгенін бақылай алады», — деді ол.

Айтуынша, бірыңғай платформаны ІТ-компания тегін әзірлеп берген. Енді тек жетілдіріп, мемлекеттік органдарды кіріктіру қалды.

«Ең алдымен, біз баланың ең бірінші кезектегі қажеттіліктерін назарға алып отырмыз. Қазіргі таңда балалардың 11 проценті қиын жағдайда өмір сүреді. Жетім және қамқоршысыз қалған балаларға жағдай жасау біздің басымдығымызға айналуы тиіс», — деді ол.

Сонымен қатар, аталған кеңес қиын жағдайда қалған және көп балалы отбасыларға консультативтік-заңгерлік көмек көрсетеді. Бұған қоса, кеңес мүшелері бюджет қаржысын түрлі бағытқа бөлу бойынша ұсыныстар әзірлейді.

«Елімізде сал ауруына шалдыққан 19 мың бала бар, олардың дені Түркістан облысында тұрады. Ақшаны бөлген кезде өңірлік қажеттілікті ескеріп, тиісінде оңтүстікке көбірек квота бөлу керек», — деп санайды Закиева.

Аталған кеңес бала құқығын қорғау саласындағы халықаралық институттармен ынтымақтасып жұмыс істеуге әзір.