Қазақстандық құрамамен әлем чемпионы атанған 19 жастағы биатлоншы Арина Пантова бір жарым жыл бұрын отбасымен Ресейге көшіп кеткен. Ол не үшін азаматтығын ауыстырғанын, Қазақстанда қалмау себебін және алдағы жоспары жайлы News.ru-ға берген сұқбатында айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ.

Арина 1999 жылы Павлодар қаласында спортшылардың отбасында дүниеге келген.

2016 жылы биатлоншы қазақстандық команда құрамында жастар арасындағы әлем чемпионы атағын жеңіп алған.

Сондай-ақ, Лиллехаммерде өткен жастар арасындағы олимпиаданың жүлдегері атанды.

Бірнеше жыл бұрын Аринаның жанұясы Ресейге көшу туралы шешімге келіпті.

Биатлоннан Қазақстан құрамасының экс-бапкері, қыздың әкесіне түмендік биатлоншылармен жұмыс істеу туралы ұсыныс түскен.

Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында еліне жылы көзқараспен қарайтынын, түмендік командаға «ақша үшін» қосылмағанын жазған.

Ресей азаматтағын алу үшін Аринаның бір жарым жыл уақыты кетіпті.

Ол қазақстандық тараптан ешқандай мәселе болмағанын айта кетті.

«Жалғыз мәселе: бір құжатты жарты жыл күтуге тура келді. Бұл барлық процестерді тоқтатып қойды. Бір жағынан бұл заңдылық», — деді ол.

Ресейге оның анасы мен әкесі көшіп кеткен.

Ал Қазақстанда оның үлгі тұтатын ағасы қалыпты.

«Ағам Қазақстанда жаттығады. Болашақта Ресейге көшу-көшпеуін өзі шешеді», — деді биатлоншы.

Арина болашаққа үлкен жоспарлар қойған.

Бұл маусымда Универсиадаға қатысуға талпынатынын жеткізді. Сондай-ақ, Ресей чемпионатына қатысуы мүмкін екендігін жасырмады.