Түркістан қаласын «екінші Мекке» дейміз, «рухани Астана» атаймыз. Алайда жақында облыс орталығы болып, мәртебесі биіктей түскен қаланың ел арасында «күндіз Түркістан, түнде Ауғанстан» аты бары да жанды ауыртпай қоймайды. Осыған дейін бүкіл елдің зиярат етіп, тәу ететін мекеніне айналған қасиетті Қожа Ахмет Яссаиу кесенесінің түбінде жезөкшелердің притоны талай жыл жын-ойнақ салып, журналистердің құзырлы орындарға бірнеше рет жазған хаттарының арқасында жезөкшелер ордасы әзер дегенде құрықталған болатын.

Күні кеше әлеуметтік желіде тарап кеткен оқушылардың қатегездікке толы видеосы да қоғамымызды бір сілкіп алды. Атап айта кетер жайт, Түркістандағы оқушылар арасындағы әлімжеттік, жастар арасындағы қылмыс та талай рет сөз болды. Әйтсе де әлімжеттікке тосқауыл қойылып, қылмыстың жолы кесілетіндей әрекеттер жасалмады. Нәтижесінде қылмыс өршіп, қала жастары бір бірімен пышақтасып, қала күндіз киелі, қасиетті қала кейпінде болса түнде киелі қаладан криминалды қалаға айналып шыға келетін. Осыдан бірнеше ай бұрын кесенеге тәу ете келген жас қызды, сол қасиетті орынның айналасында бір бұзақының зорламаққа әрекет етуіне қатысты да іс қозғалған болатын.  Бұл туралы Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова «Аталған жайт ҚР ҚК «Зорлауға оқталу» бабы бойынша СДТБТ-не тiркелдi. Тергеушiлер сотқа дейiнгi тергеу жұмыстарын бастап кетті. Сараптама тағайындалды. Полицейлер күдiктiнiң түр-тұлғасын анықтап, оны ұстау шаралары жүргiзiліп жатыр»,- деп хабарлаған болатын. Күдікті алдымен бойжеткеннің телефонын тартып алып, оңаша жерге сүйреп апарған. Сөйтіп арам ойын іске асырмақ болған. Киімін шешіп, зорлық көрсетпек болғанда жәбірленуші қашып құтылған. Оны көргендер тез арада полиция мен жедел жәрдем қызметін шақыртып, бойжеткенге медициналық көмек көрсетілген. Тал түсте қаланың орталығында осындай зорлық әрекетінің орын алуы, басқа басқа киелі мекенде орын алған мұндай оқиғалар, қалаға турист ретінде келгісі келетін талай жанға кері пікір қалыптастырары анық. Осы орайда Түркістан қаласында бүгінгі күні қалыптасқан ахуалға орай, осы өңірдің тумалары, әріптестеріміздің де ойын білген едік.

Түркістан қаласындағы бассыздықтарға орай үнемі жаны ашып, әрекет жасайтын азамат, Түркістандағы притондардың жабылуына да үлес қосқан журналист Серік Жұмабаев «Топ-топ болып төбелесу мұнда атам заманнан қайталанып келеді. Бірақ, соңғы жағдай жасөспірімдердің тым қатегізденіп бара жатқанын көрсетеді. Өтіміз жарылып кетсе де айтайық, бұған ең бірінші білім бөлімі мен мектеп басшыларын тағайындайтын — қала әкімі Әліпбек Өсербаев тікелей жауап беруі тиіс! Одан кейін балалардың топ болып төбелесуден қорықпай, өздерінің жауапсыздығын сезініп, небір сұмдық әрекеттерге баруы — жергілікті прокуратура мен полиция жұмысының нашарлығын көрсетіп отыр. Әрине, бұл жерде мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың да тәрбие берудегі кемшілігін атап өткен жөн. Бірақ, тағы да қайталап айтайық, бұл бұрыннан көтеріліп келе жатқан мәселе. Мұндай келеңсіздіктердің киелі қалада өршіп кеткендігіне байланысты мен кезінде 2016 жылы ҚР Бас прокуроры болған Жақып Асановқа арнайы хат жазған болатынмын» дейді. Сол хаттан да үзінді келтіруді жөн көрдік. «Мені толғандыратыны, туған жерімде, қасиетті Түркістан қаласында қылмыс атаулы өршіп кетті, мұны Өзіңізге жеткізуді азаматтық парызым санадым. Қылмыстың өршуі жөнінен Түркістан қаласы облыс бойынша алдыңғы қатарда тұр. Оны статистикалық деректі өзіңіз ақтарсаңыз да байқайсыз. Мендегі мәліметтер бойынша, 2016 жылдың соңғы 10 айында Түркістанда жалпы екі мыңнан аса қылмыс тіркелген. Бұл не масқара?! Атам қазақ екінші Меккеге балап, бүкіл мұсылманның рухани ордасына айналған Түркістан бүгін адам естіп, көз көрмеген қылмыстардың ошағына айналып барады. Бір өкініштісі, бұған тосқауыл қоюы тиіс қалалық ішкі істер басқармасы мен жергілікті прокуратура өз жұмыстарына немқұрайлы қарап, халықтың сенімінен шығып кетті десек, артық айтқандық емес» деп басталып жазылған хаттан нәтиже шықпағанын кешегі оқиға дәледеп бергендей. Осы хаттың төменгі жағында тіпті «ІІБ мен прокуратура қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды өз деңгейінде жүргізбегеннен кейін жасөспірімдер қала аумағын бірнеше мөлтекауданға бөліп, топ-топ болып, бір-бірімен жантүршігерлік төбелестерге баратын болған» деп те атап көрсетілген екен. Серік сөзінің соңында «Бізде өкінішке орай, шенеуніктердің ешқайсысы жауапкершілікті өздерінің мойнына алғысы келмейді. Мәселен, әкім: «менің қатысым не, бұл білім бөлімі мен прокуратураның жұмысы ғой» деуі мүмкін. Ал білім бөлімі жауапкершілікті мектеп әкімшілігіне сілтейді. Прокуратура «бұл — полицияның жұмысы» деуі ғажап емес. Ең ақыр аяғында мұның бәріне ең төмендегі мұғалімдер мен ата-аналар кінәлі болып шығады. Шенеуніктер өздері судан таза, сүттен аппақ болғысы келеді. Сондықтан шенділер, ақ жағалылар бір-біріне сілтей бермей, ұрпақ тәрбиесінде аса жауапкершілік танытуы қажет!» дейді. Іс тергеліп, тексерілу үстінде. Тергеу жұмыстарына кедергі болмауымызды өтініп, осы мақаланы жазу барысында құзырлы орындар пікір білдіруден де бас тартты. Жарайды біздің міндет қоғамның назарын аудартқан мәселе жылы жабылып қалмай, тиісті шаралардың жасалуы, алдағы уақытта Түркістан қаласының киелі қала атына сай болуы. Сондықтан бұл мәселенің күні кеше басталып отырған мәселе емес екенін көрсету басты мақсатымыз болды.

Осы өңірдің тағы бір тумасы, журналист Жадыра Нармаханованың да пікірін білген едік.

Жадыра Нармаханова, «Ақ желкен» журналының бас редакторы:

  • Кешеден бері туған жерім Түркістанда болған жағдай бүкіл әлеуметтік желіні шарлап кетті. Иә, бұл жағдай бұрыннан бар. Бола да беретін шығар. Басқа өңірлерде де бар. Бірақ Түркістандағы жағдай бұрыннан қатты, қатал еді. «Күндіз Түркістан, түнде Ауғанстан» дейтіні бекер емес. Қанша рет айтылды. Бірақ тыңдар құлақ болмады. Таныстарымның өрімдей балалары топ болып кісі өлтіріп, түрмеден бір-ақ шықты. Түрмеден түзеліп келді дей алмайсың. Мектепті бітіре салып түрмеге түскен адам қоғамнан шеттеліп қалады емес пе?.. Айтпасам да, шамалап отырсыздар.

Түркістандағы осы жағдайдың желіге тарағаны дұрыс та болды, бір жағы. Неге? Табалағаным емес. Қоғам шулап айтып, талқыласа, назарда ұстаса, жергілікті билік дұрыс жұмыс істейтін шығар. Бұл су ішкен құдыққа түкіру де емес. Жанашырлықтан айтып отырғаным. Облыс әкімдігіне барып жатқан таныстарым іштей түркістандықтардың пікір білдіріп жатқанын жаратпай отырған болар. «Неге Түркістанның жақсы жақтарын айтпайды?» деп. Жақсы жақтарын бір кісідей айтып жүрміз. Ал жасөспірімдер арасындағы бассыздыққа үнсіз қала алмайсың. Қанша уақыттан бері сыздап келе жатқан сыздауық бұл. Ең біріншіден, әлеуметтік жағдайдың төмендігі осы жағдайға әкеліп отыр. Түркістанда қандай жұмыс орны бар? Әкімдікте, халыққа қызмет көрсету орталығында, мектепте, ауруханада ғана жұмыс бар. Қалғанының бәрі қара базарда. Қара базарда жүрген адамның жайы белгілі… Балаға тәрбие беретін ата-ана тамақ табудың қамымен ғана жүр. Балаға тәрбие беру үшін ата-ана да өзін дамытып отыруы керек. Жұмыс орындарын ашып, халықты парасыз жұмысқа қабылдау жергілікті биліктің құзырында болуы керек іс еді. Бірақ осы уақытқа дейін жергілікті билік ол істі дұрыс жолға қоймады. Ал анау жәбір көрген, қоқан-лоқы көрсеткен балаларды не істейміз? Екі жаққа да психологиялық көмек керек. Жәбір көрген балалардың денсаулығын бастан-аяқ тексеруден өткізген жөн. Бұл Түркістанның иммиджі үшін жылы жауып қоятын нәрсе емес! Балалардың уақытын тиімді өткізетін орталықтар ашып, біліммен, өнермен, спортпан бәсекеге түсірудің жолын қарастыру керек. Балаларға сауатты ақпарат көздері қажет. Олар өздеріндей басқа балалардың не істеп жатқанын көрсе, алға қарай ұмтылар еді. Мектепте газет-журналға жаздыру, қосымша көркем әдебиет оқыту дегеннен ата-ана да, мұғалім де ат-тонын ала қашады. Газет-журнал деген білім басқармасындағыларға, мұғалімдерге, ата-аналарға не үшін керек? Тек өздерін, балаларының жападай суретін шығарып мақтату үшін керек. Балалардың болашағын ойлап жатқан ешкім жоқ. Алды тоқсан жылдан аса тарихы бар «Ұлан», «Балдырған», «Ақ желкен» басылымдарын оқып өскен балалардың жаман болғанын көрдіңіздер ме? Газет оқып, жаман жолға түсіп кетіпті деген бала болса айтыңыздаршы. Осы газет-журналдар мемлекеттің саясатын жүргізіп отырған бірден-бір басылым. Бірақ түркістандықтар газет-журналға жазылмайды. Мемлекет балалар басылымын шығаруға ақша бөледі де, бірақ оны тарату жолдарына атқарушы органдар түрлі кедергілер жасап қояды. Не үшін балаларға мемлекет қолдауымен газет-журнал шығарып жатырмыз сонда? Әр бала дұрыс ақпарат алып, қоғамда дұрыс адам болып қалыптасуы керек. Қазіргі ең үлкен соғыс – ақпараттық соғыс. Ал балалардың өздеріне қажетті ақпаратты алуына жағдай жасап жатырмыз ба? Мәселе сонда.

Өңірдің жағдайын жақсы білетін журналистер осылай дейді. Алдағы уақытта облыс орталығы ретінде қаланы аяқтан тұрғызу кезінде, қалаға жанашыр азаматтардың пікірі ескерілсе игі.