АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ БІРАЗ ЖЫЛ ОБЛЫСТЫҚ СОТТЫҢ ТӨРАҒАСЫ БОЛҒАН АҚЖАН ЕШТАЙДЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН СПАРТАКИАДА ҰЙЫМДАСТЫРДЫ. СПОРТТЫҢ БІРНЕШЕ ТҮРІ БОЙЫНША ӨТЕТІН ЖАРЫСҚА ТЕК СУДЬЯЛАР ҚАТЫСЫП, ӨЗ ӨНЕРЛЕРІН КӨРСЕТПЕК. ЖҰРТ ЖАДЫНДА ЖАҢҒЫРАР ЖАҚСЫ ІСТЕРІМЕН ЕСТЕ ҚАЛҒАН АҚЖАН ЖАЙЛАУХАНҰЛЫ ЖҰМЫСТАН БОС УАҚЫТЫНДА ФУТБОЛ, ВОЛЕЙБОЛ ОЙНАҒАНДЫ ҰНАТАТЫН. АЛДАҒЫ УАҚЫТТА ДӘСТҮРЛІ ТҮРДЕ ӨТКІЗІЛЕДІ ДЕП ЖОСПАРЛАНҒАН БҰЛ СПОРТ ЖАРЫСЫ ӨМІРІНІҢ ОТЫЗ ЖЫЛДАН АСТАМ УАҚЫТЫН СОТ САЛАСЫНА АРНАҒАН БІРТУАР АЗАМАТТЫ ЕЛ ЕСІНДЕ ҚАЛДЫРУҒА ЖАСАЛҒАН ИГІ ҚАДАМ ЕКЕНДІГІ ДАУСЫЗ.

Егер көзі тірі болса Ақжан Жайлауханұлы ақпан айында 58-ге толар еді. Ол осы қысқа ғұмырында сот саласын дамытуға елеулі үлес қосып, қыруар шаруалар атқарып кетті, өкініштісі, әлі де атқарар
істері көп еді… 2009 жылдың сәуір айында Жоғарғы Соттың төрағасы Қайрат Мәми Көкшетауға келіп, облыстық сотта алқалы жиын өткізді. Он жылдай Ақмола облыстық сотын басқарған Өмірсерік Қожабаевқа
алғысын айтып, облыстық соттың жаңа төрағасы болып тағайындалған Ақжан Ештайды жұртқа таныстырды. Толықша келген аласа бойлы иманжүзді жан алғаш көрген кезде-ақ жылыұшыраған.
Қарапайым, кішіпейілдігіне қоса, ол қазақ тілінің нағыз жанашыры, ұлтжанды азамат болып шықты. Тоқсан сайын өткізілетін алқа мәжілістерінен кейін жергілікті журналистермен кездесіп, атқарылған жұмыстарды баяндап, содан кейін сұрақтарға жауап беретін. Қуантатыны сол, ол жиынды бастан-аяқ қазақ тілінде өткізетін. Ара-тұра орыс тілді журналистер үшін орысша айтып қояды. Ақпарат құралдары өкілдерімен келген күннен бастап өте жылы және тығыз қатынаста жұмыс жасады. Жыл соңында сот саласын насихаттап, белсенділік танытқан журналистер арасында конкурс өткізіп, ынталандырып тұруды әдетке айналдырды. Бұл да БАҚ пен сотты жақындатқан тетіктің бірі. Ештайдың өмірі де, жүріп өткен жолы
да көпшілікке үлгі. Үлкен отбасындағы он баланың бірі болған Ақжан Жайлауханұлы орта мектепті алтын медальмен бітіріп, сол жылы екінің бірінің қолы жете қоймайтын Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Университетті қызыл дипломмен бітірген жас оқу орнында қалып, ғылыммен айналыс деген басшылықтың ұсыны сына құлақ аспай, шалғайдағы Торғай облысына жолдамамен қызметке аттанады. 1986 жылы ол Торғай облыстық сотының судьясы болып сайланады. Міне, сол кезден бастап оның сот саласындағы ұзақ жылдық еңбек жолы басталады. Ақмола облыстық сотының судьясы, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы, кейінірек осы облыстық соттың алқа
төрағасы болған ол 2005 жылы Жоғарғы Соттың судьясы болып тағайындалады. 2009 жылдың сәуірінде Ақмола облыстық сотының төрағасы болып тағайындалған Ақжан Ештай осы қызметті атқарған төрт жылдай уақыттың ішінде ел есінде сақталар көп шаруалар атқарды. Әрине, ең алдымен сот қызметінің сапасын жақсарту бағытында біраз жетістіктерге қол жеткізді. Соның ішінде сот ғимаратының алдына орнатылған қазақтың белгілі үш биінің еңселі ескерткіші, сот тарихынан сыр шертетін мұражай, аудандық соттар ғирамаратында орнатылған майдангер судьялар есімі жазылған ескерткіш тақталар, облыстық соттың 90 жылдық тарихын түгел сараптайтын энциклопедиялық кітаптың шығуы көпшіліктің жадында тұрған жақсы істер. Ертеректе «Заң газетінде» жарияланған сұхбатымда Ақжан Жайлауханұлы үш биге ескерткіш орнату идеясының қалай шыққаны және орындалғаны туралы өз аузынан айтып берген еді. Иә, шынында да, қаланың орталық көшесінде орналасқан облыстық сот ғимаратының алдында тұрған үш бидің еңселі ескерткіші менмұндалап алыстан көрініп тұрады. Бұл – Ақжан Ештайдың соңында қалдырған бір ізі болатын. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз бар. Сотқа келген әр адамның ең алдымен
еңселі ескерткішке көзі түсері анық. Ал, сол ескерткішті орнатуға мұрындық болып, жақсы іске бастама көтерген, Астанадан арнайы шебер алдырып, ескерткішті тұғырына тұрғызған адам – Ақжан Ештайды сол кезде жұрт еске алар еді. Облыстық соттардың тарихынан сыр шертетін, бағалы мұрағаттарға бай мұражайды ашу да Ақжан Жайлауханұлының бастамасымен жүзеге асқан болатын. Бастамашы сот төрағасы болғанымен, істі жүргізіп, мұрағаттарды жинаған, басқа да ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген бүгінде облыстық сот ардагерлері кеңесінің төрағасы Мейрам Ғибадилов болғандығын атап өтпесек қиянат болар еді. Мейрам ағамыз әлі күнге дейін мұражайға бас-көз болып, басшылық жасап отыр. Мұражайдың қалай ашылғандығы туралы Ақжан Жайлауханұлы кезінде былай деген еді: «Соңғы кезде көп мекемелерде ведомстволық мұражай ашу салт болып кеткендей. Бірақ та, біздің мекемеде мұражай ашу осы салттан қалмай кездейсоқ, аяқ асты атқарыла салған шара емес. Мұражай ашу – біраз уақыт ойлану-толғану кезеңінен өтіп, ұйымдастырушылық іс-шаралар жүргізіліп, қаржы іздестіру және басқа да дайындық әрекеттер жасау арқылы жүзеге асты. Осындай ұзақ дайындықтың нәтижесінде, 2011 жылдың 27- желтоқсанында киелі Үш биіміздің мүсіндік композициясының ашылуымен бірге, облыстық соттың 3-қабатындағы кең бөлмені босатып, онда мұражай аштық.Мұражайға экспонаттар жинауға жарты
жылға жуық уақыт жұмсалды. Облыстық соттың, аудандық, қалалық сот ұжымдарының, құрметті демалыстағы ардагер-судьялардың және олардың ұрпақтарының көмегінің нәтижесінде, сот жүйесінің өткенін сипаттайтын құжаттар мен бұйымдар жинадық. Бұл жұмыс өз жалғасын әлі де табады. Мұражайда заман өзгерістеріне сай сот жүйесінің және жалпы еліміздің тарихи кезеңдерін бейнелейтін тақырыптама экспонаттар жинап, көрермендердің назарына ұсыну ойда бар. Аға буын өкілдерінің ел үшін атқарған істерін бүгінгі ұрпақ есінде сақтауы керек». Ақжан Жайлауханұлының жұрт есінде сақталған тағы бір игі ісі – Отан соғысына қатысқан майдангер судьялардың аты-жөні жазылған ескерткіш тақталардың сот ғимараттарының алдына орнатылуы еді. Бірқатар аудандық сот ғимараттарында осындай ескерткіш тақталар орнатылды. Тақтада сот саласында еңбек еткен майдангер-судьялар туралы ақпараттар жазылған. Отан үшін от кешкен майдангер ағаларымызды ел есінде сақтаудың бұл да бір тағылымды шарасы.
2013 жылы Ақмола облыстық сотының 90 жылдығына орай Ақжан Жайлауханұлы мені өзіне шақырып, энциклопедиялық кітап шығару туралы ұсынысын айтты. Бұл кітаптың жарық көруіне сол кездегі облыстық соттың қылмыстық істер алқасының төрағасы Сәбит Өскембеков пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Мейрам Ғибадилов көп көмек жасады. Облыстық соттың бұқаралық ақпарат  құралдарымен байланыс бөлімінің мамандары Күлаш Домалақова мен Айсұлу Рүстембекованың да көп қолғабыс жасағандығын айтқан артық болмас. Осылайша, облыстық сот тарихын түгел жинақтаған қомақты кітап жарық көрді. Ақжан Жайлауханұлы кітап шыққанға дейін мені қайта-қайта шақырып, істің барысы туралы үнемі сұрап отырды. Өкініштісі сол, ол кітап шықпай тұрып Алматы қалалық сотының төрағасы қызметіне ауысты. Десе де, кітап шыққан соң алғашқы даналарын Ақжан Жайлауханұлына жіберген едік. Тәуелсіз еліміздің сот саласын қалыптастырып, дамытуға елеулі үлесін қосқан Ақжан Ештайдың есімін ел есінде сақтау үшін Ақмола облыстық сотының ұжымы соттар арасында спартакиада ұйымдастыруды қолға алып отыр. Игілікті істің басы-қасында жүрген облыстық сот төрағасы Досжан Әміровтың өткенге, сот майталманына деген құрметі сүйсінтті. Жақсы іс жалғасын тапса құба-құп.

Қалкөз ЖҮСІП,
«Заң газеті»
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ