Аружан САИН, «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының директоры:

– Аружан, сіздің есіміңіз елімізде қайырымдылықтың баламасына айналғаны жасырын емес. Себебі сіз басқаратын қор арқылы жыл сайын қаншама ата-ана ауру балаларын шет­елде емдетіп жатады. Ең қы­зығы, осыдан 13 жыл бұрын әлі елі­мізде қа­йырымдылық қазіргідей та­нымал болмай тұрғанда кәдім­гі­дей үлкен қор құрып, оны дөңге­лен­тіп кету қалай қолыңыздан кел­ді? Жалпы осы салаға келуіңізге не түрткі?

– Мен негізі әу баста қайырымдылық қорын ашуды көздеген жоқпын. Мұқтаж жанға қол ұшын созу, демеп жіберу деген бізге қанмен берілген қасиет қой. Алайда, жылағанның көз жасын сүртіп, құлағанды демеп тұрғызу ісіне мені тағдырымның өзі итермелеген сияқты. Бәрі 17-18 жа­сымда пионер лагерінде тәлімгер болып жұмыс істеуімнен басталды. Бізбен бірге отрядта үнемі облыстық №1 балалар үйінің тұрғындары демалатын. Біз олармен дос болып, жазғы демалыс біткеннен кейін де арнайы іздеп барып, көмек көрсететін болдық: «Еркемай» бағдарламасына түсірдік, демеушілер тауып, түрлі сыйлықтар апаратынбыз. Оқырманның есінде болса, бізде кепкен нан шығаратын шағын зауыт болды, біз балаларға сол өзіміз шығаратын өнімдерді сыйлайтынбыз. Бірақ 2000 жылдардың басында біздің елімізде өндіріс ашу, оны жүргізу өте қиын болды да, көп ұзамай ол бизнесті жабуға мәжбүр болдық. Содан кейін біртіндеп интернет пайда болды және Қазақстанда қиналғандарға қол ұшын созғысы келетін қайырымды жандар да көбейді. Сөйтіп біз балалар үйлеріне демеуші ретінде көмектесе бастадық.

Әлі есімде, ең бірінші біз қайырым­дылықты Ғылыми зерттеу институтының онкология бөліміне түскен бір бүлдіршінге көмектесуден бастаған болатынбыз. Содан әрі қарай түрлі қан ауруларына шалдыққан балалармен ұшырастық. Олардың көмек сұрап жалынғандай шарасыз жанарларына бейжай қарау мүмкін емес еді. Бәріне қажеті қан бола­тын, ал донор жоқ, не істеу керек? Осы тұста біз жоқ деп қолды бір-ақ сілтей алмадық. Бар амалын қарастырып, шарқ ұрдық. Телеарналарда жұмыс істейтін достарымыз бар еді, солармен бірге ролик түсіріп, эфирден көрсеттік. Роликке басты кейіпкер болған Лена Четверикова деген қыз жай актриса емес, шын мәнінде аққан ауруымен ауыратын. Біз ол роликті 2015 жылдың қазанында түсірдік, көп ұзамай, 2016 жылдың қаңтар айында Лена қайтыс болды.

Сол Ленаны жерлеу рәсімінде маған тағы бір ата-ана келіп, баласының шұ­ғыл түрде жілік майын ауыстырмаса, тағдыры қыл үстінде тұрғанын айтып, көмек сұрады. Ол кезде Қазақстанда жілік майын ауыстыру операциясы жасалмайтын. Баланың өмірін құтқарып қалу үшін оны тез арада Беларусь еліне апару керек болды. Себебі, операцияны ең арзан баға — 85 000 доллармен жасауға тек сол елдің мамандары келісім берген. Ал ата-анасының ондай қаражаты жоқ еді. «Не істеу керек, қалай көмектессем болады?» деп қатты мазасыздандым. Сөйтіп, алғаш рет интернетте көпшілікке арнап хат жаздым, мазмұны мынадай болатын: «Сәлем баршаңызға. Менің атым – Аружан Саин, тележүргізушімін. Вова Иванов деген бала қазір өте ауыр халде жатыр, Оған көмектесу үшін 85 мың доллар қаражат жинау керек». Сөйтіп, хат соңына анасының жеке нөмірін және клиниканың телефондарын, сондай-ақ, адамдар сенуі үшін өзімнің де нөмірімді жаздым. Содан телефоныма қоңыраулар ағылғанда, бірнеше ай толастамады десем, өтірік емес. Мен аққан ауруынан қайтыс болған бүлдіршін қыз Ленаның анасы Галинаға хабарластым. Ол кісі Лена ауырып жатқан соң соған қарау үшін жұмысынан кетті ғой. Сондықтан әдейі оған демеу болып, қайғысын се­йілту үшін, жұмыс берейін дедім. Ол кісіге қоңырау шалып: «Галя, осындай жағдай болып тұр, тез телекомпанияға кел, мен саған орын, телефон берейін, көмектесші» дедім. Обалы не керек, қы­зының қайтыс болғанына қарамастан, ол сондай диагноздағы жүздеген бала­ларға көмектесу үшін 2006 жылдың қаң­тар айынан бастап 13 жыл бойы күн сайын Есік қаласынан жұмысқа келіп отырды. Жұмыс қызу болатын. Күн сайын мыңдаған адам Вованың анасының шотына ақша аударды. Тек қарапайым адамдар ғана емес, қайырымдылық шарасына біртіндеп компаниялар да қосылды. Атап айтқанда, KCell, АТФ банк және Инжениринг компаниялары. Олар әуелі «сіздер кімсіздер?» деп сұрады, яғни, заңды тіркелгендігіміз жайлы сұрады. Ал біз өзіміздің жай еріктілер екенімізді, сондықтан қорымыз жоқтығын айттым. Қысқасы олар маған өздерінің 75 мың доллар қаражат аудара алатынын, бірақ заңды тұлға керектігін айтты. Солайша біз қайырымдылық қорын құрдық. Интернет-форумның бірнеше мүшесі өзіміз құрылтайшы болып, қорымызды тіркеп, ресми түрде жұмыс бастадық. Көмек сұраушылар да көбейді. Қолымыздан келгенше ешкімнің меселін қайтармай, көмектесуге тырыстық. Бүгінге дейін «Балаларға өмір сыйла» атты жобамыз 1674 баланың өмірге қайта келуіне мүмкіндік сыйлаған. 2 461 операцияға қаражат бөліппіз. Жалпы есеп бойынша қорға 3 миллиард 107 миллион 988 164 теңге жиналыпты, соның барлығын тек балалардың еміне жұмсадық деп мен толық айта аламын.

Бұдан бөлек тағы да екі жобамыз бар, олар – «Жетім балаларсыз Қазақ­стан» және «Аутизмді жеңеміз» деп аталады. Ол жобаларда да жүздеген бала өз жанұясын тапты және аутизм диагнозымен ауратын балаларға, олардың ата-аналарына көмек берілді. Осы тұста мен барша халыққа, баласын емдету үшін шыбын жаны шырқырай жанұшырған ата-аналарға зор АЛҒЫС айтқым келеді.

– Қайырымдылыққа қаржы қайдан жиналады? Бай адамдардан ба әлде белгілі бір гранттарға ие боласыздар ма? Жалпы, жиналған қаржыны бақылау мүмкін бе? Ашық түрде жұмсала ма?

– Көмек көрсететіндердің арасында қарапайым адамдар, шағын және орта бизнес иелері де, үлкен компаниялар да бар. Адамдар смс хабарлама, онлайн төлемдері арқылы ақша аударса, компаниялар бухгалтерия арқылы қомақты қаражат бөліп отырады. Кімнің қалай көмектескенін, қорымызға қайдан қанша ақша аударылғанын және ол қаражаттың қандай баланың еміне жұмсалғанын түгел біздің www.detdom.kz сайтымыздан көруге болады. Сонымен қатар, «Самұрық Қазына» траст қоры да бізге 2013 жылдан бастап тұрақты түрде көмектесіп тұрады. Қайырымдылыққа қол ұшын созатын азаматтардың қатарындағы Вячеслав Ким және Михаил Ломтадзе, Еркін Татишев сынды азаматтардың есімін ерекше атар едім. Ал қорымыздың тарихындағы ең айтулы оқиға ол –– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көмегі. Ол кісі 2015 жылы Қытай халық республикасы тарапынан берілген 600  мың доллар сыйлықтың иегері болып, соның 300 мың доллар қаражатын түгелімен біздің қорымызға бөлген болатын! Ол ақшаны біз балаларды емдеуге, жұқпалы аурулар емханасына жабдықтар сатып алуға және аутист балаларға көмек көрсетуге жұмсадық.

Менің осы ретте ең негізгі айтпағым дәрігерлеріміз өз кәсібінің сақа маманы болуы керек және олар өз елінің нағыз патриоты болуы керек. Мәселен, Юрий Пя сияқты! Ол мәселені ҚАЛАЙ шешуге болатынын, не істеу керектігін біледі және сол жолда қандай да бір шенеунікке, қоғамға нақты міндет қойып, біріктіріп, жол көрсете алады. Міне біз үнемі сондай мамандарды, дәрігерлерді, шенеуніктерді іздейміз.

Ал, грант дегенге келсек, біз ешқашан грант алған емеспіз, оған құжат тапсырған жоқпыз. Неге? Себебі, гранттар әртүрлі болады. Ол мемлекеттік орындардан және шетелдік ұйымдардан бөлінеді. Біз, қайырымдылық қоры болғандықтан үкіметтік емес ұйым болып саналамыз. Сондықтан, мемлекеттен ақша алмаймыз. Мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін біз мемлекеттік органдармен жұмыс істеуіміз қажет, кейде, оларды сынауға да тура келеді. Егер мемлекет бізге ақша беретін болса, онда біз оларға тәуелді болып қаламыз, ол дұрыс емес. Сондай-ақ, шетелдік ұйымдарға да арқа сүйегеніміз дұрыс емес, өйткені, ол қайырымдылық емес, саясат боп кетеді. Және де, біздің мемлекетіміз кедей емес (мысалы кейбір Африка елдер сияқты), біз, өз мәселемізді өзіміз шеше аламыз. Сондықтан, біз тек халық көмегіне арқа сүйеп, мұқтаж жандарға қол ұшын соза аламыз.

Ең бастысы, бізді миллиондаған отан­дасымыз қолдайды. Мысалы бір ғана 2016 жылдың өзінде қорға халықтан жиналған қаражат сомасы 702 000 000 теңгені құрады. Яғни, айтпағым, біз қорымыздың есептерін ашық түрде сайтымызға орналастырамыз да, аудиторлық есептерді де ашық түрде жасаймыз. Бізді әлемдегі ең кәсіби төрт аудиторлық компаниялардың бірі PricewaterhouseCoopers тексереді. Оның есептері де ашық түрде сайтымызда бар.

Баса айтқым келеді, біздің қорымыз ақшаны тек банк арқылы жинайды, біз ешқашан қолма-қол ақша қабылдамай­мыз! Сондықтан, бізді тексеру өте оңай, банк шотынан үзінді көшірме алып, бәрін көруге болады. Кейде адамдар ақшаны өздері жинайды, ондайда олар банктің үзінді көшірмесін ашық түрде жарияласа, ол да көмек көрсететін адамдарға ақша жинау барысының тазалығын көрсете алады. Қысқасы, айтпағым, тек біз ғана емес, еліміздің барлық ұйымдары өз жұмыстарын осылай, ашық жүргізуге тиіс.

– Кейде біреулер сізді «елімізде емдеуге болатын балаларды шетелге сүйрейді» деп кінәлап жатады. Осы айып қаншалықты негізді? Шынында, біздің медицина қау­қар­сыз ба? Неліктен адамдар шетел­ге емделуге құмар?

– Бұл айып негізсіз, себебі, біз ба­лаларды бірден шетелге жібермейміз, алдымен елімізде мүмкіндік бар ма, барынша қарастырамыз. Мысалы, 2006 жылдан бастап қорымызға келетін ата-аналардың арасында ең жиі кездесетін балалардың диагнозы – туабітті жүрек ақауы. Біз осы мәселе туралы қанша рет Денсаулық сақтау министрімен, түрлі шенеуніктермен сөйлестік. Бірақ, одан мәселе шешілген жоқ. Ал 2010 жылы мені «Көктем шуағы» атты Елбасымен кездесуге шақырды. Осы кездесуде мен үш мәселені алға тарттым. Оның ішінде – туабітті жүрек ақауы операцияларын Қазақстанда жасау керектігі туралы және осы мәселені қалай шешу жолдарын бір білсе Юрий Владимирвич Пя білетінін айттым. Содан кейін Елбасы тапсырма берді де, мәселе ақырындап шешімін тапты. Ал 2012 жылдан бастап мұндай күрделі операциялар Қазақстанда жасала бастады. Бүгінде біздің қор қатерлі ісікке, онкология, онкогематология дертіне шалдыққан балаларға нейрохирургия­лық көмек береді, сондай-ақ, шала туған балалардың ретинопатиясы секілді түрлі генетикалық науқасы бар балалармен жұмыс істейміз.

Арманымыз – барлық ауруларды Қазақстанда емдеуге қол жеткізу. Екін­шіден, медицинаның жақсы дамыған бағыттары бойынша басқа елдерден келген науқастарға да көмек көрсете алатындай жағдай туғызу. Себебі меди­циналық туризмді дамыту еліміз үшін өте тиімді болар еді. Біз қазір осы мақ­сатқа жету үшін барымызды салып жатырмыз. Атап айтқанда, қазірдің өзінде біз дәрігерлерімізді шетелге жіберіп, шетелдің кәсіби мамандарын Қазақстанға әкеліп, өзара тәжірибе алмасып, жаңа әдіс меңгерулері үшін тығыз қарым-қатынас орнатуларына жағдай туғызып жатырмыз. Емханаларымызға қажетті жабдықтар мен дәрі-дәрмектер сатып алуға көмектесіп отырамыз.

– Сіз құрған «Дом» қайырым­дылық қоры жабылады деген сыбыс шығып жатыр, осы рас па? Өтірік болса, мұндай желсөздің шығуына не себеп?

– Соңғы жылдары бізге қарсы бір­неше рет ақпараттық шабуыл ұйым­дастырылды. Оның себебі – қорымыз балалар құқықтарын қорғау барысында кейбір жемқорлық іс-әрекетке қатысы бар шенеуніктерге жақпай қалды. Мысалға айтсақ, Алматы қаласының №1 балалар үйіндегі бала зорлау оқиғасында тек зорлаушының кінәсі ғана емес, осы қыл­мысты бүркеу фактілері, сыбайлас­тық, балалар үйінің басшысы мен Ал­маты қалалық Білім басқармасының қорғаншылық бөлімімен бірігіп ақша жымқырғаны секілді қылмыстардың орын алғаны да дәлелденді. Ол адамдар, яғни, кінәлілер жазасын алып, сотталды, сондай-ақ, қалалық Білім басқармасының басшысы қызметінен кетті.

Сол сияқты, еліміздің Оңтүстігіндегі Абай ауылында үлкен дау тудырған бала зорлау оқиғасы бойынша сот үкімі шықты, қылмыс дәлелденді де, зорлаушы 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Қазығұрт ауылындағы тағы бір сондай атышулы іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Егер барлығы заң бойынша әділ шешілсе, онда осындай қылмыстарды жасырып, жабулы қазан – жабулы күйінде қалдырып келген шенеуніктер мен құқық қорғау орындарының қызметкерлері де жазасыз қалмайды. Ал, негізінен әрбір осындай оқиғаның артында сыбайласқан қылмыс жатыр. Қазақстанның қауіпсіздік кеңесінде Елбасымыз Абай ауылында зорлық көрген баланың жағдайын тектен тек қозғаған жоқ. Біз сол үшін Президентке зор алғыс айтамыз. Себебі, жергілікті жерлердегі қылмысты бүркемелеу жағдайларымен күресу өте қиын. Ол аз десеңіздер, бізге ақпараттық шабуыл жасап, балалар мен оларға көмектескен адамдар жайлы және біздің қор туралы да өтірік өсектер таратып жатыр. Сондықтан, қоғамда орын алған жайттарға билік дер кезінде араласып, мыңдаған баланың мүддесін қорғау жолында жұмыс істеп жатқан үкіметтік емес ұйымдарды қылмысқа қатысы барлардың шабуылынан қорғауы керек.

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Мәриям Әбсаттар,
«Заң газеті»