Сәрсенбі күнгі тартысты өткен соңғы сот отырысынан кейін Денис Теннің өліміне қатысты шу ұзаққа созылатындай көрінген-ді. Онда прокурор Қуандық Досаев Қиясов пен Құдайбергеновті жиырма жылға, айы-күні жетіп отырған Толыбаеваны төрт жылға бостандығынан айыруды сұраған. Ал, жәбірленуші тарап бұл қылмыс кездейсоқ емес, тапсырыспен жасалған деген мазмұнда мәлімдеме жасап, істі қайта тергеуге жіберуді сұраған болатын. Осы жағдайдан кейін «бұл істің ақыры немен бітер екен?» деген сауал тіптен ойландырып тастады. Алайда, кешегі сот отырысының соңына дейін қалып, әліптің артын баққан тілшілер қауымы түннен бері Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық істің үкімі бүгін шығатынын жарыса жазып жатты. Ал біз өз кезегінде, аталған сот отырысының мән-жайын тарқатып, сот залында сөйлеген тараптардың айтқандарын қаз-қалпында қағазға түсіріп жариялауды жөн көрдік. 

  Сот жарыссөзінде алғашқы болып сөз алған жәбірленуші Оксана Алексеевнаның қорғаушысы Нұрлан Өстеміров сотталушылар бұл әрекетке арнайы дайындықпен барғандығын дәлелдеуге тырысып бақты. Денистің анасы да баласының қарапайым қарақшылар қолынан өлгеніне күмән келтірді. Әуелі, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторларының сол күнгі әрекеттерін сынға алған ол, күмәнді ойларын бүкпесіз баяндап берді.

Полицейлер қылмыскерлерге болысқан ба?

«…Азамат Нұрпейісов көліктен түсе салып, күдіктілердің соңынан қудым дейді. Өзі бойшаң, физикалық дайындығы да жақсы полицейдің 15 метр қашықтықта жүгіріп бара жатқан бойы да, денесі де кіп-кішкентай балаларды қуып жете алмағаны қалай? Нұрпейісовтің айтуынша, ол Шевченко көшесіне жеткенде, өтіп бара жатқан адам күдіктілердің Назарбаев даңғылына қарай кеткенін айтқан. Алайда, Құрманғазы-Байсейтова көшесіне 1,5 минутта жеткен патруль кө- лігіндегі взвод командирінің айтуынша, Нұрпейісов парктен жүгіріп шыққан. Ол патрульді қылмыс орнына бастап әкелген. Яғни, Нұрпейісов қылмыскерлерді ұстауға тырыспаған, еш күш салмаған, неліктен? Егер ол Назарбаев даңғылына дейін барған болса, онда ол жанындағы Мусаевты Панфиловта кездестіруі тиіс еді. Әріптесінің сөзінше, ол да дәл сол секундтарда көлікпен Құрманғазымен жүріп, Панфиловпен төмендеген. Сонда көліктегісі де, жаяу жүгіргені бір уақытта қалай бірдей жылдамдықпен жүрген? Мусаев Панфилов көшесімен қашып, аулаларға тығылып, аула арқылы Құрманғазыға көтерілген күдіктілерді қалай көрмей қалған?

Меніңше, бұл полицейлер оқиға орнына кездейсоқ келмеген. Бейнематериалдарға сай, олар бір орында, еш әрекетсіз тұрған. Әріптестерін басқа бағытқа жіберген және олардың күдіктілердің бой тасалауына көмектесуі де мүмкін. Сондай-ақ, олардың жауаптары да бір-біріне сай келмейді» – деп уәждерін жіпке тізген Оксана Тен сот залында тағы бір мәлімдеме жасады. «Нұрпейісовтің үстінен қылмыстық іс қозғатып едім, неге екені белгісіз ол іс «Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне» жіберіліпті. Және мен онда жәбірленуші емес, куәгер болып кетіппін. Осы себепті мен өз талабымды орындата алмай жүрмін. Қазіргі уақытта іс тоқтатылған. Мен айтқан полицейлер жұмыстарын істеп жүр. Себебін білмеймін. Мен осы істі сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінен алып, тиісті органдарға жіберуді және онда менің жәбірленуші ретінде танылуымды сұраймын» – деп сотқа төрелік етіп отырған судья Кеңшілік Әбдилдиновке өтіншін айтты.

Қиясовтың ағасы «қылмыстық топты» сыпыртқы сатып асыраған ба?

Бұдан әрі аталған қылмыстық істің бас кейіпкері Қиясовқа қаратып,  «Инстаграмда қолына пышақ ұстап, денесінің бұлшық еттерін көрсеткен Қиясов неге сот залында сөйлеуге қорықты? Неге белгілі бір дайындықтан кейін ол тергеуде берген жауаптарын мойындамай, жаттанды жаңа сөздерін айта бастады? Оның берген жауаптары бейнетаспада бар. Ешкім мәжбүрлеп жатқан жоқ. Бірақ, айтқанынан жалтарды. Қиясов бұрын төбелеспен айналысқан. Ол өзінің досын төбелес тәсілдерін қолданып-ақ алып шығуға шамасы жетеді. Ал, өз отбасының материалдық жағдайының кенеттен жақсаруын Қиясов «ата-анам қосылғандықтан» деп түсіндірді. Оның сыпыртқы сататын ағасы Сұлтанның осынша «банда тобырын» асырағаны, осы қылмыстық оқиғада оның көлігінің пайдаланылғаны неге ескерілмеген? Неге ол заң алдында жауапкершілікке тартылмады? Осы уақытқа дейін Қиясов та, оның ағасы да бірнеше рет қылмыс жасағанына қарамастан, сот залынан босатылып отырған. Топ болып адам зорлау қылмысы бойынша айыпталған ағасына да сот екі жыл шартты жаза кесіпті. Осы отбасына берілген бұл не қылған жеңілдік?» – деп ортаға ой тастаған Оксана Алексеевна Құдайбергеновтің де бұған дейін үш рет істі болып, тиісті жазасын алмағанын және оның сот залында өзін тым еркін сезінетін де айтты.

Үштіктің «серкесі» кім?

«Мүмкін ол өзіне біреудің қолдау көрсетіп, шығарып алатынына сенетін болар. Бұл жерде бұлардың әрқайсысының өз рөлі бар. Толыбаева Денис туралы хабарлап, Құдайбергенов Денисті айналдырған болып спорт алаңына қарай әкеліп, Қиясов сәтін пайдаланып пышақ ұруы керек болды. Олар Денистің қитығына тиетін сөз айтып, арты тө белеске ұласқан болуы керек. Бұлардың әрекеті ұрыларға мүлде ұқсамайды. Ұрлауға барып, уақытты созып жүрген. Ал, Толыбаева мен Құдайбергеновтің арасындағы ойлап табылған «әдемі махаббат хикаясына» сену тіптен қиын. Олар сәуір айынан таныспыз дейді, бірақ қоңыраулар детализациясын тексеру нәтижесінде олардың байланысы тек 18-інен басталғаны анықталды. Сондай-ақ, қылмыс болғаннан кейін Толыбаева түк болмағандай Қапшағайға барып, достарымен көңіл көтереді деп сөзін жалғастырған жәбірленуші Толыбаеваны осы үштік ішіндегі ең маңыздысы екенін бірден астын сызып айтты.

Өзіне дейін сөз алған қорғаушысының сөзін қайталаған Оксана Тен «Толыбаева бұл қылмыстық істе шешуші рөл атқарады. Барлығы осы Толыбаева арқылы өтуі мүмкін. Мұнда шетелдік қоңыраулардың да қатысы бар. Онда Денистің ортасындағы адамдар да кездеседі. Байланыс схемасы да біртүрлі. Оған қоңырау түседі, ол хабарласады немесе керісінше… Толыбаеваға қатысты жауап бергендердің көбі оның «жеңілтек» екенін айтқан. Қылмыс жасалып, адам өлгенін біле тұра, ешкімге сыр бермей, сонда қонып, бірінші рет танысқан адамдармен «төсектес» болған. Сондықтан, ол құрсағындағы баланың кімнен екенін білмеуі де мүмкін», – деген жәбірленуші Оксана Тен қарапайым мектеп мұғалімінің жеке көлігі мен бірнеше қымбат телефонының болғанына таңданысын білдіріп, мұны да күмәнді мән-жайдың тізіміне қосып қойды.

Осылайша, Денистің анасы «Толыбаева Қылмыстық кодекстің 188 -бабының 2-бөлігі, 1-тармағына сай және оның шетелмен байланысып, соның ішінде, Денистің айналасындағы адамдармен де байланысы болғанын ескеріп, ҚК 99-бабы 2-бөлігі 8 (тапсырыспен адам өлтіру) тармағы бойынша жаза тағайындауы ңызды сұраймын» деп шырылдағанымен, Толыбаеваның Денистің айналасындағы кімдермен және қандай байланыста болғанын  дөп басып айта алмады. Жәбірленуші тарап сөйлеп болып, кезек сотталушыларға да келді. Алды мен адвокаттар өз уәжін келтіріп, қорғауындағы айыпталушылардың қылмыстық әркеттеріне баға берді. Ал, сот залында соңғы сөзін айтуға шақырылған сотталушылар әңгімені қысқа қайырды. Үшеуі де кешірім сұрап, болған жайға өкінетіндерін айтты.

Толыбаева неден қорқады?

Алайда, басқаларға қарағанда білімді, көзі ашық, тіл білетін, осы істің «басты кейіпкері» деп танылған Жанар Толыбаева Құдайбергенов пен Қиясовқа қарағанда ұзақ сөйлеп, ағынан жарылды. «Жағдайды бұлай қиындатудың қажеті жоқ. Маған тағылған айып «ұрлық, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласып, бөтеннің мүлкін жымқыру 188-баптың 2-бөлігі 1-тармағында көрсетілген құқықбұзушылық. Бұл жерде менің келіспейтінім, қылмыстық іс материалдары бойынша 8-томның 21-бетіндегі баянхатта «қылмысы аяғына дейін жеткізілмеген» деп тұр. Ал, бізге тағылған айыптау актісінде бұл аяқталған қылмыс болып тұр. Мен 188-бапқа сай топтың құрамында болдым деп айта алмаймын. Ұрлықты көргенім рас, тек қана ұрлықты хабарлаған жоқпын. 434- бап туралы 7-томның 40-42-беттеріндегі баянхатта Оксана Алексеевнаның жауабы берілген. Онда мені көлікке дейін барып, қылмыс болған орынға қайтып келіп, жағдайдың қалай болғанын көріп, қайтадан артқа қайтқан делінген. Мен ондай жауап берген жоқпын. Оқиға орнынан кетіп, көлік тұрған жерге келген соң, көліктің жоқтығын көрдім… Қылмыс болған жерге кері қайтқан жоқпын. Оксана Алексеевнаны ана ретінде түсінем және ол қанша ауыр сөз айтса да көтерем. Бірақ мен соншалықты ауыр қылмысқа бардым деп айта алмаймын. Әділ шешім шығаруды өзіңізге қалдырамын» деп сөзін аяқтаған Толыбаева көз жасына ерік берді.

Амангелді САРИЕВ, Толыбаеваның қорғаушысы:

– Менің қорғауымдағы Толыбаева Құдайбергенов, Қиясовпен алдын ала сөз байласпаған. Айыпталушылар дың алдын ала тергеп, тексеру барысында берген жауаптарында олар үш ақ машинаның жанына тоқтап, Құдайбергеновтің «осы жерден бастайық» деп айтқанын растайды. Бірақ, жәбірленуші тарап олардың осы түсініктемесін теріске шығарып, «мына көліктен бастайық» деп Денистің көлігін көрсеткен деді. Тергеуде Құдайбергенов те, Қиясов та көлік 7 метр жерде тұрды деген сөзді айтпаған. Бұл мәліметті мен тергеушілердің ойдан тапқаны деп есептеймін. Сонымен қатар, жәбірленушілер тергеуде «Толыбаева Теннің ақ машинаға қарай өтіп кеткенін көріп тұрып, белгісіз себептермен Құдайбергенов пен Қиясовқа хабарламады» дейді. Бірақ Толыбаева өз жауабында олар ақ қолғапты шығарып, машинаға қарай бара жатқанда бірдеңе бастайын деп тұрғандарын сезіп, кетіп қалдым деген болатын. Осы сөздерінен оның ұрлықпен келіспегенін, алдын ала сөз байланыспағанын байқауға болады. Егер ол екеуімен бірге болса, өздерінің алдын ала келіскен міндеттемелерін орындап, сол жерде қалар еді. Сондай-­ақ, айыптау актісімен сараланған құжатта Құдайбергенов пен Қиясов жәбірленушінің өміріне қауіп төндіретін әркеттер жасап, соққы бергені жайлы айтылады. Алайда, сараптама қорытындысына қарасақ, Құдайбергеновтің белдікпен жәбірленушіге салған дене жарақаты жеңіл екендігі айтылған. Демек, ол жәбірленушінің өміріне қауіп төндірмеген. …Олардың алдын ала сөз байласып, ұрлық жасады деген тергеу органдарының таққан айыбы. Толыбаева, Қиясов, Құдайбергеновтің алдын ала тергеу барысында берген жауаптары мен айыптау актісінде айтылған жауаптары бір­біріне сәйкес келмейді. Мұнда ешқандай да ҚК 188 ­бабының 2­ бөлімінің 1­ тармағының белгілері жоқ. Ал, Толыбаеваға тағылған ҚК 434 ­бабына (қылмысты хабарламау) келетін болсақ… Айыптау актісінің тек бір жерінде ғана сол күні Толыбаеваның жәбірленушінің қайтыс болғаны туралы ғаламтор арқылы естігені айтылған. Демек, Толыбаева оқиға орнында болған кезде Теннің өлгенін өз көзімен көрген жоқ. Ал, оның көлігіне қатысты айтар болсақ, біріншіден Толыбаева жұмысынан шығып кетпеген. Ол жазғы демалысты пайдаланып уақытша жұмыс істеуге келген және көлікті 1200 долларға ғана сатып алған. Оның өзі кредитке алынған. Әлі күнге дейін несие Толыбаеваның мойнында тұр. Оның шетелмен байланысқа шыққаны туралы ақпарат та қате. Сондықтан да, оның жазасы 74­ баппен саралануы тиіс. 188­ баптың 2­ тармағы дәлелденген. Ал, 434­ бапты алып тастау керек.

Айдан ИСКЕРОВ, Қиясовтың қорғаушысы:

– «Жәбірленуші тарап қылмысты тапсырыспен жасалған деп айтуда. Егер ол тапсырыс алған болса, жанына сүйген жарын, құрсақтағы баласымен қатерге тігіп қылмысқа бара ма? Неше жыл тергеуші болып қызмет етсем де, жамбастан (8­10 диаметрдегі) тамырды іздеп тауып өлтіріпті дегенді естімеппін. Өлтірем десе, тамағынан осып жіберсе де болар еді. Екеуі жауаптарында оны танымағанын айтқан. Тапсырыс алып өлтіру үшін алдымен сол адамды тануың керек қой. Сосын, 5 мың доллар туралы әңгіме көтерілді. Бірақ, нақты ешқандай дәйек жоқ, анықталмаған ақпарат. Полицейлерге қатысты айтылғандар бойынша, олар өз міндеттерін атқарды. Оқиға орнындағы екі адамға жедел жәрдем шақырыңдар деп ескертеді. Полицияның міндеті алғашқы медициналық көмек көрсету емес, күдіктінің ізіне түсу. Жедел жәрдем айналдырған 6 минутта келді. Мұнда тапсырыс дейтін алынған ақша жоқ. Тапсырыс болса, ұрлық жасап қажеті не? Қашып­пұшып, жүгіріп қажеті не? Толыбаеваның 4­ тен басталатын шетелмен хабарласқаны туралы да іс құжаттарында бірде­бір дерек жоқ. Тек Қырғызстан мен Өзбекстанмен байланысқаны ғана расталды. Ал, айыптау қорытындысына келсек, ұрлықтың болғаны рас. Бірде­бір куәгер адам өлтіргенді көрдім деп айтқан жоқ. Алынған айна да сол жерде қалып кеткен. Демек, Қиясов дұрыс айтады. Олардың көздеген мақсаты оқиға орнынан қашып кету. Сонда, қарақшылық деп неге дәрежеленіп отыр? Ал мен Қиясовтың әрекетінде алдын ала сөз байласудың аяқталмаған ұрлық әркеті бар деп есептеймін (24 ­ баптың 3 ­ тармағы), жәбір­ ленушінің қазасына әкеп соқтырған, денсаулыққа ауыр жарақат салу (106 баптың 3 бөлігі) қылмыстық әрекеті бар деп санаймын. Қиясовтың жазасын жеңілдететін жағдайлар жоқ. Дегенмен, бұрын ұрлықпен ғана сотталған.

Баймұхан АЛТАЕВ, Құдайбергеновтің қорғаушысы:

– Қорғауымдағы Құдайбергенов Алматы және Астана қаласында орын алған қылмысты іс бойынша, онда көрсетілген материалдық шығын көлемімен келіспейді. Ал, ҚР ҚК­нің 192 ­бабы 2 бөлігі, 1, 4 тармақтары, 99­ баптың 2­ бөлігі 7,8 ­ тармақтары бойынша тағылған айыптар тергеп, тексеруде ешқандай дәлелін тапқан жоқ. Құдайбергенов Денистің денесіне жеңіл жарақат салған. Оның әркетінде қарақшылық әрекет жоқ. Яғни, жасырын ұрлық кезінде иесінің үстінен түсіп қалғандығы, одан қашып құтылу мақсатында жасалған әркеттер деп білем. Оның іс әрекеті 191­ баптың 1­ тармағы, тонауға жатады.

    Сонымен, ҮКІМ бүгін сағат кешкі бесте шықты. Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қазақстан республикасы атынан Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов чемпион өліміне кінәлі деп танып, 18 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Жазаны қатаң режимдегі колонияда өтейді. Ал, Жанар Толыбаеваға 4 жыл берілді. Оған қылмыс туралы хабарламады, ұрлыққа қатысты деген айып тағылып отыр.

 Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ, «Заң газеті»