Айыппұл көлемінің өсіп кеткенін, төленбеген берешегінің бар екенін азаматтар білмейді емес. Тек соны қадағалап, құнттап отырмайды. Сол білместіктің салдары оңай емес.

Әсіресе, отбасын алып шетелге жолға шыққандардың өзіне салынған шектеуді тек әуежайда білетіні өкінішті. Мұндай жандардың кінәні өзінен алыстату үшін «Айыппұлым жоқ, маған қарызым барын ескерткенде дер кезінде төлеп тастар едім» деп бар жауаптылықты құзырлы орындардың мойнына ілгісі келетінін көзіміз көріп жүр. Шын мәнінде шетелге шығармау туралы жаза сот орындаушыларының пәрменімен жасалады. Берешек сомасы белгіленген шектен асқан кезде азаматтарды шекарадан шығармау шешімі қабылданады. Бірақ, оған дейін қарыздың бар екені азаматқа ескертіліп, тіркеуде тұрған мекен-жайына хабарлама жіберіледі. Алайда, тіркелген жерде тұрмайтын, мекен-жайын өзгерткен азаматтарға бұл хабарлама жетпеуі мүмкін. Сондықтан, демалыс алдындағы көңіл-күйіңізді түсірмес үшін берешегіңізді қайтарып, міндетті түрде өз аты-жөніңіздің борышкерлер тізімінде жоқ екеніне көз жеткізген артықтық етпейді.
Мусалим Муталипов,
Алматы қаласы Әділет департаменті «Мүлікті мемлекет кірісіне айналдыру бойынша аумақтық бөлімінің» сот орындаушысы