Денис Теннің өліміне қатысты сот отырысы бүгін тағы жалғасын тапты. Өткен жұмадағы сот отырысында айыпталушы А.Құдайбергенов пен Ж.Толыбаевадан ғана жауап алынып, екеуі де адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екендіктерін айтқан болатын.

Айыпталушы Ж.Толыбаева сол күні қылмыстық оқиға болған жерде болғандығын мойындағанмен, Денис Тенге кімнің пышақ салғанын көрмегенін айтып, ақталды. Сондай-ақ, құрсағындағы сәбидің әкесі А.Құдайбергенов екенін жария еткен ол «…Маған А.Құдайбергенов хабарласып, Төле би көшесінен алып кететіндіктерін айтты. Көлікке отырғанымда екеуінің өңі бұзылып кетіпті. Сайран көліне дейін екеуі үнсіз отырды. Сосын, Сайран көліне көлікті тоқтатып, сол жерде қолдарын жуып жатқанда екеуінің «өлмейтін шығар, иә. Екі рет санынан пышақ сұғылды» дегенін естідім. Бірақ, нақты сол сөздерді кімнің айтқанын білмеймін»- деді. Ал, А.Құдайбергенов төбелес кезінде Денис Теннің басым түсіп, өзінің бірер секундқа есінің ауып қалғанын, ұрлығының үстінен түскен жәбірленушінің қалайда қолынан сытылып кету мақсатында жанталасқанын және Денистің көзіне тіке қарап, оның әркеттерін бақылаймын деп оған кімнің пышақ ұрғанын аңдамағанын баяндап берді. Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеу барысында Денис Тенге пышақ ұрғанын мойындаған Құдайбергенов алдыңғы жауаптарынан бас тартты. «…Мен мұндай күнәмен о дүниеге қалай барамын? …Мен оның қайтыс болғанын естігенде, бар шындықты айтуға бел будым. Оған пышақ салған мен емеспін»- деген мазмұнда жауап беріп, осынша ауыр айыпты өз мойнына алуға тергеу кезіндегі қысымның себеп болғанын айтты.

Өз кезегінде, Ж.Толыбаева да тергеу барысында қысымға ұшырағанын және сол кездегі денесіне соққы түскенін растайтын анықтамаларды іс-құжаттарынан көре алмағандығын айтып, судьяның осы фактіге назар аударуын сұраған-ды. Алайда, мемлекеттік айыптаушы 38 томдық істе ондай анықтаманың жоқтығын, бар болса ұсынуға болатынын айтып түсіндірді.

Бір күнге созылған сот отырысында Н.Қиясов жауап беруден бас тартты. Асқазанының ауырып отырғанын айтқан одан сот қайта-қайта «жауап бересін бе?» деп сұраған. Осылайша, 14-қаңтарға тағы бір сот отырысы жоспарланып, сәйкесінше Қиясовтың жауабын да кешірек естуімізге тура келді. Сонымен қатар, күтілген сот отырысының жарыссөзі де кейінге шегірілді. Сонымен, тараптар тағатсыздана күтіп, сотқа қатысушылардың «Денис Теннің ажалына кім себеп болды?» сұрағының жауабы белгілі болды.

«…Арман қашып кетеді деп ойладым. Қарап бақылап отырдым. Арман белдігін шығарып ұра бастады. Оның сеткаға қарай құлағанын көріп, Денистің арт жағынан келдім де тартып қалдым. Ол маған қарады. Сол сәтте қолымдағы пышақты көрсеттім. Ол қорқатын шығар деп ойладым. Ол қорықпады. Мен Дениске қалай пышақ сұққанымды білмей қалдым. Санына салып, қашып кетем деп ойлағам. Пышақты төбелес болған жерден 15-20 метр қашықтықта лақтырып кеттім. Осы қылмысым үшін мен барлық қазақстандықтардан, әсіресе Денис Теннің анасы Оксана Алексеевнадан кешірім сұраймын…» — деп ауыр күрсінген Н.Қиясов бұл қылмысқа алдын-ала сөз байласып, жоспарлы түрде бармағандықтарын айтып, өзіне тағылған айыпты барынша жеңілдетуге тырысып бағуда.

 Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ,

«Заң газеті»