Украина президенті Петр Порошенко мемлекеттік қызметкерлер мен БАҚ өкілдеріне қызмет бабында тек украин тілінде сөйлеуді тапсырды. Тек қызмет бабында! Ал, былайғы өмірде қай тілде сөйлеймін десең де өзің біл.

10 желтоқсан күні президент Порошенко украиналықтар кез келген тілде сөйлеуге құқылы екенін, бірақ, ақпарат кеңістігінің украин тілінде қалыптасу керек екенін айтты. Бұл туралы «Гордон» басылымы хабарлады.

“Неге? Өйткені, бұл лицензияда қарастырылған. Қаламайсыздар ма? Ресейге барыңыздар, орысша сөйлесіңіздер. Ешкім тыйым салмайды. Және тұрмыстық өмірде маған десе румынша, орысша, тіпті қырымтатарлары тілінде сөйлеңіздер. Керек болса, ағылшынша сөйлесіңіздер, бұл жақсы нәрсе, мен бұны қуана қабылдаймын. Бірақ, егер сіз мемлекеттік қызметте болсаңыз, БАҚ-та сөйлесеңіз украинша үйреніңіз! – дейді ел президенті.

Президент келтірген мәлімет бойынша соңғы жүргізілген мониторинг нәтижесінде эфирдің 55%-ы украин тілінде ән салып тұр. Бұл республикалық масштабтағы эфирлер. Ал, аймақтық радиостанцияларда әзірге 48%. Бірақ, президент бұл цифрды да өзгертеміз деп отыр.

«Біз енді ешқашан 2013 жылғы цифрға оралмаймыз. Енді ешқашан украин тілінде – 5%, орысша – 51% деген болмайды. Достар, бар болғаны төрт жыл бұрын осылай болған. …Жалпыұлттық эфирдің таралуына жасалған мониторинг нәтижесі бойынша украин тіліндегі шығарылым 79%-ды құрады. Бізге бұны жасай алмайсыңдар дегендер де болды. Жергілікті арналарда жаңалықтар тарату 99% украин тілінде жүріп жатыр. Міне, осы ғой менің көргім келгені. Браво!» — деді ол.

99% жаппай мемлекеттік тілде жаңалық тарату посткеңестік елдер үшін үлкен жетістік. Одан бөлек бірнеше облыстарда бұл көрсеткіш 100%-ға жеткенін айта кету керек.

Украина қысқа мерзім ішінде бұл жетістікке қалай жетті? 2016 жылдың 8-қарашасында Украинада радиостанцияларды украин тіліндегі әндерге эфирден арнайы уақыт бөлу туралы міндеттеу туралы заң күшіне енген. Содан бастап алғышқы жылы – 25%, екінші жылы – 30%, үшінші жылы – 35% эфир украин әндеріне бөлінген.

Украина радиолары бұл заңды бұзған жағдайда лицензиялық табыстың 5%-ы көлемінде айыппұл төлейді. Осыған дейін 3 радиостанцияға 371,5 мың грн. айыппұл салынған.

Ал, телеарналардағы тілдік квота туралы заң 2017 жылы 13 қазанда күшіне енді. Құжат бойынша, республикалық арналарда жаңалықтар мен фильмдердің 75%-ы мемлекеттік тілде болуға тиіс. Және, бұл тарапта адамдардың телеарнаға көп үңілетін уақыт аралықтары да есептелген. Мәселен, 7:00-ден 18:00-ге дейін бір; 18:00-ден 22:00-ге дейін тағы бір есептеледі. Әр уақыт аралығындағы көрсеткіш 75%-ға жетпесе заң бұзылған болып есептеледі. Ал, жергілікті және аймақтық арналарға аздаған жеңілдік – 50%. Бұл жерде де айыппұл көлемі радиостанциялар туралы заңға сәйкес келеді.

2018 жылдың 4-қазанында шыққан украин тілін мемлекеттік қолданысқа енгізу туралы заңға сәйкес, бұдан былай кім-кім де Украин елінің азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілде емтихан тапсыруға міндетті. Сонымен қатар, баспасөз арқылы таралатын өзге тілдегі БАҚ украин тіліндегі нұсқасын да шығаруға тиіс. Және мемлекеттік тілді қорлаған адамның үстінен қылмыстық іс қозғалады.