Алматы облысында автосалонда өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ ТЖК-ға сілтеме жасап.

«12 қаңтарда сағат 00:44-те өрт сөндіру қызметіне Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында «Nissan Финанс» автосалонында өрт шыққаны туралы хабар түсті. Өрт 500 шаршы метр аумақты қамтитын автосалонға іргелес автошина сақтайтын қоймадан шыққан. Өрт сөндірушілердің арқасында кепілдемелік қызмет көрсетуден өтіп жатқан 15 жеңіл көлік эвакуацияланды. Өрт 04:30-да ауыздықталып, 05:03-те сөндірілді. Ешкім зардап шекпеді», — деп хабарлады ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі.

Ведомствода аталып өтілгендей, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Өрт шыққан жерге Алматы облыстық ТЖД жеке құрамының 22 адамы және 6 техникасы, Алматы қалалық ТЖД жеке құрамының 16 адамы мен 5 техникасы тартылды.