Қытайда хирург ота жасап жатып ұйықтап кетті. Бірақ ұйқыдағы дәрігердің фотосы әлеуметтік желі қолданушыларының ризашылығын ғана тудырған, деп жазады Daily Mail.

Гуйян қаласының ауруханасында хирург Луо Шанпенг 20 сағат бойы үздіксіз жұмыс істеп, бес ота жасаған екен. Қолын абайсызда еттартқышқа тығып алып, ауыр жарақат алған ер адам ауруханаға түскен кезде алтыншы рет ота жасауға бел буады.

Алайда қатты шаршап, ұйқы қыса бастапты. Сәл тынығу үшін көзін жұмған хирург ота үстінде ұйықтап кеткен. Медбике әріптесінің осы қалпын суретке түсіріп, Қытайда танымал әлеуметтік желілердің бірі WeChat-та жариялайды. Бірақ желі қолданушылары дәрігерді сынға алған жоқ. Пікір жазған адамдар, керісінше, қатты разы болып, хирургтің ауыр жұмысына түсіністік танытып, тынбай еңбек еткеніне ерекше құрметін білдірді.

Кейінірек Луоның өзі түсіндіргендей, науқас қолынан айырылуы мүмкін болғандықтан ота жасауға кірісіпті. Көзі ілініп кеткенге дейін науқастың қолын тігіп қойған екен. Қан айналымын қалпына келтіру үшін науқастың қолын белгілі бір қалыпта ұстап отырып, қалғып кеткен кезде медбике суретке түсірген.

Қазір науқастың жағдайы жақсы, беті бері қарап келеді. Ал Луоның өзі адамдарға көмектескеннен шексіз бақытқа кенелетінін жасырмайды.

Sputnik