Жалғыздықтан жапа шеккен Гүлбанудың бойы тоңази бастады. Темір тордан ұрлана кірген күннің сәулесіне қолын созған. Алайда, Алланың адамзат баласына сыйлаған нұр құдіреті оның ырқына көне қоймады. Кім білсін, жылулық патшасы тығылмақ ойнағысы келді ме, әлде Гүлбанудың мұң басқан жүзінен тайқыды ма, беймәлім. Ақыры, жарық іле-шала темір керуеттің үстінде жатқан сәби шұлығына түсіп, тұрақтады.

Жүректегі жара

Көңілін күс басқан ана жүрегінің жарасы қайта тырмалып, қара мысық ойлар тұңғиыққа жетелеген. Тағы да жанын жеген елестерден жаңылысып, шексіз жапанда айқұлақты молаларды кезіп кетті. Көзін тас қылып жұмып еді, шексіз сұп-суық сұрғылт әлемге тап болды. Секем көңілі байыз таппай сықырлап ашылған есіктерге қайта телмірді. Гүлбану ақырет күннен бейхабар дүниеге алданғанын сонда ғана біліп, аһ ұрып бармағын тістеген. Кеудесінде аласұра соққан бір жапырақ ет жазадан құтылса да, зілмауыр үрейден арыла алмайтынын анық біледі. Себебі,  мақшар алаңындағы ұлы соттың есігі бір күні айқара ашылады. Ал, қабір ақырет дүниесіне апаратын жалғыз жол. Ауыр күрсінген әйел алқына бастады… Жыртық көңілін жамайын деп айналасынан сәл ғана жылу іздеп еді, бәрі тас керең…
…Иә, иә, ана жүрегі бір сұмдықтың болғанын сезеді. Мойнына бейкүнә нәрес­тенің қанын жүктеп, күнәға батып, одан шығар жол іздейді. Аласұрып, бармағын тістегенмен, мұз құрсана қаруланған әділетсіздіктен құбыжық ештеңе жоқ екенін ол іштей сезінеді.
Күнделікті темір тордың есігі ашылған сайын осы бір жұтаң, әлжуаз жанның дегбірі әбден қашты. Түрме ішінде бар тапқан ермегі сәбидің сылдырмағы мен шағын ғана қуыршаққа кигізетін кішкентай шұлық. Нәрестенің киімі күнде мың тоқылып, сан рет тарқатылады.

Өмір – өзен

Гүлбану бір қараған адамға мылжа-мылжасы шығып, өмірден түңіліп кеткен жанға ұқсайды. Оның қазіргі жағдайы үлбіреген қауызы кеуіп, солып қалған өсімдік тәрізді. Тек лып еткен сенім шырағы ғана оны қараңғылыққа бермей айналшықтайды. Осы сәтте сонау уысы балға толы тәтті күндері көз алдында сырғып өте берді…
Алғашқы бір ұшқын сезім, болашақ жарымен танысқан сәтте лып еткен-ді. Жас жүрек аһ ұрып, сезім ноқтасынан бір сәт те босаңсымады. Көзін жұмса, тәтті қиял арғымағына отырғызып, жеті қат көкті шарлап кетеді. Балауыз балбыраған тәні мен құлпынайдай еріндері құштарлық құшағына бөленген. Ал, ол шаттанғанда қолаң қара шашы Күн көзін көмкеріп кететін. Тана көздерінде жанған сиқырлы от бар. Сол жалын лапылдап, ынтық жанды дәл көз алдына әкелді. Оның сұңғақ бойы, қара торы келбетіне біткен қияқ мұрты, қой көздері ол үшін ғажап әлем… Ақыры кеудедегі кесек ет өз діттегеніне жетіп, екеуі бір қайыққа отырып, өмір айдынына қатар аттанды…

Шерлі

Сарыарқаның төсін еркін жайлаған қарт Ұлытау қабағынан қар еріп, бүгін елжірей қалған. Сірә, жастардың, ауыл тойының көркіне кедергі болмайын дегені шығар. Көктемгі ағаш бұтақтары да лезде-ақ бүршік жарып үлгеріпті. Мамыр­лаған қаздармен қатар жарысқан қара домалақтар сақаларын үйіріп, қас қарайғанша абыр-дабыр.
Той-думанға қанық болған дүйім жұрт тарқасып, өзара шүпілдесіп жатты. Үсеновтердің әулеті келін түсіріп, ананың қолын ұзартыпты. Ауыл арасын «Қуаныш ұзағынан сүйіндірсін!» – деген ақ тілектер іле-шала шарлап кетті…
Гүлбану есіктен жымиып кіріп еді, шашын төбесіне тас қылып түйіп алған енесі тұр екен. Күйіс қайырған теке құсап, кебістей ернін қиқаң еткізіп «Болсайшы езілмей, сен шай бергенше діңкеміз құритын болды ғой! Бұл үйге құт емес, жұт келген шығар»,– деді де, ауыз үйге теңселе басып шығып кетті.
Жас келіннің қатты сасқаны сонша,  ыстық самаурынды қолынан сусытып алды. Аяғына төгілген ыстық су тұла бо­йын тітіркентіп кетті. Сол-ақ екен добалдай енесі Күлән ит терісін басына қаптап:
– Ой, сорлы-ай, дүниеден мақұрым қалған неме! Жылтырақ көрсе жармасқан сендейлерден түңілемін осы. Жетімдерді аяма, желкеңді үзеді деген осы-ау! – деді. Тағы да Гүлбанудың жетімдер үйінде өскенін, лашықта тұратын әжесінің барын еріксіз есіне салды.
Жататын бөлмеге аяғын сылт басып, кереуетке отырды. Сырт-сырт соққан сағатқа қарап еді, көзі жетпеді. Қолына ұялы телефонды алып, Болатқа қоңырау шалды. Жауап жоқ. Атандай тоғыз айдың жүзі болды, ол да жарына селқос қарайды. Жұмыстан кеш келеді. Тіпті кей сәттерде жауап қатпай, теріс қарап, қызық атаулыны түзден іздейтін болды. Жанына тірек болар ештеңе таппаған соң жас келін бүгін жарық Айды жанына серік етті. Ұйқы жоқ, аяғының күйігі оған қосылып мазасын қашырды. Соңғы кездері жүрегі айнып, жүріс-тұрысы ауырлай бастады. Алланың бұйрығымен бойына біткен артық жүректі ана көкірегі қалай білмесін…

Керексіз

Таң қылаң берген. Бұрынғыдай емес, Ұлытаудың биік шыңдары ақ шәлі жамылып, бойларынан суық ызғар шашады. Оған қоса етегіңді түруге асыққан сумақай жел қармен ойнап, төңіректі ақ бұрқасындата борайды. Тек өлі тыныштықты бұзған ала сиыр күйіс қайтарып, келдің бе дегендей Гүлбануға сүзіле қарады.
– О, тоба, не деген бейнет десеңізші ?! Бұрынғыдай емес, қарны құрғыр тіреп, бел шыдатар емес. Жарықтық-ай, кернеген ақ торсықтан сымдай тартылып атқылаған сүт ақ шелекке сауылдай құйылып жатыр. Байлаулы тұрған бұзау да несібемді азайттың дегендей, бұйдасын керней тартынады. Аппақ сүт шелек ішінде теңселіп, жүкті әйел ебедейсіз адымдаған сайын ернеуден лықси төгіліп, жерге тамшылайды. Әйтеуір жетті-ау үйге. Табалдырықтан аттай бергенде төргі бөлмеде енесінің күйеуіне айтып жатқан сөздерін құлағы шалып қалды.
– Қарағым-ау, мына бәлені анау қара кемпіріне апарып таста. Енді өзі қалып, баласын асыраймыз ба? Басында айтып едім, анау Қонысбектің қызы Әйгерімді ал деп, бірақ сөзіме құлақ аспадың. Қарап отырсам, мен түгіл өзің де кейінгі кезде одан сырт айналдың. Мына жетімнің айы-күні жақын қалды. Әлденені сылтау қыл да апарып таста үйіне. Сосын бірдеңе қылып, Әйгерімге қолқа салармыз. Қанша дегенмен оқыған, мұғалім қыз ғой және де мынау сықылды қу тақыр емес, байлығы да бар. Ботам-ау, анасының сөзіне құлақ асқан бала жаман болмайды – деді де, арқасынан қағып-қағып жіберді.
Мына сөздерден кейін Гүлбануға жер айналып кеткендей көрінді. Өңім бе, түсім бе деп тұрғанда енесінің:
– Анау, қара жерді жастанған әкеңнің де рухы саған риза болады. Сөйт, балам! – деп екілене көндіріп жатқан үнін естіді.
Гүлбанудың көзіне жас үйіріліп, бір орында тапжылмай тұрып қалған. Табалдырықтан әрі аттаса екі аждаһа арпылдап алдынан шығатындай.
– Қу тастанды тірлік, мына дүниеде өксігенім аз болды ма, таңды таңға ұрып жылағаным, өмір бойы терезеге телміргенім жетпеді ме?! – деген ол дауысының қалай қатты шығып кеткенін сезбей қалды.
Гүлбанудың төбесі көрінісімен Болат қасына таяған. Кезінде өліп-өшіп сүйген жарының жүзінен салқын леп анық сезілді. Бейне көз алдында мұздан жасалған адам тұрғандай.
– Өшір үніңді, сен келгелі осы үйдің түтіні түзу шықпады, жалғыз анамды сыйламай, шаңырақтың берекесін қашырдың! – деген ол өктем-өктем сөйлейді. Тіпті, шермиген әйелін аяр емес. Тоқтайтын түрі байқалмайды. Бұдан еш аяушылық болмайтыны түсінікті. Болаттың аузынан мүңкіген ащы судың исі көкірегін жарып, жүкті әйелдің жүрегін айнытты…

Мұң

Сайын далаға әмір жүргізген тентек жел, байғазыдан құр қалғандай есікті теуіп, ішке лап қойды. Пеште бықсып жатқан шоқты тұтатпақ еді, онысынан ештеңе шықпады. Мұз патшалығы иесіз даланы да, осы үйді де жайлап алғалы қашан… Оған қоса бөлмедегі күңгірт сәуле онсыз да жүдеу көңілдің берекесін қашырады. Тек сығырайған майшам маңайына жарық беріп, сәл де болса үміттің отын үрлейді.
Біраз уақыт есінен танып қалған Гүлбану перезентханада көзін ашты. Көз алдында жүзінен нұр төгілген ақ халатты абзал жан тұр.
– Қызым, қалің қалай? Нендей жағдай сені осындай күйге душар қылды?
– Сізге шындықты айтуға тура келеді. Бала жатыр ішінде қысылып қалған. Сондықтан нәрестені ішіңізден жарып алуға мәжбүр болып отырмыз, – деді Гиппократ антын қабылдаған әлгі адам.
Екі сағатқа созылған операциядан кейін жас келіншек көзін ашқысы келеді, бірақ жанары құрғыр ырқына көнбейді. Аузына тамызар бір тамшы суға зар болды. Басы айналып, лоқсығысы келеді. Осындайда шіркін туған жердің самал желі соғып, бетіңнен аймаласа, төсінен аққан мөлдір бұлағын татсаң, жаның бір бақытқа кенелер еді-ау!
«Жығылғанға жұдырық» демекші, онсыз да мардымсыз көңіл жанына медеу болар ештеңе таппады. Аяулы алақан, ақ уызға жарымаған жанның жарасы үлкен. Осы сәтте өзін мүлдем жалғыз сезінді. Тіпті қасында жатқан қызыл шақа балапанына зер салып қарамады. Қарағысы да келмеді. Көзін терезенің жақтауына салып, әлдекімді тағат таппай тосады… Кеудедегі жүрек алқынып, аузына тығылады. Тағы да жасқа ерік беріп, күздің күңгірт ауласына тап болды. Үкілі армандары сары жапыраққа айналып, табан астында таптала берді. Құлағына әжесінің мұңды әуені шалынды. Сол мұңды әуен бала кезінен таныс. Сол әуенді жүрек құрығыр өршелене тыңдайды. Сол әуенді құйқылжытқан құс та бұның жанына жақын. Тіпті ол өмірінің басты кейіпкеріне айналғандай. Туғалы ана сүтін ембеген, әке көзін көрмеген балаң көңіл өмір бойы бір жылылықты аңсайды. Тек бар білетіні, есейген шағында балалар үйінен әжесінің асырап алғаны. Содан бері қанша жылдар өтсе де үрейлі көңіл бір сәт серпілмей қойды…
Үшінші күні төсі құрғыр иімей, нәрес­тені аштан қатырды. Оның ащы дауысы жер жарады. Қасында жатқан келін-кепшіктердің тойы бір тарқар емес. Келіп жатқан құртқа қосқан ыстық сорпа мен жаңа піскен бағлан қозының, қара күрең шайдың бұрқыраған иісі мұрын жарады.
Тек Гүлбануды іздеген жан адам жоқ. Базары тарқап, тауы шағылған ол сары уайымға берілді. Сүйіп қосылған жарын ұзақ күтті. Хат жазбақ болып еді, оның да қиюы келмеді. Өмірден түңілген келіншек соңғы кездері нәрестеге мүлдем көңіл бөлмейтін болды. Оның жылаған дауысын естісе жастық астына тығылып, тұла бойы дірілдеп, көзіне қорқынышты әлдене елес­тейді.

Қатыгез

Сол елес бүгін бір сұмдыққа итермеледі. Оған Ібіліс-Құбылыс серік болды. Ақыры ол оның қақпанына түсті. Ендігі көздегені өз нәрестесін жер бесікке үнсіз бөлеу еді. Оның қиюын әлгі Әзәзіл шебер ойластырғандай. Шала есінен айырылған Гүлбану астында жатқан жаялықты алды да, оны қақ айырып, ұзыннан екі бүктеп, бұғанағы қатпаған нәрестенің мойнына салып, қылғындырды. Оған қатты күштің де қажеті болмады. Бірер минуттан соң сәби кірпігінде бір тал тамшы шыланып қалды. Өмірге жұдырығын түйіп келген нәресте періште күйінде кете барды. Тек сәлден соң кішкентай алақандары ашылып, жүзін мәңгілік ұйқы аймалады.
Осы кезде Гүлбану үрейден селк етті. Ол алды-артына қарамай далаға тұра ұмтылды. Бір сұмдықтың болғанын сезген медбикелер палатаға ентелеп кірген. Бірақ, бәрі тым кеш еді. Қолын қанға малған жарымжан келіншек сол баяғы мұңды әуенге салды. Тек жем іздеген бозторғай көрінбейді…
Гүлбану көптен бері мезі болған осы ойлардан селк етті де, көзін қайта ашты. Ол өзінің жасаған қылмыс әрекетінен құтылғысы келді. Оның жалғыз жолы біреу ғана. Өзіне қол жұмсау. Сәлден соң құлағына нәрестенің жылаған дауысы келді. Ойпыр-ай, шынымен де өз қолымен өлтірді-ау. Бұдан кейін мына тіршіліктің не мәні бар? Баласын өлтірген қолдарымен қалай ас ішеді? Кінәсін бекіте түскендей бала да жылауын қояр емес. Құлағында қалып қойған азалы үннен қайтсе құтылады? Ащы дауыс естілген сайын тозақтың отына асықты…
Көз алдында шағала саңғырығы жап­қан сасық жартас. Ойша беттеп келеді. Сенері де, жығылса сүйенері де жоқ еді. Оның енді шылау басқан үй пешіне ешкім алтын бөлен тастамайды. Ақыры сорына жалғыздық жетті. Жалғыздық бәлкім ол арманның қанбаған шөлі болар. Үш күн жарлы жан. Фәниден Бақиға озғанша жарлы. Гүлбануға осы кеселдің арнайы формуласы жоқ тәрізді. Баласын өлтіруге батылы жеткен оның өзін өлімге қиюға қауқары жетпеді. Енді қайтпек? Есіктен сығалап полицейлер көрінгенде ғана әйел ар азабынан құтылмаса да, заңды жазасын алатын кез келгенін ұқты.

Түрме

Амалы таусылып, тауы шағылған келіншек түрме ішінен әлдене іздеді.Сол-ақ екен иығына біреу келіп ыстық алақанын қойды. Жалт бұрылып қарап еді, түрме ішінде өзімен қатарлас сотталған Шолпан екен.
– Сен өз-өзіңді жегі құрттай жей берме. Болар іс болды. Аяғыңды шалыс басқан екенсің. Бірақ, әлі де түзелуге, өміріңді өзгертуге кеш емес. Себебі, Алланың ме­йірімі шексіз. Жаратқан иемнің сөзі жүрегіміздің саңылауын ашатын, көкірегімізді тазартатын нұр тамшылары. Біле білсең, мен де ақиқат әлемінен адасып, алаяқтарға ердім. Бар бақытымды басымнан теуіп, осындай күйге душар болдым. Бірақ, сенімім сөнген жоқ. Себебі, он cегіз мың ғаламды жаратушы тәңірім еркіндіктің шегін білу үшін адамзатқа ақыл сыйлады. Ал сіңлім, сана жүректің көзін ашады. Сынақтан бір рет сүрінгенмен, қателіктен сабақ алып, сапқа қосылу әркімнің өз қолында. Сен де сынбайтыныңды көрсет! Жаңа өмір бастай алатыныңды дәлелде! – деген Шолпанның сөздері санасына қозғау салғандай.
Бұған дейін іштегі шері шемен болып қатқан Гүлбану алақанның жылуын сезіп, еңкілдеп жылап жіберді. Тұла бойы бусап, жібіп сала берді. Күнәсі үшін кешірім сұраған әйел сол күні сәждеге басын қойды…

Алма Түсіпбекова