Сәлеметсіз бе! Мен 2012 жылы белгілі бір банктен (белгілі себептермен банк атауы көрсетілмейді) ақшалай кредит алдым. Алайда бір себептермен 2013 жылдан бастап төлей алмадым. Ал банк менің берешегімді Коллекторлык агенттікке берген. Енді олар маған хабарласып қорқытып сотқа береміз, мүлкіңді арестке қоямыз дейді. Сол әрекеттері заңды ма? Сотқа берген жағдайда олар өндіре ала ма? Бұдан бөлек банкпен отырған келісім-шартты түсінбедім. Сонда ерікті сақтандыру шарты бар. Осы жайында да түсіндіріп жібере аласызба?

Айгүл Ыдырысова, әлеуметтік желі арқылы жолданды

Сәлеметсіз бе Айгүл?! Сізбен банктің арасында қарыз алу шарты жасалған. Осы шарттың талаптарына сәйкес сізге банк несиені белгілі бір мерзімге, ай сайынғы төлемдермен тізім жасап берген. Осы төлемдердің уақытын 3 айдан артық уақыт төлемеген жағдайда, келісім шарттың негізінде қарыз өндіру жұмыстарын несие беруші банк үшінші тұлғаға, яғни коллекторлық ұйымға факторинг шарты арқылы бере алады.

Алайда қазіргі таңда коллекторлық ұйымдардың жұмыстары нақты заңмен реттелмегендіктен, көп жағдайда коллекторлық компаниялар өз міндеттерін атқару барысында көптеген заңсыздықтарға баруда. Олардың әр түрлі қорқытуларынан қорықпаңыз. Егерде шектен шығып жатса, мысалы сіздің несиеңіздің құпиялы мәліметтерін бөгде мекемелерге, адамдарға жарялап жатса, немесе сіздің несиеңіз бойынша жалған ақпарат берсе, қорқытса, ар намысқа тиетін сөздер айтса, мұндай әрекеттері үшін құқық қоғау органдарына шағымдансаңыз болады.

Егерде банк пен коллекторлық ұйым арасындағы факторинг шартында коллекторлық ұйымның сіздің несиеңізді сотқа беру құқығы көрсетілсе, ондай жағдайда коллекторлық компания сіздің несиеңіз бойынша сотқа қарызды өндіру бойынша талап қоя алады. Әрине сотқа талап қоя отырып, мүлкіңізді де арестке қоя алады.

Сізге айтарымыз, несие бойынша сізді сотқа беруінен мүлдем қорықпаңыз, тіпті сотқа бергені керекте. Сотқа берген жағдайда банктің үстеме пайыздары мен айыппұлдары тоқталтылып, сот сіз төлейтін нақты сомманы бекітіп береді, ал қазіргі таңда ол сомма нақты емес, әр қашан өсіп отырады. Сот шешімімен бекітілген ақша көлемін банкте коллекторлық ұйым да көбейте алмайды. Ендігі кезекте соттың шешімін өзіңіз ай сайын айлығыңыз жартысын төлеп тұрасыз немесе сот орындаушы сіздің бухгалтерияңыз арқылы жалақыңыздың жартысын өндіріп отырады.

Егерде сіздің кәмелетке толмаған балдарыңыз болса, ондай жағдайда ай сайынғы сот шешімімен ұсталынатын ақша соммасын азайтуға болады, әрине заңгердің көмегімен.