ҚазАқпарат — Бүгін Primeмinister.kz ресми ресурсының алаңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, олардың бағасын  төмендету шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Л. Бюрабекованың айтуынша, «Кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына сәйкес әзірленген және барлық дәрі-дәрмектердің бағасын реттеуге бағытталған. «Заң жобасы жарияланғаннан үш ай уақыттан кейін күшіне енген кезден бастап шекті көтерме және шекті бөлшек сатылым бағаларын анықтау шаралары басталады. Көтерме дистрибьюторларға және бөлшек саудада осы анықталған шекті бағалардан асырып сатуға тыйым салынады», — деді Людмила Бюрабекова.

Фармация комитетінің төрайымы дәрі-дәрмектер бағаларын қалыптастырудағы жоспарлы өзгерістер бағаны реттеудің 4 деңгейін қамтитынын атап өтті: өндіруші, көтерме сауда, бөлшек сауда мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясындағы сатып алу. «Бағаларды реттеудің төрт деңгейі өндірушінің бағаны белгілеуіне тікелей қатысты. Дегенмен, олар тек Қазақстан Республикасында тіркелген дәрі-дәрмектерге ғана қатысты. Бұдан әрі үстеме бағаны ескере отырып шекті көтерме және шекті бөлшек баға бекітіледі.

Сонымен қатар, ережелер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттарды сатып алуға бағаларды белгілеуді реттейтін болады», — деді ол. Бұған қоса, қымбат тұратын дәрі-дәрмектердің бағалары да реттеледі. Л. Бюрабекова бағаларды реттеу дәрі-дәрмектердің сапасына әсер етпейтініне назар аударды.

«Баға мен сапа — дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде үнемі ескерілетін екі критерий. Бізде сапаға сараптамалық ұйым — Дәрі-дәрмектерді сараптаудың ұлттық орталығы жауапты. Тіркеу жүргізіліп жатқан кезде компания дәрінің сапасын растайтын құжаттар пакетін ұсынады. Егер дәрі-дәрмек Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген болса, онда оның қауіпсіздігі мен сапасы дәлелденген. Сәйкесінше, бағаларды реттеу дәрілердің сапасына ешқалай да әсер етпейді. Өзгерістер шектеулілік түрінде байқалады, біз бұйрықпен бекітетін айырма мен үстеме бағаны жұртшылықпен және қауымдастықтармен белсенді түрде талқыладық. Аталған бағаға ешкім қарсы емес секілді. Қандай да бір дәрі-дәрмек нарықтан шығып қалмайды деп ойлаймыз», — деді Фармация комитетінің төрайымы.  

Айта кетерлік жайт, еліміздің барлық өңірлерінде дәрі-дәрмектердің бағалары бірдей болмақ. «Дәріханалардың ауылдық немесе қалалық екеніне қарамастан, бағалар бұйрықпен бекітіліп, ҚР барлық аумағында бірдей бағамен сатылатын болады», — деді Л. Бюрабекова.