Сириядан Қазақ­стан азаматтарын эвакуациялаған гуманитарлық операция 2019 жылдың басты оқиғасы ретінде тарихқа енетініне ешкімнің күмәні жоқ шығар. Себебі, оның Қазақстандағы 18 млн тұрғын үшін ғана емес, шетелдегі 5 миллионнан астам қазақ диаспорасы үшін де маңызы өте зор. Сондықтан да, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл жағдайға байланысты арнайы мәлімдеме жасады.

Онда Мемлекет басшысы: «Менің тікелей тапсырмам бойынша 6 қаңтарда құқық қорғау органдарының Сыртқы істер минис­трлігімен бірге жүргізген гуманитарлық операциясы өз нәтижесін берді. Сириядан Қазақстанның 47 азаматы (оның 30-ы бала) елге қайтарылды. Біздің құзырлы органдарымыз бұрын-соңды болмаған үлкен жұмыс атқарды. Олардың барлығы лаңкестердің бақылауында болған. Әртүрлі жағдайлармен алдап, дағдарыс боп жатқан Сирияға алып кеткен. Ол жөнінде айтқанбыз. Біраз адамдар азғырушылардың айтқанына алданып сол жаққа барды да, көпшілігі соғыста қайтыс болды. Мына адамдарды біз мемлекет ретінде қолдау көрсетіп, бізге достық қарым-қатынасы бар мемлекеттің көмегімен, Қазақстанның ұшағымен алып келдік. Ол кісілерге өзіміздің жағдайға үйрену, медициналық бақылаудан өту үшін 1 ай көмек көрсетеміз. Тағдыр тауқыметін тартқан әйелдер мен балалардың қуанышында шек жоқ. Олардың көз жасын көрдік. Сондықтан, осы шаруа басқа жұртқа тиісті мәлімет береді және болашақта мұндайдың болмауына жағдай жасайды. Келген адамдар көрген қиыншылықтары мен зардабын кейін өздері айта жатар. Қазақстан өз азаматтарын қай жерде жүрсе де қолдайтынын біз көрсетіп отырмыз. Еліміздің қауіпсіздігін, береке-бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мемлекеттің маңызды міндеті. Қақтығыс аймағында еріксіз жүрген азаматтарымызды, әсіресе, балаларды қайтару жөніндегі жұмыс­тарды жалғастыра береміз», – деді.

Әлеуметтік желілердегі кейбір жазбаларға қарағанда, кей адамдар үшін бұл бұрын-соңды болмаған ерекше жағдай сияқты. Осы арада оның Қазақстан азаматтарын қақтығыс ошағынан эвакуациялау бойынша ел тарихындағы бірінші оқиға еместігін айта кеткен жөн шығар. Дәл осы Сириядан 2013 жылы Қазақстанның 140-тан астам азаматы елге қайтарылған еді. Ал, оның алдында, дәлірек айтқанда 2011 жылы наурызда Ливиядағы 22 отандасымызға да дәл осындай көмек көрсетілді. Сондай-ақ, мұндай іс-әрекеттерді көршілес елдермен бірлесіп жүзеге асырған жағдайлар да аз болған жоқ. Мұндай іс-әрекеттердің гуманитарлық, саяси жән әлеуметтік сипаттарынан бөлек, көп жағдайда идеологиялық маңызы басым келетіні ешкімге жасырын емес. Көптеген елдер осындай жағдайларды деректі және көркем фильмдердің сюжетіне арқау етіп жатады. Өйткені, бұл мемлекеттің күші мен қуатын көрсетіп қана қоймай, халықтың тұтастығын нығайтуға да зор септігін тигізеді. Әлемдік саясаттың қулық-сұмдығын аса жетік меңгермеген және оны өз пайдасына тиімді жаратудың жолын іздестіруге бұған дейін аса мән бермеген Қазақстан осы жолы өз қателігінен сабақ алғандай. Өйткені, бір кездері аймақтың ғана емес, күллі әлемнің назарын өзіне аударған Ауғанстан жерінен отандастарымызды ғана емес, ондағы қазақ диаспорасының өкілдерін де елге қайтару шарасының қоғамдағы маңызы мен рөлі әлі күнге дейін еш жерде айтылып, жазылып жүрген жоқ. Тіпті, бұл арнайы зерттеу нысанына да айналмады. Сондықтан, Сириядан оралған 47 қазақстандықты көрсету кезінде, олардың бірі көзіне жас ала отырып, Отанын сатқандай сезінетінін мойындауы және осыған қарамастан қиын жағдайда қалған кезде, жат жерде қалдырмай, елге қайтарғаны үшін Қазақстанға қарыздар екенін айтқан сөздері кімнің болса да жүрегін елжіретері анық.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»