Кезінде елімізде ауылшаруашылық жерін жеке меншікке беру мәселесі қызу талқыға түсті. Ал, қазір ауыл жағдайы, ауыл шаруашылығы өндірісінің хал-ахуалы сын көтермейді. Бұрынғы колхоз, совхоз жоқ. Ауылда жұмыс көзі аз, ауыл тұрғындары жеке кәсіпке бет бұра бастады. Осыған байланысты бұл күрделі де қиын жағдайды жөнге келтіру ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беру арқылы ғана жүзеге асырылады деген пікір пайда болды.

Бұқаралық ақпарат құралдарында негізінен қазір осындай ой-пікірлерді жақтаушылар басым. Мұндай пікір айтушылар негізінен Қазақстан Республикасы Конституциясындағы жерге мемлекеттік және жеке меншік құқық түрлері белгіленгендігін басшылыққа алады. Конституцияға сәйкес 2001 жылы 24 қаңтарда қабылданған Жер туралы заңда «Ауылдық жерлерде жеке қожалықты жүзеге асыру үшін 0,25 га суарылмайтын, 0,15 га суарылатын жер учаскесі; жеке тұрғын үй құралымен жүзеге асыру – 0,10 га; бау-­бақша, саяжай құрылысы үшін 0,12 га жер көлемі тегін берілетіні» көрсетілген.

Беларусь, Украина, Қырғыз мемлекеттерінде де осылай белгіленген. Қазақстан Республикасының заңдарында жоғарыда көрсетілгеннен басқа жерлерге мемлекеттік меншік белгіленген. Ендігі жерде осы заңдарға өзгерістер енгізіліп, ауылшаруашылық жеріне де жеке меншік құқығын енгізу көзделуде. Бұл мәселе дұрыс па, дұрыс емес пе, қазіргі пікірталастың негізгі түйіні осында. Жалпы алғанда, жерге мемлекеттік және жеке меншік құқығы деген мәселені қарастырмастан бұрын біз меншік құқығы дегеніміз не, оның қандай белгілері бар осы мәселені шешіп алуымыз керек.

Билік ету құқығы бойынша жер иеленуші жердің заңмен белгіленген тағдырын шешуге құқылы. Яғни, ол өз қалауы бо­йынша кез келген әрекеттер жасауға, оның ішінде жерді басқа адамдардың меншігіне беріп, өз иелігінен шығаруға, өз өкілеттігін басқаға тапсыруға, жерді кепілге беруге, сатуға, сыйға беруге т.б. әрекеттерді жүзеге асыруға құқылы. Ендеше, ауылшаруашылық жерін жеке меншікке беру арқылы мемлекет меншік иесіне осы заңмен белгіленген барлық құзыреттерді бірге береді. Жер жылжымайтын мүлік ретінде жеке меншікке өтеді, меншік иесі азаматтық құқық нормаларымен белгіленген өз құқықтарын толық жүзеге асыруға заң негізінде мүмкіндік алады. Ал, егер мемлекет ауыл шаруашылығы жерін қазіргі қолданыстағы жер заңына сәйкес тек пайдалануға берсе, онда мемлекеттің өзінде жерге билік ету құқығы қалады, жер мемлекет меншігі болып саналады.

Осыған байланысты ауылшаруашылық жеріне меншік құқығын белгілеу немесе субъектіні тек қана жер пайдалану құқығымен шектеудің қайсысы дұрыс деген мәселе бүгінгі күні негізгі мәселеге айналды.

Меніңше жерге жеке меншік құқығын белгілемес бұрын ең алдымен басты мәселе Қазақстандағы жердің негізгі иесі кім деген сұраққа жауап іздеген дұрыс сияқты. Ел Конституциясының кіріспе бөлімінде «Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып» деп анық та айқын көрсетілген. Демек, жер – қазақтікі, оған ешкімнің дауы жоқ. Жерді, суды, орман-тоғайды басқа да табиғат объектілерін қазақ халқы құдайдың берген сыйы, өздерінің ортақ меншігі ретінде санаған. Қазақ қоғамында жерге меншік болмаған, жер пайдалану рулық, қауымдық негізде жүзеге асқан. Жер қазақ халқының бөлінбейтін меншігі саналған. Қазақ қоғамына елеулі еңбек сіңірген жеке тұлғаларға жер тек қана сый ретінде мәңгілік пайдалануға ғана берілген. Қазірге дейін көрнекті ұлы тұлғалардың атымен жер аттарының аталуы сондықтан.

Конституцияда көрсетілгендей байырғы қазақ жері қазақтардың ортақ бөлінбес меншігі болса, онда біз бүгін тарих тәлкегіне түсіп, Отанынан еріксіз шетке кеткен миллиондаған қандастарымыздың осы жерге деген құқығын неге есепке алмаймыз? Ауылшаруашылық жерін бүгін жеке меншікке беріп, үлестіріп жібергенде, ертең елге қайтқан қандастарымызға не тиеді? Бұл ойланатын мәселе.

Сондай-ақ, көптеген елдерде мысалы АҚШ-та, Францияда, Германияда, Италияда, Қытайда, Ұлыбритания, Израиль сияқты дамыған елдерде ауылшаруашылығы жерлері жалға беру арқылы тиімді пайдаға асуда. Мұндай тәсіл мемлекет үшін де, жер иеленушілер үшінде өте тиімді сияқты. АҚШ-та 1991 жылы «Ауылшаруашылық жерін қорғау саясаты туралы» арнаулы заң қабылданған. Осы заңға сәйкес жалға берілген жердің тиімді, мақсатты пайдаланылуы, салық төлеу, заңда көрсетілмеген мақсаттарға пайдаланғаны үшін жауаптылық мәселелері толық көрсетілген.

Біздің республикамызда қолданылып жүрген жер заңында да жерді ұзақ мерзімге пайдалануға алу немесе жалға алу туралы арнаулы баптар бар. Қазір ауылшаруашылық жерлері осы заңға сәйкес пайдаланылуда, жақсы нәтижелер де баршылық. Жерді жеке меншікке беруді қолдайтындардың негізгі сылтауы «жердің иесі жоқ, ол тозып барады» дейді. Егер мемлекет АҚШ-тағы сияқты жер пайдалану заңдарын дұрыс жолға қойса, оның орындалуын бақыласа мұндай болмас еді. Ауылшаруашылық және басқа жерлердің тек мемлекет меншігінде болуы сол мемлекеттің саяси беделін, экономикалық күш-қуатын арттырады, өйткені, байлықтың басты көзі – жер. Осы байлықты заң нормалары арқылы ретке келтіруші, ел иелігіне айналдырушы тек қана мемлекет. Осындай бағдарламамен жұмыс істеген көршілес Қытай мемлекеті жер өнімдерімен өзін ғана асырап қоймай, өзге мемлекеттерге де азық-түлік сатып, нарық экономикасында субелі табысқа ие болуда.

Жерді, әсіресе ауылшаруашылығының жерін мемлекет меншігінен алып, жеке меншікке беру әлі пісіп жетілмеген саясат. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары, оның ішінде өзіміздің қандастарымыздың жерді ақылы түрде меншікке алуға қаржысы жоқ. Ауылшаруашылық жеріне жеке меншік институтын енгізу – олигархтар мен қалталылардың жерді заңсыз иеленуіне, алып сатарлыққа, әртүрлі қылмыстық іс-әрекеттерге әкеліп ұрындырады. Қазақ ежелден жер дауы мен жесір дауы жаман деп бекер айтпаған. Ендеше, жер дауын өрістетпеу үшін ауылшаруашылық жерін жеке меншікке беруге асығыстық жасамаған дұрыс. Керісінше, мемлекет осындай пайдалы, тиімді жерлерді ұзақ мерзімге пайдалануға мүмкіндік беретін заң нормаларын, жетілдіруге, жер пайдаланушыларға мемлекеттік қаржылай несие беретін жер банкілерін ашу арқылы тиімді жағдайлар туғызу керек. Ауылшаруашылық жерлерін жеке меншікке беруді жақтаушылар – мұндай жерлер өз азаматтарымызға ғана беріледі, шеттелдіктерге берілмейді дейді. Бұл жеңіл-желпі айтылған сылтау. Азаматтық туралы заңға сәйкес біздің елдің азаматтығын алудың сан түрлі жолы бар. Оларға шектеу қою адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтары жөніндегі халықаралық нормаларға қайшы келеді. Мұндай ретте ұлттық заңға қарағанда халықаралық норманың үстемдігі айтпаса да түсінікті.

Міне осыған орай ғасырлар бойы қоғам мүшелерінің еңбегімен пайдаға асқан ауылшаруашылық жерлерін жеке меншікке беруді жақтамаймын.

Арықбай АҒЫБАЕВ,
Заң ғылымдарының докторы, профессоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері