Ел экономикасын дамытып, әлеуетін арттыруда табиғаттың берген мүмкіндіктерін молынан пайдалануға әлемнің дамыған елдері ертеден-ақ әдеттенген. Ол мүмкіндіктердің ең үлкені туризм екені талассыз. Ал, біздің кем түсіп жатқан бір тұсымыз да осы. Басқасын айтпағанда, Алатау құшағындағы Алматы қаласы мен Жетісу жерінің туризмге сұранып тұрғаны ешқандай дау тудырмайды. Тек, соны тиісті деңгейде пайдалана алмай келе жатырмыз. Енді осы олқылықтың орны тола бастаған секілді.

Олай дейтініміз, таяуда Алматы облысында «Ой-Қарағай – Орман ертегісі» атты жанұялық спорт түріндегі тау шаңғы кешені ашылды. Туризм деп бір сөзбен түйіндей салғанымызбен, бұл сала өз ішінен бірнеше түрге бөлініп кете береді. Тау шаңғысы соның бір парасы ғана. Аталмыш кешен қысқы туризмнің осы түріне бағытталған. Кешеннің ашылуына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы келді. Аймақ басшысы алдымен шаңғы теуіп, салауатты өмір салтын ұстанатынын аңғартты. Соңынан тілшілермен тілдесуге де уақыт тапты.

– Елбасы Алматы облысына жұмыс сапарымен келіп, Алакөл жағалауындағы демалыс орындарын көргенде, енді Қаскелең – Түрген шатқалдары аралығында тау туризмін шұғыл түрде дамытуды тапсыр­ған болатын. Сондықтан, жергілікті бюджеттен 497 миллион теңге бөліп, рес­публикалық негіздегі автокөлік жолынан осы кешенге дейінгі 6,2 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткіздік. Сосын, жергілікті кәсіпкер жігіттердің бастамасымен «Ой-Қарағай – Орман ертегісі» атты тамаша курорт салынып, салтанатты түрде ашылып отыр. Осынау тау шаңғысы кешеніне инвестор 60 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы салды. Нәтижесінде, күн сайын демалыс орны 1800 адам қабылдау мүмкіндігіне ие болып, 250 адам жұмыспен қамтылды. Дәл бүгін үш мың адам 13 шақырым болатын шаңғы жолын пайдаланса, екі-үш жылда сол жолақты 40 шақырымға созуды жоспарлап отыр. Оны жүзеге асыру үшін қосымша 35 гектар жер телімі бөлінген. Бұл алдағы уақытта тағы да мыңдаған демалушыны қуантып, салауатты өмір салтын ұстануға үндейді. Бүгінгідей керемет қыстық демалыс орнын ашуды жергілікті кәсіпкер Ерлік Балфанбаев қолға алған болатын. Өйткені, туристік кластер Қазақстанда, оның ішінде тау шаңғы кешені Алматы облысы аумағындағы Іле Алатауы шатқалдарында дамуы керектігін Мемлекет басшысы ұдайы айтып келді. Швейцария, Италия, Франциядан еш кем емес, тіпті климаттық жағдайы бойынша артықшылықтары басым мынау тау шатқалдарына келгендер өздерімен бірге балаларын әкеліп дем алып, тынығуларына жағдай жасауға қаражат салу керектігін де тапсырған болатын. Сондықтан, біз инвесторымыздың ұтқыр идеясын бірден қолдадық, – деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

– Осыдан 12 жыл бұрын жоспарланған тау шаңғы кешенінің құрылыс жұмысы толық аяқталып, ойым бүгін іс жүзіне асты. Бұл жұмыс мыңдаған адамның көмегімен бітті. Бірінші кезекте, біздің компаниямыздың қызметкерлері және «Ой-Қарағай – Орман ертегісі» ұжымы қызметкерлері қолдады. Көптеген жобалаушылар мен құрылысшылар болмаса, қысқа мерзімде алып кешенді сала алмас едік. Сол жанашырларымның ішінен жекелеген адамдарды айта кетсем, идеям­ды ең басынан қолдаған Амандық Ғаббасұлына мың алғыс! Өте жақсы көмек көрсете білген Серік Тұрдалиевке, менің өмірімде ерекше орын алған, өзі австрия­лық болғанымен, жан дүниесі қазақ Бернод Ляйтнер мырзаға, осы кешеннің толық жобасын жасаған менеджері Дмитрий Матясқа үлкен рақмет айтамын, –деді өз кезегінде «Орман ертегісі – Апорт Ақ Тас» компаниясының президенті Ерлік Балфанбаев.

Негізі, Тянь-Шань тауларының солтүстік бөлігі болып саналатын Іле Алатауындағы Қаскелең –Түрген шатқалдарының арасы 400 шақырымға жуық болады. Онда теңіз деңгейінен (Н-4978) биіктікте жатқан Талғар шыңы секілді мықтылығымен әлемге танымал болған мұздықтармен өтетін бірнеше альпинис­тік маршруттар бар. Бөктерінде еліміздегі ең ірі мегаполис Алматы қаласы орналасқаны өз алдына. Сондықтан, Алматы облысында туристік кластерді дамыту, оның ішінде спорттың жанұялық түріндегі тау шаңғысын кешенді түрде өркендету мүмкіндігі молынан туып отыр. Біле-білсек, бұл жетісулықтарға табиғат-ананың бір тартуы болып та саналады. Себебі, кез келген мемлекетте басынан қар кетпейтін асқаралы тау жоқ. Болған күнде де, басындағы қар ұзақ жата алмай, еріп кетеді. Алатаудың тағы бір артықшылығы – тау шаңғысы спортына жазғытұрым үзіліс жасай тұрып, орнына велоспортты қыздырып жіберуге болады. Бұл мүмкіндік «Ой-Қарағай – Орман ертегісі» атты спорттың жанұялық түріндегі тау шаңғы кешенінде жақсы ойластырылған. Жыл мезгіліне қарамай ешқандай үзіліссіз әрі тәулік бойы жұмыс істейтін осы кешен теңіз деңгейінен 1500-1800 метр биіктікте орналасқан, жалпы аумағы 85 гектар жерді алып жатыр. Қауіпсіздік қарастырылып, түрлі кедергілер қойылып, арнайы жасалған 15 жолақтағы қалаған биіктігіңізге «Апорт Плаза» атты сол күні ашылған жаңа аспалы арқанды жолмен жетіп, тау шаңғысымен, скейтбордпен, үрленген камералармен (балонмен) сырғанауға болады. Онда шетелдік кәсіби білікті мамандардан құралған салалық жаттықтырушылар мектебі жұмыс істеп тұр. Спорттың бұл түрінен бейтаныс жандар сол мектепте екі-үш рет жаттыққан соң, одан әрі өзі тез игеріп кетеді. Әлбетте, қажетті киімдер мен құрал-жабдықтар ақылы түрде пайдалануға беріледі. Жанұясымен ұзақ күнге демалуға келгендерге арнайы жабдықталған жылы да жайлы бөлмелер бар. Әр халықтың ұлттық асханалары үйлестіре енгізілген 6 мейрамхана және 99 қонақ үй есігі келушілерге айқара ашық.

Тұтастай алғанда, туризм – табиғат туризмі, этнотуризм, су туризмі, спорт туризмі және альпинизм болып сан салаға бөлінетіні мәлім. Сондықтан, бұрын сауда, байланыс орындарының түйіскен орны болған Жетісуда бүгін уақыт қажеттілігіне орай туризмнің дамуы заңды құбылыс. Алматы облыстық туризм бас­қармасының басшысы Жанар Алчимбаеваның айтуынша. «Жалпы, Алматы өңірінің тау кластері тау шаңғы нысандарын ғана емес, Іле-Алатауы тауларынан бастап Қаскелең шатқалы, «Көлсай көлдері», «Шарын», «Іле-Алатау» МҰТП-ін қоса отырып Хан Тәңірі шыңына дейінгі таулы аймақтарды, бүгінгі таңда қызмет көрсетіп жүрген «Ой-Қарағай – Орман ертегісі» тау курорт-отелі, «Ақ-бұлақ» спорттық-сауықтыру кешені, «Табаған» тау-шаңғы курорты және жаңа басым ивестициялық жобалар «Орман ертегісі – Апорт Ақ Тас», Үлкен Алматы каналы туристік аймағы, «Ақбұлақ» көпсалалы туристік кешені, «Долина-3» тау-шаңғы кешені және агротуризм, этноауыл, курорттық-сауықтыру нысандары мен туристік орталықтарын, жол бойындағы сервистік нысандарын қамтитынын ескеру қажет. Сонымен қатар, тау кластерін дамыту жоспарын әзірлеу барысында «Алма-тау» АӨТКА (Алматы өңірінің туристік кластерінің қауымдастығы) және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп жұмыс­тар жүргізілуде. Сондай-ақ, Алматы облысы әкімдігі, Алматы қаласы әкімдігі және «Kazakh Tourism» ұлттық компания­сы акционерлік қоғамымен үш жақты меморандумға қол қойылды. 2018 жылы туристік әлеуетті зерттеу және туристік индустрия деректерін өзектендіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Жоба шеңберінде туристік үдерістің барлық қатысушыларының бірыңғай дерекқорын құру, олардың қызметін сипаттау, әлеуетін зерттеу және бағалау жүргізіліп, нысандары құжаттандырылды. Туристік ресурс­тарды сату және жылжыту стратегиясы, туристік өнімдерді қалыптастыру және құндылық тізбегі анықталды. Былтыр 2 миллион адамға 10 миллиард теңгеге туристік қызметтер көрсетілген.

Қорыта келгенде, Қазақстан туризмі жаңа ғасырының алғашқы қарлығашы деп Алматы тау кластері саналатыны ашық айтылуда. Болжам бойынша, елімізге 2025 жылы әлемнен 2,5 млрд турист келмек. Бірақ, сәйкесінше туристік нысандарда халықаралық стандарт қатаң сақталуы міндет. Сондықтан, нақты жоспар құрылса, орындалмайтын арман жоқтығын біз сөз етіп отырған дүние айқындап берді. Кәсіпкерлеріміз де арманын нақты мақсатқа айналдырып, талай биікке қол жеткізеді деп сенім артамыз және оған негіз де бар.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Заң газеті»
Алматы облысы