Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операция бойынша мәлімдеме жасады. Бұл туралы ҚазАқпарат Ақорданың фейсбуктегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Менің тікелей тапсырмам бойынша 6 қаңтарда біздің құқық қорғау және басқа, соның ішінде Сыртқы істер министрлігімен бірге үлкен гуманитарлық операция өзінің жемісін берді. Сириядан Қазақстанның 47 азаматы, оның ішінде әйелдер де бар, әсіресе айта кетерлігі 30 бала бар. Біздің құзырлы органдарымыз бұрын соңды атқармаған үлкен жұмысты атқарды. Олардың барлығы да террористердің бақылауында болған. Әр жағдайлармен алданып, уақытысында дағдарыс болып жатқан Сирияға оларды алып кеткен. Ол жөнінде айтқанбыз. Біраз адамдар олардың айтқанына алданып, сол жақта көпшілігі соғыстың арасында қайтыс болды», — дейді Ақорда таратқан видеода Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуына қарағанда, аталған азаматтар бізге достық қарым-қатынасы бар мемлекеттің көмегімен, Қазақстанның ұшағымен әкелінген.

«Ол кісілер өзіміздің жағдайға үйрену үшін, медициналық бақылаудан өту үшін бір ай қалатын болады. Оған біз көмек көрсетеміз. Тағдыр тауқыметін тартқан әйелдер мен балалардың қуанышында шек жоқ. Олардың көз жасын көрдік. Сондықтан, осы жағдай басқаларға қажетті мәліметтер береді және болашақта мұндай жағдайды болдырмайды. Келген адамдар көрген қиыншылықтары мен зардабын кейін өздері айта жатар. Сондықтан, Қазақстан өз азаматтарын қай жерде жүрсе де қолдайтынын көрсетіп отырмыз. Еліміздің қауіпсіздігін, береке-бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мемлекеттің маңызды міндеті. Сондықтан, қақтығыс аймағында еріксіз жүргендерді, әсіресе балаларды қайтару бойынша жұмыстарды біз жалғастыра беретін боламыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.