Өткен жылы еліміздің жоғары заң шығарушы органы негізінен, Елбасы ұсынған реформаларды жүзеге асыруға бағытталған құжаттар бойынша жұмыс істеді. Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, сессия басталғанда барлығы 82 заң жобасы ұсынылса, оның 40-ы мақұлданып, 21-іне Мемлекет Басшысы қол қойып, қолданысқа еніпті. Ал, Парламенттің жоғарғы Палатасында бұл кезеңде 80 заң жобасы қаралып, оның 72-сі қабылданып, 8-і Мәжіліске қайтарылыпты.

Тариф белгілеу ашық жүргізіледі

Қаралған заңдар ішінде халықтың өмір сапасын арттыруға арналған құжат ретінде «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасын айтуға болады. Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесі отырысында берген тапсырмасын орындауға бағытталған бұл құжатта қоғамды алаңдатып отырған біраз мәселе қамтылған. Айталық, құжатта табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігін арттыру, тарифтерді қалыптастыру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету, тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуына бақылауды күшейту, сондай-ақ, осы салаларға инвестицияларды ұлғайту шаралары көрініс тапты. Бүгінде жиі айтылып жүрген табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыру, тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылауды күшейтуде маңызды рөл атқаратын мемлекеттік реттеу процесінің жариялылығы осы заң аясында шешімін тапты. Бұл ретте заң негізінде құрылатын тарифтік саясат жөніндегі кеңес пен қоғамдық бірлестіктердің пайдасы зор болады деген үміт бар.

Тендерге қажет тиімді тетіктер

Биылғы жылда қабылданған маңызды заңдардың қатарына еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне енгізілген мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды қосуға болады. Өйткені, бұл құжатта сыбайлас жемқорлықтың түрлі фактілері көрініс беріп жататын мемлекеттік сатып алуларға қатысты бірқатар тиімді тетіктер жасалды. Мәселен, онда орталықтандырылған қызмет негізінде мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай жүйесін енгізу, квазимемлекеттік секторда сатып алуды қайта қарау мәселесі шешімін тапты. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ақпарат жүйесінде электрондық түрде бірыңғай сатып алу орнын құру да осы заң аясында жүзеге аспақ. Қос Палатаның депутаттары үнемі айтып жүрген квазимемлекеттік секторды сатып алулар тәртібін реттейтін құқықтық ережелерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тарту мәселесі де осы заң негізінде қолданысқа енетін болады.
Тағы бір жаңалық – мемлекеттік сатып алу жүйесіне қатысты шағымдар, веб-портал арқылы берілген мәліметтер, сондай-ақ, оларды қарау нәтижелері бойынша қабылдаған шешімдер көрсетілетін республикалық шағымдар тізімдемесі қалыптастырылып, енгізілді. Офшорлық аймақтарда тіркелген әлеуетті жабдықтаушылардың сатып алуға қатысуына тыйым салынатын болды. Алайда, заң жобасында «Самұрық-Қазынаның» мемлекеттік сатып алудың жалпы ережелерінен сырт қалатын ерекше мәртебесінің не үшін көзделгені түсініксіз болып отыр.

Есірткі қылмысына қарсы ерекше құжат

Есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша қабылданған заңнамалық түзетулерді де бүгінгі заман сұранысы деуге болады. Өйткені, бұл құжат ғасыр мәселесіне айналып, әсіресе, көгөрім жастар келешегін балталап жатқан нашақорлыққа себеп болып отырған факторларды жоюға бағытталған. Яғни, заң қазіргі замандағы есірткі қылмысының жаңа қатерлері мен қауіптеріне қарсы шараларды қамтиды. Жаңа ережелер нарықта пайда болған жаңа психикалық белсенді заттарды елімізде тыйым салынған есірткі құралдарының тізіміне жедел түрде қосуға мүмкіндік береді.

Медицинадағы бетбұрыс

Сол секілді денсаулық сақтау мәселелері бойынша енгізілген заңнамалық түзетулер де халықтың өмірі үшін қажетті бірқатар өзекті мәселелерді шешеді. Бұл құжат негізінен, тегін медициналық көмектің мемлекеттік көлемінің жаңа үлгісін енгізуге бағытталды. Елбасы қол қойса жұртшылық осы құжат негізінде жедел дәрігерлік көмек, санитарлық авиация, алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу және созылмалы ауруларды емдеу үшін стационарды алмастыратын дәрігерлік көмек, стационарлық дәрігерлік көмек, медициналық көрсеткіштер бойынша қан препараттарымен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету, туберкулезбен ауыратын және туберкулезбен ауырған нау­қастарды қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, халықтың жекелеген санаттарына арналған мейірбике күтімі және паллиативтік көмек және тағы басқа көмек түрлерін ақысыз алатын болады.
Осы заңнаманың заңды жалғасындай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша қабылданған түзетулер де заң шығарушы органның биылғы жұмысының жемісі. Бұл құжатта шекті бағаларды бекіту арқылы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық дәрілік заттарға арналған бағаларды реттеуді іске қосу, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды веб-портал арқылы сатып алудың, сондай-ақ, веб-порталды сүйемелдеу және оған жүйелік-техникалық қызмет көрсетуге арналған бірыңғай оператор арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды электрондық сатып алуға көшу көзделді.

Бірыңғай жиынтық төлем

Биылғы жылы Парламент халықтың жұмыспен қамтылуына қатысты да көптен шешімін күткен мәселелерді заңдастырды. Президенттің өздігінен дербес жұмыспен қамтылған халықтың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген бұл құжатта бірыңғай жиынтық төлемді тәжірибеге енгізу көзделді. Жаңа тетік жеке табыс салығын, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына әлеуметтік төлемдерді, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдарды бірыңғай жинақтау төлеміне біріктіріп отыр. Бірыңғай жинақтау төлемі бейресми жұмыспен қамтылғандарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне және медициналық ұйымдарды таңдай отырып, шектеусіз медициналық қызметтерді тұтынуға, зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысуға және жүйеге қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемдерін алуға, еңбекке жарамдылығын жоғалту, асыраушысынан айырылу, жүкті болу және босану, бала асырап алу, 1 жылға дейін бала күту жағдайларында әлеуметтік төлемдерді алуға мүмкіндік береді.
Парламент, сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруды толыққанды қаржыландыру үшін басты қаржы құжаты – «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қабылдады. Онда Елбасының биылғы Жолдауында айтылған барлық тапсырмаларға сай азаматтардың кірісін көбейту, білім, денсаулық саласын жақсарту, сонымен бірге, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және өңірлік, аймақтық инфрақұрылымдарды дамыту тағы да басқа маңызды салалар бойынша тиісті қаржы қарастырылды.
Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру мақсатында жергілікті бюджеттерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, жалақыны көтеру мақсатында еңбекақысы төмен жұмыскерлердің салықтық жүктемесін төмендетуге байланысты шығындарды өтеу­ге, қосымша білім беру гранттарын бөлуге арналған шығыстарға, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша гранттар құнын ұлғайтуға арналған нысаналы трансферттер көзделіп отыр. Бұрын респуб­ликалық бюджеттен қаржыландырылмаған жоғарыда белгіленген басымдықтарды іске асыру қажеттігін ескере отырып, 2019 жылға арналған бюджет жобасының шығыс­тары 2018 – 2020 жылдарға арналған республикалық бюджетте бұрын бекітілген мөлшермен салыстырғанда 898,5 млрд. теңгеге ұлғайған.
Десе де, Парламентке түскен заңдардың сапасы әлі де сын көтермейді. Бұл мәселеге Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тоқталған еді. Оның айтуынша, Елбасының тапсырмаларын орындауға жыл басынан бері жеткілікті уақыт болғанына қарамастан, Үкімет бірнеше күрделі заң жобаларын жыл соңында бір пакетпен түсіріпті. Сенат депутаттары заң жобаларының маңыздылығын ескере отырып, оларды аса қысқа мерзімде қарап, талқылауға мәжбүр болған. Жыл сайын қайталанатын мұндай жағдайдың заң сапасына кері әсер етпей қоймайтыны белгілі. Сондықтан, алдағы уақытта Үкімет әзірге бұл сыннан қорытынды шығарып, заң шығару ісін ширату керек.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»