Көгілдір экран алдынан шықпайтын, немесе соңғы жылдары қанат жая бас­таған қазақ кинотуындыларын тамашалайтын қауым арасында тілімізді жетік меңгерген, сүйкімді Мая Веронс­каяны білмейтіндер кем де кем. Кейбір қандас бауырларымыз ана сүтімен дарыған қасиетті тілімізді әлі күнге түрлі сылтаумен үйрене алмай жүргендігін айтып ақталса, Мая оны жетік меңгеріп, өмірде өз кәдесіне жаратып жүрген өзге ұлт қызы. Ол өз болашағын да қазақ тілімен байланыстырады.

 

Мая ВЕРОНСКАЯ, тележүргізуші:

– Өзіңіздің өскен ортаңыз, отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?

– Өмірбаянымда пәлендей құпия жоқ.Алматы қаласында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Төрт ағайындымыз. Ал, мен үйдің кенжесімін. Ата-анамыз бізді жастайымыздан спортқа баулыды. Оқуымызға да үлкен мән берді. Әкем мамандығы бойынша аудармашы, анам – дәрігер. Бірақ, анамыз отбасының берекесін сақтап, балаларға қарап, үйде отырды.

– Қазақ тілін жетік меңгеруіңізге ықпал еткен қандай жағдай, ата-ана тәрбиесі ме әлде өскен ортаңыздың әсері ме?

– Бесінші сыныпқа дейін орыс мектебінде оқыдым. Одан кейін әкем мені қаладағы Шоқан Уәлиханов атындағы №12 қазақ орта мектебіне жетелеп алып барды. Сөйтіп, 5-сыныптан бастап қазақша білім алдым. Әкем болашақты алыстан болжай білетін, өте көреген адам. «Мемлекеттік тіл білгені қызымның болашағына көмектеседі» деген әке ұстанымының дұрыстығын қазір анық біліп отырмын.

– Адамға қанша тілді білсе де артықтық етпейді. Ресейдің Мурманск қаласында өніп, өсіп, Әскери салада қызмет атқарған бір азаматтың Қазақстанға қоныс аударып, айналдыр­ған екі жыл ішінде қазақ тілін жетік меңгеріп алғанынан хабардармыз. Ал, кейбіреулер тіл үйренетін мезгілден өтіп кеттік деп жатады. Сіз қалай ойлайсыз, шын мәнінде тіл үйрену қиын ба?

– Өзгелерге сын айтудан аулақпын. Тіл үйрену үшін ең алдымен ынта мен ұлтқа деген сүйіспеншілік болуы керек. Рас, біреулер кез келген тілді тез арада меңгеріп шығады, ал, біреулер оны қанша оқыса да үйрене алмайды. Меніңше, тілді меңгеруге талпынған адам ең алдымен оның қандай қажеттілігі бар екенін түсіне білуі керек. Мотивация керек. Ниеті болмаса еш нәтиже шықпайды.
Екінші мәселе тілді қаншалықты деңгейде меңгере аласыз? Кейбір адамға қолданыста 500 сөз болса да жеткілікті. Ал, мен қазақ тілін меңгеруге бүкіл уақытымды арнадым деп айта аламын. Мектепті қазақша бітірдім. Университетте «Қазақ филологиясы» факультетінде оқыдым. Одан кейінгі жылдары тек қана қазақ редакцияларында қызмет етіп келемін. Жүргізетін бағдарламаларымның дені қазақша. Былайша айтқанда өмірім қазақ тілімен тікелей сабақтас. Соның өзінде әлі күнге дейін қазақ тілін толық меңгеріп шықтым деп айта алмаймын. Білмейтінім өте көп. Айтарым, тілді меңгеруге болады. Қосымша тіл білу өзімізге пайдалы. Ал, мемлекеттік тілді білу – әрқайсысымыздың міндетіміз.

– Өзге мемлекеттің тілін меңгеру қажеттілік пе, әлде күнкөріс үшін бе? Жеке көзқарасыңыз?

– Әр кезде әрқалай болады. Біреулер басқа мемлекеттерге қоныс аударады. Ондай жағдайда сол елдің тілін білуді қажеттілік деп атағанымыз дұрыс сияқты. Енді біреулердің қызметі халықаралық қарым-қатынастармен тығыз байланысып жатады. Оны күнкөріс қажеттілігінен туындаған мәселе деп қабылдауға болады. Базбіреулер жай ғана өзге тілді ұнатып, сол елдің әдебиетімен, мәдениетімен танысқанды құп көреді. Кейбіреулер француз немесе испан тілдері құлаққа әдемі естіледі деп жатады. Және бос уақыттарын сол тілдерді үйренуге арнайды. Қалай десеңіз де, қосымша тілді меңгеріп шыққан адамның алдынан жаңа мүмкіндіктердің ашылатыны анық! Ол жаңа белестерді бағындыруға көмектесетін бірден бір құрал.

– Билік басындағы орыс тілді азаматтар, оның ішінде, кейбір халық қалаулылары «жастайымыздан орысша оқып, білім алдық, біз қазақ тілін үйрене алмаймыз» деп ақталады. Сіздіңше, бұл заңдылық па жоқ сылтау ма?

– Қуантатыны, қазір, көптеген жерлестеріміз қазақ тілінің өмірлік маңыздылығын түсініп, оны үйренуге бет бұра бастады. Өз тілінде сөйлей алмайтындардың өкініп жүргеніне де куәміз.

– Отбасыңызда өзіңізден басқа қазақ тілінде жетік сөйлейтін кім бар? Кейде өзге ұлттың тілін біліп, әдет-ғұрпын ұстау діни нанымы бөлек адамдардың арасында түрлі қарама-қайшылық туындатады деп жатады, шын мәнінде солай ма?

– Үйдегілердің ішінде қазақ тілін жетік меңгерген мен ғана. Әкем ағылшын, неміс және басқа да батыс тілдерінің маманы. Түркі тілдері туралы арнайы білімі болмаса да, жеке өзінің қызығушылығының арқасында біраз нәрсені біліп алды. Оқу барысында маған да көп көмектесті. Лингвист ретінде тілдің заңдылықтарын жақсы білетін адам ғой.
Өз басым тілді үйренгеннен ешқашан зиян көрген емеспін. Қазақ халқының мәдениетіне, әдет-ғұрыптарына қашан да құрметпен қараймын. Жанымда жүрген қазақтардың тарапынан да еш түсініспеушілік болған емес. Керісінше, ұлтым өзге болғанымен, жан дүниемнің қазақылығына бәрі де риза, ылғи да баталарын беріп жатады.

– Ата Заңымыздың 7-бабында қазақ тілінің мемлекеттік тіл, орыс тілінің ресми тіл екендігі бекітілген. Соған қара­мастан мемлекеттік тілге деген ықылас өзге ұлт өкілдерін айтпағанда, қазақтардың арасында тым төмен. Оның түпкі себебі неде деп ойлайсыз?

– Меніңше, бұл қате пікір, өйткені әлеуметтік желілер арқылы маған күніге оншақты сауал келеді. Барлығы қазақ тілін қалай меңгергенімді сұрайды. Тілді үйрену үшін ең алдымен оны сүю керек. Өз басым жұртшылықтың қазақ тілін үйренуге деген ықыласы төмен деп айта алмас едім, керісінше, өте жоғары. Елімізде осы мақсатқа орай көптеген курстар мен неше түрлі клубтар жұмыс істеуде. Жаңа кітаптар мен оқулықтар жарық көруде. Былайша айтқанда тілді үйренуге мүмкіншілік көп, тек ынта мен ықылас болса жетіп жатыр.

– Әлемде қолданыстан шығып, өліге айналған тілдер аз емес. Болашақта қазақ тілі солардың кебін киеді деп ойламайсыз ба?

– Жоқ, олай деп ойламаймын. Қазақ тілінің болашағы жарқын! Қазақстан тәуел­сіз мемлекет, өзінің халқы, кең байтақ жері бар. Елімізде қазақ тілінің мәртебесі ерекше – ол мемлекеттік тіл. Ал, өліге айналатындар көп жағдайда небәрі 100-200 адам ғана сөйлейтін тілдер.

– Аралас некеге қалай қарайсыз? Көптеген адамдар аралас некені құптамайды, сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Ел арасында «Махаббат ұлтқа қарамайды» деген сөз бар. Бірақ, бұл отбасын құрып жатқан ғашықтардың барлығы әртүрлі ұлттан болу керек деген ұғымды білдірмесе керек. Әркімнің жолы әртүрлі. Егер тілек қосқан екі жастың арасында шынайы сезім болса, олар жолындағы кез келген қиыншылық пен кедергіні жеңеді деп ойлаймын. Аралас некенің өзіне тән ерекшеліктері бар екенін бәріміз де білеміз. Ондай отбасыларда көбінесе түйткіл діни сенімнен шығады. Балалары қандай дінді ұстанады? Меніңше, ондай жағдайда ақылды әйел еріне жол беруге тиіс. Есім беру, қандай салттарды ұстану керек? Осының бәрі жүректерінде бір біріне деген шынайы сезімі бар ерлі-зайып­тылардың ақылдасып отырып шешетін ортақ мәселелері.

– Бала тәрбиесінде ақ сүтін беріп асыраған ананың орны тым бөлек. Қыз шешесіне қарап бой түзесе, ер бала әкесіне қарап өседі. Келешекте ұлыңыз өзге ұлттан келін түсіріп, қызыңыз бас­қа ұлттан жар таңдаса қандай шешім қабылдар едіңіз?

– Мен әлі жаспын, болашақта қандай ене болатынымды өзім де білмеймін. Жаратушы маған ақыл мен шыдамдылық берсе екен деп тілеймін. Балаларымның өміріне араласпағанды дұрыс деп санаймын. Өмірлік шешімдерін өздері қабылдасын. Ақыл сұрап келген жағдайда ғана пікірімді айтармын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Пікірлескен Елеусіз МҰРАТ