Динара ҚҰЙҚАБАЕВА, Алматы облысы Панфилов аудандық сотының судьясы:

– Динара Бекенқызы, сот азаматтардың құқықтарын қорғайтынын жиі айтамыз. Ал, сол сот төрелігін жүзеге асырушы судьяның құқықтары қаншалықты қорғалған?

– Сот жүйесінде ешбір мемлекеттік органда жоқ ерекшеліктер көп кездеседі. Мәселен, Конституциямыздың 77-бабы 1-2-тармақ­тарына сәйкес, судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынатыны, соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейтіні және оның заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғатыны, нақты істер бойынша судьялар есеп бермейтіні атап көрсетілген. Сол себепті, сот төрағасы немесе басқа тұлғалардың қазы шешіміне араласуына, нұсқау беруіне ешбір құқығы жоқ. Сондықтан, сот төрелігін іске асыруда әрбір судья тәуелсіз, тек қолданыстағы заң мен ішкі нанымына, ар-ожданына ғана бағынады.

– Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша сот саласына түбегейлі реформа жүргізіліп келеді. Сіз оның нәтижесін бір ауыз сөзбен қалай бағалар едіңіз?

– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 10 қадамы сот саласын жетілдіруге бағытталған. Олар бойынша заман талабына сай келетін жаңа заң нормаларына сәйкес сот жүйесінің бес сатыдан үш сатыға дейін қысқартылғанын, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігі артқанын, жеке тұлғаның заңды мүддесі, құқығы мен еркіндігін мінсіз қорғауға алғышарттар жасалғанын атап өтер едім.

– Адам тағдырына қа­тыс­ты үкім шығарудың ауыр­лығы неде?

– Әсіресе, кейбір қылмыстық және азамааттық істер бойынша заң мен адамгершілік тұрғыдағы үйлесімділікте үкім мен шешім шығару терең заңгерлік біліктілік пен білімділікті және тараптардың моральдық-психологиялық жай-күйіне психолог маман сияқ­ты үңіле білуді талап етеді. Істі дұрыс сараптау мен әділ қорытынды шығара білу адам тағдырына әсер ететін ерекше жағдайлар бо­лып табылады. Күрмеуі қиын кей­бір қылмыстық істерді қарауға әйел-­судьялардың батылы жетіп, ынта танытпайтыны да сондықтан болар.

– Судьялық қызметіңізде ең тағдырлы, күрмеуі қиын болған бір істі атап бере аласыз ба?

– Дүниежүзілік қауымдас­тық­та үлкен резонанс тудырған қандасымыз, ҚХР азаматшасы Сайрагүл Сауытбайдың ҚР ҚК-нің 392-бабының 1-бөлігімен айып­талған қылмыстық ісі дер едім. Әлемнің және Алаш жұртының назарын аударып, қалың қазақты алаңдатқан істің күрмеуін еліміз ратификациялаған халықаралық шарттар мен тәуелсіз еліміздің заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтай отырып шешу оңай болған жоқ. Халықаралық деңгейде әлем назарын аударған сот процесін ел беделін түсірмей, сыннан абыроймен өткізе білудің өзі маған аса ауыр моральдық-психология­лық жүктеме артқан, жан дүнием­ді ерекше тебіреніске түсірген өмірімдегі ұмытылмас тарихи драмалық оқиға болды.

– Сіздің кітапқа, спортқа және ғылыми ізденістерге жақын екеніңізден де хабардармыз…

– «Қырық шырақты әйел» барлық аналық мейірімін отбасына, жақындарына арнайтыны табиғи заңдылық. Бос уақытымда әлем және қазақ әдебиетінің жау­һарларымен танысқанды ұнатамын. Әсіресе, ата-бабаларымыздың ұлан-байтақ даланы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған қаһармандығы, сан ғасырлар бойы ешбір күштік құрылымы жоқ Ұлы Дала төсінде дана билеріміздің барлық дауды қара қылды қақ жара отырып әділдікпен шешкені, даламызда абақты, балалар үйі болмағанын мақтан етемін. Осы ретте дана билеріміздің әділ билігі туралы кітаптарды сүйіп оқимын. Себебі, судья тек заңнаманы емес, дауды шебер түйіндейтін шешендік өнерді білу керек.
ҚР Судьялар одағының 2016 жылғы 27-мамырда өткен VII спартакиадасының іріктеу ойындарында үстел теннисінен республикада II орын алдым. 2015–2018 жылдары облысымызда судьялар арасында өткен спорт сайыстарында қатарынан үш мәрте марапаттауға ие болдым. Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамы Каспий қоғамдық университетінің жеке құқықтық ҒЗИ өткізген шараларға, Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 20 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға бірнеше мәрте қатысып, заңнаманы халықаралық талаптарға сай жетілдіру мен іс жүзінде қолдануға байланысты өзекті мәселелерді талқылайтын маңызы зор іс-шараларға арнайы шақырумен барып өз тәжірибеммен бөлісіп, әріптестерімнің озық жетістіктерімен таныстым. Заңнама саласын жетілдіруге бағытталған теориялық еңбектерім республикалық «Фемида» және басқа да мерзімдік баспасөз беттерінде үзбей жарияланып тұрады.

– Судьялық қызметке келгенге дейін түрлі салада істеп, заңгерлік мол тәжірибе жинақтадыңыз. Қазіргі қызметіңіз де әр істі таразы­лаудан, әділ шешім шығарудан тұрады. Адам тағдырын шешуде қиналған кездеріңіз болды ма?

– Заңда бәрі басқаша болады. Кейде адамгершілік пен ұлттық имандылық қағидалары тұрғысынан алғанда адамдарды аяймын, қиналамын. Кейбір сенгіш азаматтар алаяқтарға ақшасын ешбір қолхатсыз, куәсіз беріп қояды да, талап қою мерзімін өткізіп алып сотқа жүгінеді. Бұның бәрі азаматтарымыздың құқықтық сауаттылық деңгейінің әлі де төмендігін, өзгеге қазақи адалдығын, сенгіштігін көрсетеді. Сондықтан, медиаторлармен және өзге де құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірге аудан тұрғындарына құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тырысамыз. Алайда, бәрін қамтуға уақыт тапшы екені шындық. Ал, қылмыс жасалған соң қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әділ жаза тағайындау кәсіби міндетіміз болып саналады.

– Судья сот процесінде қандай басты ұстанымдарды басшылыққа алғаны дұ­рыс деп ойлайсыз?

– Тараптардың заңды құқықтары мен мүдделерін тең дәрежеде қамтамасыз ету, құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, барлық мән-жайларды жан-жақты зерттеу мен оларға дұрыс құқықтық баға беру судьяның басты міндеті. Іске қатысты қолдануға жататын заңнама талаптарына сауатты сүйене отырып, бүкіл мән-жайларды зерттеп, құқықтық баға бере отырып әділ шешім шығару кез келген сот процесіндегі басты ұстанымым. Ең бастысы, қазының қателесуге қақысы жоқ.

– Президентіміздің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы ұлттық бірегейлікті сақтап, бәсекеге қабілетті, табысты елдер қатарынан көрінуді ұлттық санадан бөлуге болмайтыны туралы тұжырымы тұрғысында не ой қосасыз?

– Ұлттық құндылықтары­мыз­да уақыт сынынан өткен сан ғасырлық дәстүрлер мен озық әдет-ғұрыптар бар. Ұлтымыздың жаңғыруына қазақ билер институтының ұлттық құндылық ретінде танылуы, сот саласына медиацияның енгізілуі нақты дәлел бола алады. Заң барлық уақытта ұлттық болмысымызбен қабысуы керек. Халқымыздың кемеңгері М.Дулатұлының «Заңның халық дәстүріне қайшы келуі – адамға тар етік кигізгенмен бірдей» деуі тегін емес.

– Мемлекет басшысы тергеу соттарын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Жаңа жүйенің ерекшелігі неде?

– Тергеу соты мамандандырылған сот ретінде қалыптасуына құқықтық негіз қаланды. 2018 жылы қылмыстық, қылмыстық процестік, құқық қорғау және арнайы органдар қызметін жетілдіру мәселелерімен кейбір заңнамалық актілерге жасалған өзгерістер бойынша тергеу сотының істерді қарау тәртібі айқындалды. Олар енді сотқа дейінгі тергеп тексеру органдарының процестік әрекеттеріне санкция беріп, тергеу мен прокуратура қызметіне жасалған шағымдарды қарау құқығына ие болып отыр.
Егер белгілі бір әкімшілік аумақта тергеу соты құрылмаған болса, жасырын тергеу әрекеттерінен басқа, аталған сот бақылауын аудандық және оған теңестірілген соттар жүзеге асыруға құқылы. Азаматтарымыз­дың процессуалдық құжаттарды сандық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат түрінде алуды пайдалану мүмкіндігі туды. Қазіргі күні интернет ресурстарына қолжетімділік әр азаматтың өздігінен соттың сайтына кіріп, жеке мәліметтерін енгізуіне және өзіне қажетті қаулылар мен шешімдердің көшірмелерін алуына жол ашты. Судьяның қолы бар электронды құжаттың заңдылығы күмән тудырмайды, көшірмесін куәлендіруге уақыт жұмсалмайды.

– Тумысынан текті, қаны мен жаны таза, ұлттық коды мықты халқымыздың қайсы қасиетін ерекше құрметтейсіз ?

– Тумысынан текті, ержүрек халқымыздың барлық асыл қасиеті мен үшін ерекше қадірлі. Үлкенді құрметтеу, қонақжайлылық, жақынына жанашырлық таныту, елі мен жері үшін басын құрбан етуге даяр қаһармандығы ата-бабамыздан жеткен елімізді «Мәңгілік елге» айналдырар баға жетпес рухани асыл құндылықтарымыз десек болады.

– Соттың мінсіз қызмет атқаруы басты қағида деген ұғымға жеке көзқарасыңыз қандай?

– Сот жүйесін дамытуда, аза­­маттарымыздың сотқа деген сенімі мен құрметін қалыптастыруда судьяларға қойылар талаптар күшеюде. Салиқалы, білікті судья өзінің адал қызметімен, кәсіби жоғары біліктілігімен жалпы сот жүйесінің, мемлекеттің беделін өсіреді. Мемлекет атынан әділқазылық ететін сот беделі мемлекетіміздің беделі екенін әрбір судья бір сәтке де ойынан шығармауы тиіс.

– Судьяның қоғамдағы басты міндеті не деп ойлайсыз?

– Әрбір судьяның қасиетті де абыройлы міндеті қара қылды қақ жаратын әділқазылық қағидаларын қатаң сақтай отырып, әділ шешім қабылдау. Сот судьялары өз ісімен қоғамымыздың құқықтық негізін нығайтуға, азаматтарымыз бен ұйымдардың конституциялық құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің мүлтіксіз қорғалуы мен сақталуын қамтамасыз етуге, қоғамымызда заңдылықтың салтанат құруына әрқашан адал қызмет етуі керек деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,
Қазақстанның Заңгерлер және
Журналистер одағының
мүшесі
Алматы облысы