Дулат ҚҰСДӘУЛЕТОВ, Парламент Сенатының депутаты:

– Дулат Рашитұлы, «заң адамдардың тәжірибесін қоғам игілігіне пайдаланатын адамзат даналығының ең жоғарғы нәтижесі болуға тиіс» деген тәмсіл бар. Біздің заңдарымыздың сапасына қатысты мұндай пікір айту қиын секілді. Заңдық құжаттарымыз­дың жиі өзгеріске түсуіне не себеп?

– Бұған келісуге де, келіспеуге де болады. Алдымен неге келіспейтінімді айтайын. Бүгінгі уақыт ағымының өзі көптеген талаптарды жаңартуды қажет етеді. Жалпы, сыртқы конъюнктураның тұрақсыз жағдайында заңдарға жиі түзетулер енгізу немесе жаңа жобаларын әзірлеу қалыпты процесс. Конституцияның 61-бабына сәйкес, заңдарға заман сұранысына сай емес тетіктерді жойып, жаңа қоғамдық қатынастар тудырған мәселелерді реттеу үшін өзгерістер енгізіледі. Жалпы, заң – әрекеттің кеңістігі, уақыты, деңгейі деген үш мәселені қамтуы керек. Егер осы талаптарға жауап бере алмаса заңдар өзгеріп, толықтырылуы тиіс. Бүгінгі жаһандану, ақпараттық технология көптеген мәселелердің өзектілігін жойып, жаңа сұраныстар мен ұсыныстарды тудырып отыр. Оларды қанағаттандыру үшін жаңа заңдық тетіктердің қажеттігі даусыз. Мәселе олардың қандай тәжірибеге негізделіп жасалуында. Осы тұрғыда сізбен келісетін тұстарым бар.
Шыны керек, бүгінде заңдардың сапасына қатысты әттеген-айлар аз емес. Парламент жылына жетпіске жуық заң қабылдайды. Биылғы басталған сессияда қырықтан астам заңды қабылдап, Мемлекет басшысының қол қоюына жібердік. Үкіметтің 2018 жылға арналған жоспары бойынша қарағандарымыздың көбі қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары. Сенаттың Конституциялық заңдылық, сот жүйесі және құқық қорғау комитеті тарапынан осы құжаттардың Ата Заңға сай болуы қадағаланып, олардың мазмұнына, сапасына қатысты әрдайым тұжырымдар жасалып отырады.
Расында, кейбір заңдардың сапасы сын көтермейді. Олардың басты кемшілігі негізінен дайындаған ведомстволардың мүддесін көздейтіндігінде. Мұндай заңдардың халық үшін тиімділігі бола бермейді. Себебі, олардағы тетіктер ведомстволардың жұмысын жеңілдетуге бағытталады.

– Кейбір заңнамалар құ­қықтық негіздің емес, орын алған келеңсіз жағдайдың салдары секілді әсер қалдырады…

– Иә, бұл шындық. Өкінішке қарай, біздің заңнамалар талапқа сәйкес келе бермейді. Көбінің ғұмыры қысқа. Жай заң былай тұрсын, салмақты, маңыздылығы жоғары кодекс­тердің өзі жиі өзгерістерге ұшырайды.
Мәселен, Әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы кодекстен қылмыстық қылықтар туралы баптар алынып Қылмыстық кодекске енгізілген болатын. Осы заңнамаға сәйкес әрбір арыз бойынша қылмыстық іс қозғалу керек. Сотқа дейін олар жан-жақты тергелуі тиіс. Ал, олардың бәрін тергеп, тексеретін сонша тергеуші бар ма? Өкінішке қарай, жоқ. Сот тек қылмыстық істі баста деп рұқсат етеді. Кей жағдайларда дүние-мүлкін тұтқындауға санкция береді. Бұрын бұл функцияны прокуратура атқаратын. Қазір заң бойынша оның мұндай құқықтары жоқ. Сондықтан, бүгінде процессуалдық сот керектігі жайлы айтылып жатыр. Себебі, прокуратураның көп міндетін алғаннан кейін сот жүктемесі бұрынғыдан да көбейіп кетті. Осыған байланысты қазір қылмыстық қылықтар Әкімшілік құқықбұзушылық кодекске қайтарылып жатыр. Міне, бұл нақты жағдайды жан-жақты зерттеп, зерделемеудің салдары.
Сондықтан, кейбір заңнамалар жіберген қателіктерді жөндеу үшін өзгеріске ұшырап жатыр. Парламент қабылдаған заңнамалық актілерге күшіне енген кезден бастап бір жыл ішінде басқа заңдар негізінде жүзге жуық өзгертулер енгізілетін жағдайлар да кездеседі.
Жалпы, заңнамалық өзгерістердің теріс салдары, әдеттегідей, екі жағдайда туындайды. Біріншіден, әзірлеуші салдарды дұрыс болжамағанда, екіншіден енгізілген өзгертулер дұрыс, бірақ, түсіндіру жұмысының әлсіздігіне байланысты қоғам оған дайын болмағанда орын алады.

– Заңдық талаптардың арасында сәйкестік жоқтығы да көзге ұрып тұрады. Неліктен?

– Бұл жө­нінде де аз айтылып жүр­ген жоқ. Мұндай жағдайдың орын алуына белгілі деңгейде заң шығару жүйесінің негізіне қатысты тең­герімді ұстаным­ның болмауы ық­пал етіп отырғанын айтуға тиіспіз. Шыны керек, кейбір мәселелерді шешуде қа­таңдату ұстанымдары негізге алынса, кейбір салаларда босаңдық пен еркіндікке басымдық берілуде. Мұның салдары тұтастай ұлттық заңдардың өзара ішкі қисыннан ажырап, олардың құқықтық бағдары заңға бағыну, заңды құрметтеу, құқық бұзушылықтарды азайту сияқты басты мүдделерден алшақтауына әкеліп соқтырады. Мәселен, жыныстық қол сұқпаушылыққа қарсы, есірткі құралдарының айналымы мен мал ұрлығы және адам өліміне әкеліп соғатын жол қозғалысы ережелерін сақтамау саласындағы құқық бұзушылықтар көбейіп кетті. Осындай қылмыстар қоғам тарапынан пікірлер қайшылығын тудыруда.
Сондықтан да, жеңіл жаза қолдану немесе өзара мәмілемен шешу нәтижесінде олардың қылмыстық жауапкершіліктен босауына жұртшылықтың наразылық танытуы өте орынды. Біз мұны әрдайым Үкіметке айтып, назарына салып отырмыз.

– Кейбір заңдар қысқа мерзімде қаралады. Бұл да олардың сапасына кері әсер ететін бір фактор емес пе?!

– Иә, бұл да шындық. Мұның объективті және субъективті себептері бар. Біздің заңдарымыз көбіне экономика мен қоғам өміріндегі шұғыл проблемаларды шешуге бағытталады. Кей жағдайда осындай қажеттілік заңдардың мазмұнында ағымдағы жағдайға деген тұжырымдамалық көзқарас пен мемлекеттің дамуына оң ықпал ететін үрдістердің тапшы болуына әсер етеді. Мұның сыртында заң шығару процесінің жеткілікті түрде ұйымдастырылмауы мен жоспарланбауының салдары заң жобаларының ретсіз, әдетте, күнтізбелік жылдың соңғы айларында немесе сессия аяқталатын кезде ұсынылуына алып келеді. Мұндай тәжірибе, сөзсіз, заң жобаларымен жүргізілетін жұмыстың сапасына кері әсер етеді.
Сонымен қатар, кейбір жағдайларда заң жобасы реттеуге тиіс негізгі мәселелердің тұжырымдамаларда қамтылмауының да кері ықпалы бар. Бұл енді әзірлеушілердің тарапынан заң жобаларының мазмұнына байланысты, Парламент қабылдаған жағдайда оларды іске асыру тәсілдеріне қатысты айқын көзқарастың жоқ екендігін көрсетеді.

– Халықаралық келісімдерге қатысты не айтасыз? Бұл құжаттарда біздің ұлттық мүдделеріміздің қорғалуына қатысты күмән көп. Басқаны айтпағанда, Байқоңыр ғарыш айлағына қатысты тиімді келісімдерге қол жеткізе алмай отырғанымыз ешкімге құпия емес…

– Халықаралық ұйымдармен іс-қимыл жа­саудың маңызы зор екені күмәнсіз. Бірақ, олардың талаптары мен сұраныстары, ең алдымен, ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге және Қазақстан азаматтарының мұң-мұқтаждары мен қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған заң шығару жұмысына тосқауыл болмауы тиіс.
Осы процесті анағұрлым кешенді, үйлесімді және оны халықаралық қоғам­дас­тықпен қатар өз азаматтарымызға ұғынықты ету үшін оның кезеңдері мен шарттарын құқықтық реттеу мәселесін қарауымыз қажет. Иә, Байқоңыр ғарыш айлағында біздің заңнамаларымыздың талаптары жүрмейді. Соның салдарынан оның экологияға тигізіп отырған кері әсері көп болып отыр. Бұл енді алғаш тәуелсіздігімізді алған кезде жасалған мәміле болатын. Меніңше, осы құжатты қайта қарап, ондағы елдік мүдделерге қатысты талаптарды қатаңдататын кез келді. Бұл мәселе де депутаттар тарапынан жиі көтеріледі.

– Бір заңмен екінші заңды айналып өтетін мүмкіндік бүгінгі күннің ащы шындығына айналғандай…Келісесіз бе?

– Заңның талаптары көп жағдайда оларды сақ­тамаудан да бұзылып жа­тады. Мысалы, жолда жүру ережесін алайық. Күніне қаншама осындай құқықбұ­зу­шылықтар болады. Бұл заңның терістігінен емес, оның талабын сақтамаудың салдары. Өкінішке қарай, бұзылған тәртіпке тиісті шара қолданбайынша кейбір азаматтардың санасына жетпейді. Заңды бұзсаң жауапкершілікке тартылатыныңды, жазаның қолданылмай қалмайтындығын азаматтар білуі керек. Сонда ғана заң орындалатын болады.
Заңның орындалысына кері әсер ететін фактордың бірі заңдар талаптарының ескіретіндігі. «Құқықтық актілер туралы» заң бойынша, олар сарапталып, қолданыстан алып тасталуы керек. Мысалы, үш жүз заңның ішінде алпыс заң ауылшаруашылығын реттейді. Соған талдау жасасақ, оның 25-і қолданыс­та, 5-і ескірген болса, 15-нің бірқатар баптары қолданылмай жүргенін анық­тау­ға болады. Заңдарға өзгерістер осы фак­торларды сараптап, зерделеп барып енгізілуі тиіс. Бұл шара дер кезінде мүлтіксіз істелетін болса, заңдардың сапасы жақсарып, бір-бірін айналып өтетін заңдар болмас еді. Мұны Үкімет қадағалауы керек.
Қазір әрбір министрліктің қасында ғылыми институттар бар. Оларға бөлінген қаржы да аз емес. Бірақ, осы құрылымдар сол жұмысқа тартыла ма, тартылмай ма, бізге белгісіз.
Одан соң біздегі ақсап жатқан жұмыстың бірі – жаңадан қабылданатын заңдар бойынша құқықтық түсіндіру шарасы. Бұл жұмыс түбегейлі жаңа көзқарастар мен тәсілдерді талап етеді. Мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша цифрлық технологиялар мен қалың жұртшылық арасында кеңінен таралған әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, неғұрлым белсенді және жаңа көзқарастарды ұстануы қажет. БАҚ кеңістігінде ақпараттарға үздіксіз материалдар беріп, өзекті мәселелер бойынша бейнероликтер көрсету, баспасөз-конференцияларын, диспуттар мен пікірталастар өткізу заң шығармашылығы процесінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Уәкілетті органдар кез келген жаңалықты енгізбес бұрын жергілікті халықпен, бизнес-қауымдастықпен және мемлекеттік органдармен жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет.
Негізгі құқық салаларын дамытудың орнықты тәсілдерін әзірлеумен айналысатын салааралық ғылыми институттардың жоқтығы шешімін таппаған мәселелердің қатарында. Мұндай институттар депутаттарға консультациялық, әдістемелік, ақпараттық және құқықтық көмек көрсетер еді. Әзірге біз Әділет министрлігі жанындағы Заңнама институтының көмегіне жүгінеміз.

– Осы түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі де заңдардың орындалуына кері әсерін тигізіп жатқандай ма, қалай?

– Иә, бұл да шындық. Жалпы, бізде заңдардың орындалу деңгейі төмен. Бұған мысал өте көп. Соның бірі Мәжіліс депутаттарының бастамасымен дайындалған «Жайылымдық туралы» заң. Бұл құжатта ауылшаруашылығында қалыптасып отырған жайылымдардың тапшылығын жоюдың тиімді тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, онда жер иелерінің меншік құқын бұзбай, жайылымды өзгелердің пайдалануына мүмкіншілік берілген еді. Өкінішке қарай, сол тетік іске қосылмай отыр.
Сол секілді монополияға қарсы шаралар туралы Елбасы көтерген мәселе де тиісті заңнамада реттелген. Қолданыстағы тиісті заң бойынша тарифтерді реттеп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасаудың барлық тетіктері қарастырылған. Алайда, солар тиімді пайдаланылмай отыр. Бұл Үкімет орындарындағы мамандардың біліксіздігінің салдары. Олардың мәселенің байыбына барып, ілкімді жұмыс істей алмауы халықтың наразылығын тудырып, оған ақыры Елбасының өзі араласуына алып келді.
Жуырда тағы монополияға қарсы заңнамаға өзгерістерді қарадық. Егер мамандар талапқа сай жұмыс істей алмаса, заң мың жерден мықты болса да ештеңе өзгермейді. Қазір көптеген мәселелер біздегі құзырлы орындар жұмысының шалағайлығынан туындап отыр.

– Расында, құзырлы орындардың кейбір мәселелерге қатысты ұстанымы еріксіз қынжылтады. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан айтылып жатқан 16 жастағы қыз балаларға ата-аналарының рұқсатынсыз түсік жасату туралы ұсынысын түсіну қиын. Бұл да бүгінде жұртшылықтың наразылығына себеп болуда.

– Өз басым мұндай шешімге мүлде қарсымын. Бұл деген бүтін бір ұлттың өмірін қатерге тігу. Қазір қарап отырсақ, қоршаған ортаның ластануы, азық-түлік сапасының төмендеуі, өзге де әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға байланысты әйелдердің құрсақ көтеруі, дүниеге дені сау сәби әкелуі өзекті мәселеге айналып отыр. Егер аталмыш мәселе заңдық негізін табатын болса, бұл келеңсіздік тіпті етек алмай ма?! Мұндай өте қауіпті шараға жол бермеуіміз керек.
Мәселені тәрбиемен шешіуіміз қажет. Қазақты көптеген апаттардан ұлттық құндылықтары сақтап қалған. Ұрпақ, қыз бала тәрбиесінің діңгегі, тіні болған сол дәстүрлерді, салттарды жаңғыртып, қолданысқа енгізуіміз керек. Бұл ретте бізге көмекші болатын құралдар аз емес. Соның бірі – кино. Кино өнері идеологияның, тәрбиенің басты қаруларының бірі. Өкінішке қарай, бүгінде бізде ол өз рөлін толыққанды атқара алмай отыр.

– Айтпақшы, өткенде кино өнеріне қатысты заң жобасы қаралған кезде осы құжатқа қатысты біраз сын айттыңыз… Бұл құжат шынында да, сіз айтқандай, киноның мәселесін шеше алмай ма?

– Кино туралы заңның қажеттігін Мемлекет басшысы айтып, оны дайындауға өзі тапсырма берген. Расында да, бұл керек заң.
Алайда, оны дайындауға да құзырлы орын атүсті қараған. «Кинематограф» – киноөнері және киноиндустрия деген екі бөлімнен тұрады. Заң жобасында олар толыққанды ашылып, функциялары нақты айқындалмады. Ондағы баптардың дені декларативтік сипатта. Көбісі қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңнан ауыстырылған. Төрт қана жаңа бап бар. Олар Конституцияның 61-бабында көзделген тиісті қоғамдық қатынастарды реттемейді.
Мұның сыртында ұлттық фильмдерді құрудың басым бағыттарын, мемлекеттік ең төмен стандарттарды, ақпараттық-жарнамалық жұмыстарды дамытуды, фильмдердегі тарихи фактілерді, кейіпкерлердің сыртқы бейнесінің сәйкестігін тексеру сынды кино өндірісі үшін маңызды мәселелер назардан тыс қалған. Осы кемшіліктерді айтып, заңның қабылдануына қарсы дауыс бердім. Алайда, ол көпшілік дауыспен қабылданып, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді. Амал не, Үкіметтің жұмыс деңгейі осындай. Онда отырғандардың арасында өз жұмысының жауапкершілігін сезіну жағы кемшін. Бұл жөнінде айтылудан кем емес. Өткенде Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында атқарушы билікті біраз сынады. Өз қателіктерінен үйреніп, бір қорытынды шығаратын сәт туғалы қашан.
Негізі әркім қолынан келетін іспен айналысуы керек. Құзырлы орындарға шын мәніндегі іскер, білікті мамандар, талантты ұйымдастырушылар, әділ де озық ойлы басшылар керек. Сонда ғана реформалар алға жылжып, өз нәтижесін береді.

– Еліміздің тәуелсіз мемлекет болғанына жиырма жеті жыл өткеніне қарамастан ұлттық заңнамалар әлі де орысша дайындалып, қазақшаға аударылады. Бұл да мамандардың біліктілігіне қатысты мәселе.

– Бұл мамандардың тапшылығынан туындап отырған жағдай. Кезінде Әділет министрлігінде жүрген кезімізде депутаттар тарапынан көп сын айтылғаннан кейін осы құзырлы орынның жанынан Лингвистикалық орталық ашқан едік. Сол кезде шағын екі заң қазақша жазылды. Мұнда негізгі мәселе заң терминдерінің бірізді қолданылмауында. Оны жолға қою үшін сөздік те жасадық. Алайда, мамандардың жоқтығынан бұл іс алға жылжымады. Заңды қазақша жазып, дайындау алдымен мамандардың кәсіби түрде мамандануын қажет етеді деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»