Міне, адамзат тарихының тағы бір парағы толып, жаңасы ашылатын шақ жақындап қалды. Жыл сайын «өткен жылға өкпе жоқ» деп шығарып салатын бұл күнді «есеп беру» мейрамы десек те болады. Осы орайда, біз де дәстүрге сай ескі жылдың есебін шығарып, ел экономикасында орын алған елеулі оқиғалардың бір парасын шолып шығуды жөн көріп отырмыз.

Алдымен, ел әлеуетінің экономикалық көрсеткіштеріне тоқталсақ. Жыл соңында инфляция деңгейі 4,9 пайыз болған Қазақстанның ресми есебі бойынша халықтың ең төменгі деңгейінен де төмен, яғни, кедейлік биыл 4,6 пайызды құрап, өткен жылға қарағанда кедейлердің саны 2,7 пайызға азайған. Ал, инфляция деңгейімен шамалас болған биылғы жұмыссыздар саны да алдыңғы жылдарға қарағанда кеміген көрінеді. Ресми ақпаратқа сенсек, ит жылы қазақстандықтардың орташа жалақысы 166 мың теңгеден асып жығылыпты. Бұл қарапайым қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайынан хабар беретін негізгі көрсеткіштер.

Ал, жалпы ел экономикасын сала-салаға жіктеп көрсек, өнеркәсіп 104,5, орман және балық шаруашы­лығы 102,9, құрылыс саласы 103,9, сауда 107,6, байланыс 103,0, көлік саласы 104, 6 пайызға қарқын алған. Осылайша, жеті қазынаның бірі ит жылы қазақстандықтарды несібесіз қалдырмапты.
Дейтұрғанмен, биылғы жыл сіз бен біздің есімізде теңгеміздің құнсызданып, АҚШ көк қағазының бағы жанғандығымен қалғандығы рас. Жыл басында бір 323 теңгеден басталған бір доллар бағамы, күзге салым 400 теңгеге дейін жетіп жығыланын қалай ұмытармыз. Билік те бюджет жоспарын қайта-қайта өзгертіп, қатты састы. Әлемдік мұнай бағасы да биыл жиі құбылды. Мұнай саясатын бақылайтын халықаралық ұйым «ОПЕК» те осы жолы өз шешімдерін өзгертумен болды. Экономикасы дамыған алпауыт елдер де биыл бірін-бірі ала алмай нағыз итжығыс күрестің үлгісін көрсетті.
Әрине, мұның бәрі шетелдік инвес­тицияға тәуелді Қазақстан экономикасына әсер етпей қоймады. Азық-түлік, басқа да халық жиі тұтынатын тауарлардың бағасы өсіп, қызмет көрсету түрлері де қымбаттап кетті.

Заңдар жаңарды, ал, экономика жанданды ма?!

Биылғы Қазақстан экономикасындағы ең маңызды жаңалықтар осы саламен байланысты заңдардың жаңаруына сай орын алды. Оның көшбасында 2019–2021 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы заң тұр. Бұл заң Парламент талқысында ұзақ қаралды. Нәтижесінде, халық қалаулылары аталған заңға барлығы 89 өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, олардың басым көпшілігі бюджеттің кірісі мен шығысына қатысты жасалды. Атап айтқанда, заңның 2019 жылға арналған шығысында қосымша 123,8 млрд теңге қарастырылып, оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сай еліміздің сот жүйесін модернизациялау мен ішкі істер органдары үшін 2019 жылға қосымша 34,7 млрд теңге жұмсау туралы өзгерістер бар.
Сондай-ақ, аталған заңға енгізілген өзгерістерге орай, Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарын газбен қамтамасыз етуге, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Түркістан облыстарының ауылдық елді-мекендеріне су тартуға жұмсалуы тиіс қаржы мәселелері де шешімін тапқан.
Елімізде валюталарды қадағалау және реттеу мәселесінде де біраз түйін бар-тұғын. Осы орайда, ҚР «Валюталарды қадағау және валюталарды бақылау туралы» заңы қабылданды. Жаңа заң нормасы валюталық операцияларға қатысты ақпараттарды жинақтаудың жүйелі тетігін іске асыру, валюталарды қамту аясын кеңейту сынды шараларды жүзеге асыруға бағытталған. Бұл заңдағы басты өзгеріс­тердің бірі банктік емес айыр­бастау пункттеріне Ұлттық банк шығарған алтын минислиттерін сату және сатып алу құқығының берілуі.
Сондай-ақ, «валюталық операция» ұғымының аясы кеңейіп, енді валюталық құндылықтарды сенімді басқаруға беруге немесе келісімшарт негізінде брокерлік қызмет көрсетуге, электрондық ақша резидентін иеленуге және жабуға болады. Тағы бір айта кетерлік жәйт, ҚР «Банк және банктік қызмет туралы» заңына талап­қа сай қызмет көрсетпеген банктік емес айырбастау пункттерін лицензиясынан айыру тетіктері енгізілген болатын.

Әлеуметтің әлсіз тобынан гөрі банктерге көмек көп көрсетілді

2018 жылы еліміздің банк секторларында айтарлықтай жаңалықтар көп болды. Әсіресе, «Халық банкі» мен «Казкомның» бірігуі халықты біраз әбігерге салды. Алайда, қос қаржы ұйымының күш біріктіруі көп ұзамай оң нәтиже беріп, бүгінде «Халық банк» деген атаумен қалған банк қазақстандық банктердің рейтингінде көш бастап тұр. Банк нарығындағы соңғы салыстырулар бойынша елімізде жұмыс істеп тұрған барлығы 32 екінші деңгейлі банктердің арасында «Халық банк» бірінші орында. Екінші орынды клиенттерінің зор ықыласына бөленген «Каспи банк» иеленсе, үштіктің тізіміне халықты қолжетімді баспанамен қамтып, танымал болған «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкі ілініпті. Банктердің алғашқы бес­тігінен «Цеснабанк» пен «Сбербанкті» де таба аласыз.
Жалпы, биылғы жыл банк саласы үшін сәтті болды. Әсіресе, екінші деңгейлі банктер мемлекеттік деңгейде көрсетілген қолдаулардың арқасында бірнеше жылға созылған қаржы дағдарысын «ойнап жүріп» еңсерді деуге болады. Тіпті, ел аузынан «қазақстандық банктер биліктің бір тармағына айналды» дегенді жиі еститін болдық. Бір сөзбен айтқанда, халықтың әлжуаз тобына қарағанда, мемлекет қамқорлығын көбірек көрген екінші деңгейлі банктер жылдан-жылға әлденіп келеді.

Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ,
«Заң газеті»