Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында кәсіби жоғары мемлекеттік қызмет пен басқарудың тиімді құрылымын құру көзделген. Ал, бұл міндетті іске асыру мемлекеттік қызметшінің білім-білігіне тікелей тәуелді. Осы себепті, оларға қойылар талаптар Мемлекеттік қызмет туралы заңмен және Әдеп кодексімен нақтыланды. Атап айтсақ, мемлекеттік қызметке барғысы келетіндердің бойынан моральдық жоғары жауапкершілік, кәсіптік білім, оны тәжірибеде қолдана білу, адалдық және мінсіз қасиеттер табылуы тиіс. Сонда ғана мемлекеттік қыз­меткердің жағымды имиджі қалыптаспақ.

Бұл тақырыпты қозғап отырғанымыз, қазір жұрт мемлекеттік қызметті майшелпек ретінде қабылдайды. Осы түсінікті жою үшін Елбасы тапсырмасымен Үкімет түрлі шаралар қабылдап келеді. Тек, одан жағдай түбегейлі түзеле қойған жоқ. Мысалы, біздің министрлер мен мемқызметкерлер жылына жүз тәулік жиналыста отыратынын сынаған Мемлекет басшысы: «Жарлыққа қол қойдым. Үкіметке сейсенбі күні барыңдар, болды. Одан кейін бармаңдар» деп, заңға сай олардың жеті сағат жұмыс істеуін, түнгі он екіге дейін кеңседе отырудың қажеті жоқтығын қадап айтты. Осыдан соң Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызметте жүргендердің жұмыс уақыты бітісімен қайтуларын қадағалап, компьютерлерді кешкі алты жарымнан кейін өшіріп тастауды қолға алды. Яғни, бірыңғай электронды құжат айналым жүйесін автоматты түрде сөндіреді

Бірақ, бұл тәртіпке кей мекемелердің немқұрайдылық танытып жатқанына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі биылғы жыл басынан бері мемлекеттік қыз­метшілер жұмыс уақытының 306 бұзылу фактісін анықтауы дәлел. Бұған қоса 26 мемлекеттік органның күндік еңбек тәртібі ережелерін бекітпегені белгілі болған. Мұның соңы әртүрлі лауазымдағы 335 шенеу­ніктің жауапқа тартылуына әкеп соққан. Сонымен, мемлекеттік қызметшілердің жұ­мыс уақыты аяқталса да, кеңседен кетпеуі мем­лекеттік органдар менедж­ментіндегі өзекті мәселеге айналуда. Оның себебі неде, лауазымды тұлғалар заң талабын орындауға неге құлықсыз? Бұл сауалдардың жауабын Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб басқару комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов қызметтегі қағазбастылықтың басымдылығымен, шенеуніктердің жұмыстан соң жиналыс өткізуге құмарлығымен байланыстырып: «Мемлекеттік қызметші ұжымға басшылық жасамас бұрын, бағына білуді үйренуі, өз қызметкерлерінен талап етіп отырғанын өзі орындай білуі керек» дейді.

Бұл сөздің жаны бар. Олай дейтініміз, қарапайым қызметкерлер негізінен басшыларға жалтақтайды. Олар үшін жұмыс уақытынан тыс жиынға қатыса алмайтындарын айту мүмкін емес жағдай. Өйткені, бағынышты қызметкер жұмыс уақытына бағынамын деп жүріп жеп отырған нанынан айырылып қалғысы келмейді. Заңның сақталуы мемлекеттік қызметшілерге емес, негізінен, мекеме басшыларына байланысты екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Шенеуніктер­дің заңға шекесінен қарайтынын шамадан тыс жұмысқа тартылған қызметкерлерге демалыс не үстемеақы берілмеуі де растайды.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Алайда, мемлекеттік қызметте еңбек ететін діни ұстанымдағы азаматтардың да өзіндік мәселелері бар. Мысалы, қоғамымызда жұмыс уақытында жұма намазына баруға мүмкіндік тудырылса деген сарындағы пікірлер де өрбуде. Дейтұрғанмен, сарапшылар Ата Заң нормалары мен жұмыс тәртібін сақтау баршаға ортақ міндет екенін алға тартуда.

Қандай да бір мереке қарсаңында мемлекеттік қызметкерге сый жасауға да қатаң тыйым салынды. Тіпті, 1000 теңгенің тәттісін берем деп алты есе айыппұл арқалағандар да бар. Осы себепті, ел азаматтарына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қыз­меткерлерге сыйлық ұсынбау жөнінде арнайы хабарлама таратып, берілген сыйлық құны 2 АЕК-тен, яғни, 4810 теңгеден асқан жағдайда сый жасаушының қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертіп жатыр. Себебі, қызметкер өз міндетін орындағаны үшін мемлекеттен жалақы алады. Заңға сүйенсек, мемлекеттiк қызметтегілерге сый ұсынушыларға 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Ал, 200 АЕК 481 мың теңгені құрайды.

Ресми деректер Қазақстанда 180 адамға бір мемлекеттік қызметкерден келетінін, яғни, жұмыскер халықтың 20 пайыздан астамы осы санаттағылар екенін, олардың 92 пайызының жоғары білімі барын көрсетеді. Мұны шет жұрттармен салыстырсақ, миллиард халқы бар Қытайда 9, ал, жапондарда жұмыс істейтін азаматтардың 8 пайызы ғана мемқызметте екен. Осы елдердің халқы бізден бірнеше есе көп, есесіне мемлекеттік қызметтегілері екі есе аз. Сөйте тұра, мемлекеттік қызметшілеріміз күндіз-түні жұмыс істеуге мәжбүр. Оларды құзырлы органдар уақытында қайтара алмай әлек.

«Басшысына қарай – қосшысы» демекші, бұл үлкенді-кішілі лауазым иелерінің қызметті тиімді ұйымдастыра алмауының кесірі емес пе? Бізде бір басшының бірнеше орынбасары, одан қалса, кеңесшісі, көмекшісі бар. Мұндайда шенеуніктер қызметкерлерімен, халықпен қоян-қолтық араласып, мәселені өздіктерінен шеше алмайды-ау деген де күмәнді ой туады. Кез келген мемқызметте сырттағы халықты қойып, сол жерде еңбек ететіндердің өзі бірінші басшыға жете алмайды. Мемлекеттік қызмет сапасын жақсартуды басшы атаулыға қолжетімсіздікті жойып, қарапайым жұртшылыққа жақындатудан бастаған жөн секілді. Әйтпесе, қызметтік міндеттерін орынбасарлары мен көмекшілеріне жүктеп, кабинеттеріне жасырын кіріп, жасырын шығатын, тек жиналыс­тарда ғана жылт ететіндермен жағдай түзелмейді.

Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ,
«Заң газеті»